29 Қараша, 2017

Ұрпағың болсын ұлықты

1334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Толғауы тоқсан тіршілікте ұрпақ жалғастығы  бірінші кезекте тұрады.

Ұрпағың болсын ұлықты

Ақыл-есті адамзат, айналадағы ұшқан құс, жүгірген аңның бәрінде солай. Ел басына екіталай күн туғанда ер азаматтар «қара қазан, сары баланың қамы үшін» атқа қонған. Үлкендер жағы жастарға «Өркенің өссін, үбірлі-шүбірлі бол» деп уыз батасын берген.

Дала академиясынан дәріс алған дана халқымыз бала тәрбиесін тым ерте бастаған. Ұл-қызына ұлықтауға лайық жақсы-жайсаңдардың атын қояды. Айналасы ардақтап, құрметтеген абыройлы адамдарға тұсауын кестіреді. Мәпелеп өсірген өренінің санасына ес білгеннен ежелеп ұлтымыздың ұлағатын сіңіреді. Мәселен, әжесі немересін бауырына тартып, басынан сипап отырып үйреншікті сұрақтарын қоюдан бір жалықпайды.

– Айналайын, алтыным, қай елсің?

Тәтті тілімен былдырлап балақай руын айтады.

– Кімнің баласысың?

– Атам мен әжемнің...

– Бізді өскенде асырайсың ба?

– Иә!

– Не беріп асырайсың?

– Алма, «Сникерс»,  кәмпит беріп асыраймын.

– Мені жақсы көресің бе?

– Жақсы көрем!

– Қайтіп?

– Былай...

Әлгі «қу» әжесін құшақтап, бетінен сүйе береді.

Азғантай ғана диалогтың астарында атан түйе қайысардай ауыр жүк жатқан жоқ па?!

Қазақтың қара домалағы қарша­дайынан ата-тегін білу керектігін, әке-шешесін сүю қажеттігін, кейін қартайғанда оларды асырауға тиіс екендігін құлағына құйып өседі.

Кейде көшелерден «Зейнетақы қорлары – алаңсыз қарттығыңыздың кепілі» деген  насихат нақышты жарнамаларды көзіміз шалып калады.  Құдайым-ау, бақытты, бақуатты тірліктің тірегі қайырымды, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу емес пе. Бұл өмірдің қарапайым қағидасы.

Аталарымыз тауып айтқан: «Жақ­сыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай бір қоймас негізге!»

Тектілердің тұқымын біздің қазақ тұлпардың тұяғына,  сұңқардың қияғына балаған. Асылдың сынығы, алтынның үзігі ретінде бағалаған.

Осындайда ойға түседі. Алаш арыс­тарының ар-намысынан жарал­ғандай Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова  ғасырға жуық ғұмыр кешіп, артында айта жүрерліктей өшпес өнеге қалдырды. Ең бастысы, кер заманның кесірлі зардаптарын талай тартса да «халық жауы» атанып айдалып кеткен аяулы әкесінің арман-мұраттарынан айныған жоқ. Ұлты үшін күйіп кеткен ұлы тұлғаның туған қызы еке­нін мақтан тұтты. Сталиндік қуғын-сүр­гіннің қаһарынан қаймықпай, қас батырдай қасқайып жүрді. Өзгелердей фамилиясын да өзгертпеді.

Топырағы торқа болғыр, апа­мыз Алаш арыстарының асыл мұра­ларын, сандық түбінде сарғайған сирек суреттерін, ерен мінезді ерлік істерін, үлгі-өнеге қыларлық адамгер­шілік қасиеттерін, есіл боздақта­р­дың өмірбаянындағы былайғы жұрт біле бермейтін белгісіз деректерді елге танытуға елеулі еңбек сіңірді. Осы орайда оның «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естеліктер кітабын айрықша атап өткеніміз абзал. Көкірегі ояу көпшіліктің рухани олжасына айналған бұл туындылар бүгінде төл тарихымыздың беймәлім тұстарын таразылауға септігін тигізері талассыз. Ахмет, Әлихандай аталарын, олардың адал жары бола білген әже­лерін асқан ілтипатпен әспеттейтіні қандай ғанибет. Әсіресе Ақ теңіздің жағасынан Жақаңның сүйегін әкеліп, Торғай топырағына тапсырар сәтте  ғазиз жанның ағыл-тегіл жылап, мәңгілік басылмас сағынышпен мәйіт оралған кілемді алақанымен аялай сипалаған сәттері көз алдымыздан кетер ме?!.

Қазекеңнің «Қасқа айғырдан қасқа болмаса да, төбел құлын туады» дей­тіні сірә, осындайда айтылған шығар-ау.

Жақсы бала – сүйініш, жаман болса – күйініш.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Айна-қатесіз ақиқат. Ендеше ертеңіміз саналатын үрім-бұтағымыздың қандай болмағы мына сіз бен бізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын.

... Ұрпағымыз ұлықты болғай!

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»