Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Мейірімділік – жан байлығы

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­лама­лық мақаласынан туындайтын міндеттерді жү­зеге асыру мақсатында облыстық филармо­ния ұжымы Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауы­лындағы Намазбай Ақшабаев атындағы ор­та мектепте болып, «Мейірімділік – рухани жан байлығы» атты қайырымдылық концертін ұй­ым­дастырды. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, әсер­лі әңгіме өрбітті.

Мейірімділік – жан байлығы

Филармония әртістері әуелі Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған өзекті ой­ларды арқау ете отырып, мақаладағы «100 жа­ңа есім» жобасына арнайы тоқталды. Атал­ған жоба еліміздің әр саласында еңбек етіп жүр­­ген жастардың халыққа кеңінен та­ны­лу­ы­на ықпал ететінін де айтып өтті. Со­ны­мен қатар олар Елбасы мақаласындағы ту­ған жерге ту тігу, өткенді құрметтеу, баянды болашаққа ұмтылу сияқты ойларды да қамтыды. Бұдан кейін облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров сөз алып, қайырымдылық концертіне жиналған мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға алғысын білдірді.

Концерт барысында Гүлшат Тінәсілова, Лаура Бексұлтанова, Азамат Әлмереков, Перизат Орынбекова, Нұрқуат Орынов, Нұргелді Жолдасов, Балдат Бейсеқожа және өзге де өнер иелері әннен ша­шу шашып, көпшіліктің көзайымына айнал­ды. Ауыл тұрғындары өнерпаздарға қо­шемет көрсетіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Шара соңында аталған мектеп директоры Айсара Сейдалиева сөз алып, Елбасы мақаласының мәні мен маңызына тоқталып, мектеп ұжымы және ата-аналар атынан қадірлі қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ осындай қайырымдылық шарасын дәстүрлі түрде өткізіп тұруға ұсыныс жасап, әрдайым қолдайтынын да жеткізді.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы