08 Қараша, 2011

Отыз жыл қаңырап тұрған ғимарат еді...

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БІР ЖЫЛДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ Жақында Тараз қаласының көр­кіне көрік қосатын әсем ғи­мараттың ашылу салтанатына қа­тыстық. Қазіргі заман талабына сай сәулеттік салтанатпен бой көтерген ғимаратқа облыстық білім, мәдениет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары мен ардагерлер кеңесі бастаған 12 мекеме орналасатын болады. Құры­лы­сы осыдан 30 жыл бұрын қо­нақ үй кешені ретінде басталып, 1989 жылы әртүрі себептермен мүлде тоқтап қалған нысанның ендігі уақытта әкімшілік үйі ретінде пайдалануға берілуіне об­лыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тап­сырмасы ұйытқы болды. Яғни, тараздықтардың көз қуа­ны­шына айналған нысан жұмы­сының ой­дағыдай атқарылуына Ербол Аман­таев басқаратын «Рем­энер­го» ЖШС мүделілік та­ныт­са, олар­ға тапсырыс беруші об­лыс әкімдігінің құрылыс, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасы болып табылады. Ғи­мараттың құны 592 786, 970 мың теңгеге бағаланды. Құрылысшылар бұл қаржыны бір жыл ішінде то­лықтай игеріп шықты. – Биыл облыс бойынша бар­лық салаларда 48 ғимарат жаңа­дан бой көтерді. 730 шақы­рымнан астам жол жөнделді. 5 елді мекенге таза ауыз су беріліп, 25 ауылға газ тартылды. Бұның барлығы елдегі экономикалық өсудің және өңірімізде өнер­кәсіптің өте қарқынды дамуының арқасында мүмкін болып отыр, – деді Тараз қаласының төрі – Төле би көшесінің бойына орналасқан әкімшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Жаңа әкімшілік ғимаратының пайдалануға берілуі осында қо­ныстанған мекемелердегі мемлекеттік қызметкерлердің көңіл күйін көтеріп, ондағы мате­риал­дық-техникалық базаның жақ­сар­та түсуіне де септігін тигізді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.