Лондонда қазақ киносының апталығы өтті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткен бұл шара барысында әртүрлі жанрдағы 12 фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақ киносының апталығы бұл елде өткен айтулы фестивальдармен тұспа-тұс келді. Мәселен, бұл күндері танымал жұлдыздар Мадонна мен Кира Найтли қатысқан британдық қос фестиваль және Иран, Корея, Ресей киноларының көрсетілімі өтті.
Біздің отандық киноның шымылдығы қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын және ұлттық әлемімізді жарқырата ашып көрсететін Сұлтан Қожықовтың қайталанбас фильмі «Қыз Жібекпен» ашылды.
Бағдарлама аясында лондондық көрермендер «Транссібір экспресі», «Балалық шағымның аспаны», «Сталинге сыйлық», «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай», «Жерұйық», «Біржан сал» фильмдерін тамашалады. Сондай-ақ жақында ғана үлкен экранға жолдама алған Егор Михалков-Кончаловскийдің «А-ға оралу», Ақан Сатаевтың «Жоюшы», Қанағат Мұстафиннің «Серпін» және т.б. фильмдер де апталық аясында көрермендерге жол тартты.
Лондон жұртшылығының қазақстандық киноға деген қызығушылығы айтарлықтай жоғары деңгейде болды. Бұған дейін де бұл қалада қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен талай рет тамаша концерттер өткен болатын. Ал отандық фильмдердің дәл осылай кеңінен насихатталуы мұнда бұрын-соңды болған емес.
Орайы келгенде айта кетсек, жергілікті басылымдарда, атап айтқанда, «Financial Times», «Evening Standard», «Time Out», «The Sunday Times», «Metro», «Pulse UK», «City AM», «Kommersant UK» газеттерінде қазақ киносының бүгінгі жетістігін талдап көрсеткен көптеген мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, Лондонның орталықтарында «Қазақфильм» киностудиясын заманауи өнім шығара білетін перспективалы өндіріс ретінде танытатын ірі жарнамалар ілінді.
Осы апталыққа қазақ киносының майталманы Асанәлі Әшімов бастаған бір топ режиссерлер мен Берік Айтжанов, Карина Абдуллина, Қарлығаш Мұхамеджанова сынды өнер иелері қатысып, қазақ өнері жайлы көрермендермен ой бөлісіп, пікір алмасты. Жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ал фестивальдың ашылу салтанатында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітов көпшілікке ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы туралы айта келіп, осы фильмдер арқылы қазақ халқының ұлттық мүддесі мен ұлттық болмысын тануға болатынын тілге тиек етті. Осылайша еуропалық аудитория табиғи ресурстарға бай Қазақстанның рухани тіршілігімен де жете танысты.
«Егемен-ақпарат».