08 Қараша, 2011

Жетістік те, шешімін таппаған мәселе де баршылық

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Денсаулық сақтау министрі С.Қай­ырбекова Шығыс Қазақстан облысында болып, «Саламатты Қазақстан» бағ­дар­ламасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын көріп қайтты. Ол ең алдымен Өскемендегі бір­қа­тар нысандарды аралап, облыс бас­шы­сы Бердібек Сапарбаевтың төраға­лы­ғы­мен өткен селекторлық кеңеске қа­тысты. Мамандар аймақтың медицина саласында қордаланып қалған проб­лемаларды қызу талқылады. Министр сондай-ақ, туберкулезге қар­сы облыстық диспансерде болды. Ве­домство басшысымен кездесуге Аягөз кенті мен Жаңа Қанай ауылының құрт ауруымен күрес бөлімшелерінің бас дәрігерлері де шақыртылған. Бұл екі мекеменің әбден тозығы жеткен. Кездесуде Жаңа Қанайдағы 250 орын­дық туберкулез бөлімшесін күрделі жөндеу қажеттігі айтылды. Аягөзде де осындай жағдай. Мамандар министрге туберкулезге қарсы облыстық диспан­сер­дің бүгінгі жай-күйін көрсетті. Ғи­ма­рат санитарлық нормаларға сай емес. Қираудың аз-ақ алдында тұр. Кездесуде жалпы аурухана құрылысын қолға алу мәселесі де сөз болды. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерлан Масалимов бұл жобаларға респуб­ли­калық бюджеттен қаржы бөлінуі қа­жет­тігін атап өтті. Бұдан соң министр жедел жәрдем ауруханасының жақында қайта жарақ­тал­ған перзентханасында болды. Жедел жәрдем ауруханасына тиесілі бұл ғи­марат сонау 1956 жылы салынған. Ол да ешбір санитарлық нормаларға сай келмейді. Жөндеуді қажет етеді. Меди­циналық мекеменің автокөлік паркін де жаңарту керек. Сонымен бірге, облыс орталығындағы 300 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысын да жеделдету қажеттігі айтылды. Ведомство басшысы сондай-ақ, он­ко­логиялық диспансерде, жаңадан са­лынған сәуле терапиясы және диагностика орталығында болды.  Бұдан соң облыстық ауруханада жүргізілген жөн­деу жұмыстарын көріп, осындағы кардиохирургия бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ол құрылысы ұзақ­қа созылып кеткен Қан құю орта­лы­ғының бүгінгі жай-күйімен де танысып шықты. Ана мен бала орталығында аналар және сәбилер проблемасы талқы­лан­ды. Соңғы жылдары Өскеменде бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Қазір бүлдір­шіндердің қарасы 51915-ке жетті. Демек, сәбилерге арналған 200 орындық балалар ауруханасын салуға зәрулік бар. Оның жобасы дайын­далып жатыр. Ана мен бала орталығында өңір бас­шысы Бердібек Сапарбаевтың төраға­лық етуімен селекторлық кеңес өтті. Жиында Шығыс өңірдегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі ахуалы мен келешегі талқыға түсті. Осы сапары барысында министр Семей қаласында болды. Онда «өңірлік онкологиялық диспансердің, «Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу инс­титуты» мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орнының, перинатальдық орталық­тың жұмысымен танысқан ол мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Әрине, бұл өңірде де шешімін табуға тиіс мәселелер шаш-етектен десек, оның бәрі Семей диагностикалық орталығының конференция залында қала дәрігерлерімен өткен қорытынды кездесуде кеңінен сөз болды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.