Еліміз бодандық дәуірін басынан өткерді. Тарихқа шегініс жасасақ, екі ғасырға жуық аралықта Қазақ елі өз байлығын ел игілігіне жұмсауға мүмкіндігі болған жоқ. Қазақ жерінде экономикалық даму отарлық бағынышты сипатта қалыптасты. Қазақстан басқа да метрополияға тәуелді аймақтар тәрізді шикізат көзі мен оны алғашқы өңдеуден өткізу орталығы ретінде қызмет етті. Қазақ жерінің шикізат көзі ретінде бағалануы сол жылдары ұлттық интеллигенция өкілдеріне үлкен дабыл туғызды. Бұл жөнінде ХХ ғасырдың басында Смағұл Садуақасов «Қазақстан отар ел, отар болып қала береді», деп ашына жазған болатын.
Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткізіп, іргелі ел болғанымызға ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, еліміз үшін жетістіктерді еңсерген мерейлі кезең болды.
Сындарлы уақытта Қазақ елінің барлық ауыртпалығы мен жауапкершілігін өз мойнына алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік жылдарында ел абыройын әлем алдына асқақтатты.
Қазақстанның ұлттық идеясын қалыптастырып, бәсекеге қабілеттілік, дамудың озық тұжырымдамаларын дүниеге әкелді. Бұл тарихи оқиғалардың басты ерекшелігі – қоғам тұрақтылығы, нарықтық экономика, әлеуметтік әділеттілік және заң үстемдігі негізінде ел егемендігін нығайту болды.
Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Үстіміздегі жылы өткізілген ЭКСПО-2017 көрмесі де еліміз үшін дамудың жаңа қадамы еді. Көрме әлемдік қауымдастықта мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлығын, айналып келгенде, ұлттың ұлылығын танытты.
Еліміздің үш мыңыншы жылдықтағы рухани жаңғыруының негізі ғылым мен білімде, яғни жаңа модельді руханият әлеміне көшу болып табылады. Осы орайда, рухани жаңғыру ұлттық идеологиямыздың сапалы дамуына тың серпіліс берді. Осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы қазақ халқын ұлт ретінде жаңа белеске көтеретін, интеллектуалды, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Ел тарихындағы жасампаз жылдар жарқын болашаққа тұғыр болды.
Қазіргі Қазақстан – тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Еліміз бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналды.
Біздің жеткен осы жетістіктеріміз және жеңістеріміз Елбасының атымен тікелей байланысты екені анық. Бүгінгі таңдағы еліміздің мәртебесін өсіріп, мерейімізді асырған халқымыздың бейбіт өмірі мен бақытты болашағы үшін қалтқысыз қызмет еткен Елбасы – Н.Ә.Назарбаев.
Мені Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін», деген сөзі толғандырды. Иә, барлығымыз осы мақсатқа жетуде жұмыла қызмет етейік!
Зәуре АБДИРАСИЛОВА,
тарих ғылымдарының
кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және
арт-менеджмент кафедрасының доценті