Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Бағдарламаны Еуроодақ қаржыландырады

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Еуропалық одақ қар­­жыландыратын Шекараларды бас­қаруға қолдау көрсетуге бағыт­тал­ған бағдарламаны үйлестіру тобының үшінші аймақтық отырысы өтті. Жыл сайын өткізілетін отырысқа Еуропалық одақтың Қазақстан мен Қырғызстандағы өкілдері, Сыртқы істер министр­ліктерінің және кеден ведом­ство­ларының қызметкерлері қатысты.

Бағдарламаны Еуроодақ қаржыландырады

Жиында қатысушылар атал­ған бағдарламаның шекараны басқарудағы жетістіктері мен кездесіп қалатын кедергілерге назар аударды. Шекараларды бас­қаруға қолдау көрсетуге бағыт­тал­ған бағдарлама Еуропалық одақтың Орталық Азия елдерімен шекараларды басқару саласындағы әріптестігінің маңызды бастама­ларының бірі болып саналады.

Ол Орталық Азияда 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бүгінгі тоғызыншы кезеңі бұған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесіне негізделген және институттық өзгерістерге, аралас миграциялық ағымдарды басқаруға, сондай-ақ сауда-сат­тықты қолдауға бағытталған.

Отырыста сөз алғандардың айтуынша, 2015 жылдан бері осы бағдарламаның аясында Орталық Азиядағы мемлекеттерден 1,9 мыңға жуық лауазым иесі 200-дей іс-шараға қатысқан. Ал 2003-2017 жылдары аралығында Еуропалық одақ аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 40,8 миллион еуро бөлді.

Жиын барысында оған қа­ты­сушылар Орталық Азия мем­лекеттері үшін 2018 жылға ар­налған жұмыс жоспарының жобасын да талқылады.

 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»