Филармония әртістері әуелі Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған өзекті ойларды арқау ете отырып, мақаладағы «100 жаңа есім» жобасына арнайы тоқталды. Аталған жоба еліміздің әр саласында еңбек етіп жүрген жастардың халыққа кеңінен танылуына ықпал ететінін де айтып өтті. Сонымен қатар олар Елбасы мақаласындағы туған жерге ту тігу, өткенді құрметтеу, баянды болашаққа ұмтылу сияқты ойларды да қамтыды. Бұдан кейін облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров сөз алып, қайырымдылық концертіне жиналған мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға алғысын білдірді.
Концерт барысында Гүлшат Тінәсілова, Лаура Бексұлтанова, Азамат Әлмереков, Перизат Орынбекова, Нұрқуат Орынов, Нұргелді Жолдасов, Балдат Бейсеқожа және өзге де өнер иелері әннен шашу шашып, көпшіліктің көзайымына айналды. Ауыл тұрғындары өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Шара соңында аталған мектеп директоры Айсара Сейдалиева сөз алып, Елбасы мақаласының мәні мен маңызына тоқталып, мектеп ұжымы және ата-аналар атынан қадірлі қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ осындай қайырымдылық шарасын дәстүрлі түрде өткізіп тұруға ұсыныс жасап, әрдайым қолдайтынын да жеткізді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы