Осы мақсатты негізге ала отырып, Алматыда Дүниежүзілік туристік ұйым мен «Visit Almaty» туристік ақпараттық орталығы арасындағы жартыжылдық келісімшарт аясында Алматы кластерлеріндегі Ұлы Жібек жолы турисінің бейнесін зерттеу бағдарламасының басталуына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара барысында Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай мен Дүниежүзілік туристік ұйымның Жібек жолы бағдарламасының сарапшысы Николаус Голфинопулос журналистерге жобаның мақсаты мен міндеттері жайлы кең көлемде баяндап берді.
– Аталған зерттеу Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша ДТҰ-мен бірге жүргізілуде және аймақтағы туризмнің дамуында, Қазақстандағы туризм индустриясының үлкен мүмкіндіктерін ашуда өте зор маңызы бар. Зерттеу нәтижелерінде Алматы қаласына келген туристің қалыпты бейнесін, қаламыздың туристік ерекшеліктерін, үлкен туристік ағымды қабылдай алатын мүмкіндігін, шетелдік қонақтар тарапынан қанағаттану деңгейін, сонымен қатар Алматы қаласын Ұлы Жібек жолының танымал бренді ретінде қалай пайдаланатынын білетін боламыз. Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет жүргізіліп отыр, сондықтан біз Дүниежүзілік туристік ұйымға алғыс білдіреміз. Жоба ойдағыдай іске асса Алматы туристердің қаласына айналмақ, – дейді Visit Almaty туристік ақпараттық орталығының басшысы Әсел Нұркебаева.
Жобаның негізгі мақсаты – мегаполистің туристік әлеуетін арттырып, туризмнің кеңге қанат жаюына жағдай жасау. Ол үшін шет мемлекеттен келген саяхатшыларға туризмнің барлық талаптарына сай сапалы қызмет көрсету қажет. Серіктестік аясында Дүниежүзілік туристік ұйым Алматыға келетін туристің бейнесін толықтай зерттеп, қаладағы туризмнің дамуына және сараптама жүйесіне негіз қалап береді. Сонымен бірге аталған ұйым жаңа жұмыс орындарының пайда болу мүмкіндіктерін, Алматы қаласының туризм саласындағы табысының өсуін бағалайтын болады.
Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, Visit Almaty және Дүниежүзілік туристік ұйымның біріккен зерттеу жұмыстары қала әкімдігіне Алматы қаласы және облысының туризмін дамыту және қазақстандық туристік нарықтың халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін алға жылжытып, Алматы қаласының демалыс пен туризмге қолайлы қала ретіндегі жақсы имиджін қалыптастыруға, маркетингтік стратегияларды жоспарлап, іске асыруға мүмкіндік береді.
Басқосу барысында түйгеніміз, Алматының әсем көркін тамашалауға келгісі келетін туристер саны өте көп. Тек оларға қызмет көрсету сапасын заманауи стандарттар деңгейіне көтеріп, ақпараттық насихат жұмыстарын бір жүйеге келтіру қажет. Мамандар Алматының көпке танымал Медеу, Шымбұлақ сияқты көрікті жерлерімен шектеліп қалмай, алдағы уақытта еліміздің бай дәстүрі мен тағылымды тарихынан сыр шертетін туристерге арналған жаңа демалыс нысандарының бой көтеретінін айтты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ