Афшиндағы әдемі кеш
Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының әртістері Қахраманмараш провинциясы Афшин муниципалитетінде өнер көрсетті. Тау мен тасы сырға толы мың жылдық тарихы бар өлкенің өнерге деген құрметі де ерекше екен. «Қазақстаннан, Атыраудан театр келді» деп жергілікті газеттеріне жариялап, қонақжайлықпен қарсы алды. Зал толы көрерменнің жүрек лүпілін сезінген театр әртістері де спектакльді асқан шеберлікпен қойды.
«1944 жылдың 14 қарашасында Сталиннің қатаң нұсқауы бойынша немістер басып алады деген желеумен месхетиялық түріктер атамекендерінен күшпен жер аударылды. Бәрін пойызға отырғызып, қазақ, қырғыз, өзбек жеріне айдап әкетті. Ол пойызды месхетиялық түріктер «азап пойызы» деп атады». Осы сөздермен басталған қойылым ел басына күн туған қысылтаяң шақтағы халықтар арасындағы достықты, бауырмалдықты, адал махаббатты өнер тілінде сөйлетті. Пьесаның авторы – жазушы, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломатиялық қызметкері Мәлік Отарбаев. Драматургиядағы алғашқы туындысын күрделі тақырыптан бастаған қаламгер өнер сапары барысында көрерменнің қошеметіне ие болды.
«Баянды бақтың» қысқаша желісін жазсақ: «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» алмағайып заманда жан жары Әкбардан (рөлде ойнаған – Асыланбек Жанбала, Асхат Мұсағалиев) айырылып қалған Жасминнің (Айнагүл Мұхтарова, Ғазиза Бейсенова) тағдыры қазақ жерінде жалғасады. Жас келіншекті дала пейілді Әшіркүл апа (Мағрипа Шәненова, Гүлнар Әубекерова) үйінде паналатады, тіпті құрсағындағы сәбиді бауырына басып, Қазақбай (Қанат Ізет) деп ат қояды.
Өкініштісі, «жау баласы» деп жала жапқан жендеттерден түрік қызын құтқарамын деп кеудесін оққа тосқан аяулы ана қапыда қаза тапты. Артында қалған жалғыз ұлы Тасболат (Әміржан Нұрлан, Жомартбек Жасталапов) пен Қазақбай бір туған бауырдай бірге өсті. Жақсылық пен жамандық қашанда қатар жүреді. Өмір ізгілікке қанша толы болса, зұлымдық ойлайтындар да аз емес. Спектакльде осы ой айтылады. Бірақ адалдың отын ақымақ өшіре алмайтыны сынды, қашанда жақсылықтың бағы үстем.
Ел басына күн туған кезде азап пойызына тиеліп, ағылып келген сан түрлі ұлт пен ұлысқа төрін берген, дастарқанындағы барын бөліскен қазақ халқының ақжарылқап көңілі ақталды. Еліміз тәуелсіздік алды. Өшкен жанды, өлген тірілді. Қорғансызға пана боламын деп оққа ұшқан Әшіркүл апаның жалғызы Тасболат азамат болып, Түркияда білім алды. Бір жолы түрік жерінен тапқан жолдасын ертіп келді. Қызығы, сол жолдасы Жасминнің қолында қалған Әкбар таққан жүзікке таңырқай қарап қалады, өйткені мұндай сақина оның атасында да болған екен. Тағдырлардың түбі бір тоғысатыны, бейнетті береке алмастыратыны анық дегеннің бұл да бір көрінісі.
Спектакльді арнайы келіп көрген Афшин муниципалитетінің мэрі Мехмет Фатих Гувен айрықша әсерге бөленгенін айтты. «Қазақ пен түрікке ортақ тарихи кезеңге ойша сапар шеккендей болдық. – Тарихи шындықты мойындау оңай емес, бірақ әртістердің шеберлігі, режиссерлік шешім, сахнаның безендірілуі, бәрі бір-бірімен үйлескен керемет өнер туындысы екенін көріп, көңіліміз толды. Екі ел арасындағы бауырмалдықты, мәңгі достықты осы сахнадан көрдік», деді ол.
Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов пьесаны сахнаға алып шығар алдында ойланғанын айтады. «Баянды бақ» ғашықтық хикаясы емес. Сүйген жарымен түсінде ғана қауыша алатын жас келіншектің мүлде бөтен ортада, басқа жерде сүрген өмірі жайлы шығарма. Өң мен түстің арасындағы бейдауа күй тарихи-философиялық драманың өн бойынан көрініс табады», дейді режиссер.
Ал пьеса авторы Мәлік Отарбаев: «Шығарманың өзегінде адамгершілік, бауырмалдық, адалдық сынды қасиеттер жатыр. Өмірге деген құштарлықты оятатын махаббат екені мәлім. Басты кейіпкер Жасминді жасатқан осы сезім. Алайда Қазақстанға жер аударылып келгеннен кейін ол өзіне бауыр, туыс болатын қазақ халқымен танысады. Бауы жазылмайтын бауырластықтың куәгері болады.
Өзінен тараған ұрпақтың өмірі қазақ дейтін кеңбайтақ жерге ие болып отырған еңселі елдің, қайырымды халықтың арқасында жалғасатындығына кәміл сенеді. Отанына деген сағынышы, Әкбарға деген махаббаты оның көңіліндегі алауды сөндірген емес. Қазақ даласына келген Жасмин сол арманмен ғұмыр кешті. Бауырлас қазақтың тілін үйренді, салт-дәстүрін сыйлады. Қазақтың жақсылығын еш уақытта есінен шығармады. Міне, осы образдарды шеберлікпен бейнелеп, достық дейтін мәңгі тақырыпты паш еткен театр ұжымына алғысым шексіз», дейді.
Қойылым суретшісі Темірбек Мұхтаровтың да еңбегін көрермен жоғары бағалады. Афшин қаласының тұрғыны Неслихан Кызылор әртістердің ойынымен қатар сахнаның тап сол кездегі көріністі елестететіндей шынайы безендірілгені ерекше әсер сыйлағанын айтты.
Малатья – мәдениет мекені
Малатья қаласының 750 орындық Мәдениет орталығында да «Баянды бақ» спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Қойылым аяқталған соң сахнаға шығып қазақ театрына алғыс айтқан Малатья қаласы мэрінің орынбасары Эртан Мумджу: «Ахыска түріктері – тағдырдың тауқыметін тартқан біздің ет жақын бауырларымыз.
Сонау қиын-қыстау кезеңде сай-саланы сағалаған ахыскалыларға қазақ халқы қол ұшын берді. Зұлымдық халықтарды ажыратқанымен, бауырластық бәрібір біріктіреді. Соның айқын көрінісін осы спектакль арқылы көрдік. Театрдың талантты әртістері сол бір тарихи кезеңді көз алдымызға алып келіп тірілткендей болды. Қазақ пен түрік – ежелден бауырлас халықтар. Бауырластығымыз баянды болсын!», деп ел бірлігін, халықтар достығын өнер арқылы бейнелеп көрсетудің маңызы зор екеніне тоқталды.
Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев өнер ұжымын таныстырып, сталиндік зұлматтың кезін айқын көрсеткен және түрік пен қазақтың арасындағы бауырластықты бейнелейтін бұл спектакль – жүз жылдық тарихы, алпыстан астам театры бар Қазақстандағы осы тақырыптағы алғашқы қойылым екенін атап айтты.
Жазушы Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклінің премьерасы биыл сәуір айында Атырауда өткен еді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде де қойылды. Түп тамырымыз бір Түркия еліндегі ағайынның да көңілінен шықты. Қаламгер үшін де, оны сахналаған өнер ұжымы, әртістер үшін де бұл әсерлі шақ, әдемі мезет.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттап жолға шыққан Атырау театрының мақсаты орындалды. Анкара, Малатья және Афшин қалаларында өткен қойылымдарға Түркиядағы қазақ қандастарымыз да келді. Ел мен елді байланыстыратын өнердің құдіретінде шек бар ма!
Атырау – Анкара – Афшин – Малатья – Атырау
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»