Мәдениет және спорт министрі атынан халықаралық басқосудың сәлем сөзін жеткізген аталған ведомствоның Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмас Нұразхан мырза, ұйымдастырылып отырған шараның рухани-тарихи құндылығы зор екеніне назар аударып, әсіресе соңғы жылдары өңірлерге жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жүздеген артефактілердің жаңғырудан өткен сапалылары Ұлттық музей қорына тапсырылуы дұрыс шешім дегенге тоқталды.
Осы орайда танымал археолог Зейнолла Самашевтың сөзіне жүгінсек, астаналық музей қорына тапсырылуы тиіс жәдігерлердің дені оңтүстік өңірде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелер дейді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан облысы жеріндегі Қаратөбе, Міртөбе қалашықтарында және Отырартөбе қорғанында, сонымен қатар Жамбыл облысы жеріндегі Құлан қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, тастан, сүйектен жасалған еңбек құралдары, ғұрыптық рәсімдер кезінде пайдаланатын дүниелер екен. Бұлар уақыт бөлісі тұрғысынан ортағасырлық бұйымдар.
Сол сияқты осы жылы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкері Татьяна Лошкованың жетекшілігімен жүргізілген Үстірттегі ежелгі қола дәуір мұрасы Тоқсанбай қонысынан және археолог Александр Горячев жетекшілік еткен Түрген шатқалындағы Қызылбұлақ қонысынан табылған құнды дүниелерге де интерактивті графикалық интерфейс жасалып, жоғарыдағы жәдігерлермен қатар елордалық музей қорына тапсырылды.
Түстен кейін конференцияға қатысушылар пленарлық отырыстарға жіктеліп, ол жерде өткен замандардағы қорған салу мәдениеті мен жерлеу рәсімдері, діни-ғұрыптық нысандардың ерекшеліктері талқылауға салынды. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан археологтері қазба жұмыстары кезінде өз елдерінің территориясынан табылған, бірақ бәріне ортақ жәдігерлердің салыстырмалы сараптамалық нәтижелерін қарап, ортақ тоқтам жасады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»