Президент • 01 Желтоқсан, 2017

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етеді

946 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Бе­ларусь Республикасына жұмыс сапары аясында бірқатар кездесулер өткізіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік ке­ңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты. 

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етеді

Беларусь еліндегі жұмыс са­парының екінші күнін Қазақстан Президенті Минскінің символы саналатын Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. 

Сонымен қатар Минскіде ҰҚШҰ саммиті аясында Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғыз­стан­­ның жаңа сайланған басшысы Сооронбай Жээнбековпен екі­жақты кездесу өткізіп, қа­зақ-қырғыз шекарасындағы жағ­дайды талқылады. Елбасы С.Жээн­бековті Қырғызстанның Прези­денті болып сайлануымен құт­тықтап, «Біз бауырлас халық ретінде, көрші мемлекеттер ретінде респуб­ли­ка­ларымыз ара­сындағы тығыз қарым-қатынасты дамыта береміз», деген Елбасы екі ел арасындағы туыстық-бауырластық қатынасты тұтастай қалпына келтіру қа­жет екенін атап көрсетті. 

Мемлекет бас­шысы екі ел­дің үкі­мет­тері ара­сында жүзеге асырылатын жол картасын талқылау қажеттігіне тоқталды. «Бұл – екі халықтың мүддесі. Мен Соо­рон­бай Шәріпұлын Қазақстан­ға ресми сапар­мен келуге шақы­рамын. Сол кезде екі ел үкімет­терінің жұмыс топтары жол кар­тасы бойынша жұмыс істеп, оған қол қоятын болады. Содан соң қырғыз та­ра­пы­ның өтініші бойынша Қазақстан мен Қыр­ғызстан шекарасындағы қазіргі мә­се­лелер өз шешімін табады», деді Ел­басы. 

Президенттің айтуын­ша, Қа­зақ­стан тарапынан да, Қыр­ғыз­стан тарапынан да шекараға бақы­лау қою туралы шешім қабыл­данған. Сонымен қатар Еура­зия­лық экономикалық одақ тара­пынан да шекарадан өтетін жүктерді қада­ға­лау жүзеге асырылатын болады.

Қырғыз басшысы өз кезегінде «Бар­лық проблемалар бойынша сөйлесіп, бір шешімге келдік. Екі елдің үкіметтері жол картасын жасайды. Шешілмейтін проблема болмайды. Көп мәселе бар, оларды екі тарап бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын», деп атап көрсетті. 

Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев Мин­скі­де Ұжым­дық қауіп­сіздік кеңесінің ме­рей­той­лық сессиясына қатысты. Жиынға Армения Респуб­ли­касының Президенті Серж Сар­­гсян, Беларусь Рес­пуб­ли­касы­ның Президенті Алек­сандр Лу­кашенко, Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Феде­ра­циясының Президенті Влади­мир Пу­тин және Тәжікстан Респуб­лика­сының Пре­зиденті Эмо­мали Рахмон қа­тысты. Саммит­те аталған мемлекеттер басшы­лары ұйым жұмысын, халық­ара­лық және аймақтық қауіп­сіздіктің ма­ңызды мәселе­лерін талқылады. 

Сонымен қатар жиында Корей түбе­гіндегі, Ау­ған­стандағы және Сириядағы мәсе­лелер туралы да айтылды. Кез­десу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Ас­тана келіссөздерінің маңызын ерекше атап өтті. Минск сам­­митінің қорытындысы бойынша Қа­зақ­стан 2018 жылы ҰҚШҰ-ға төра­ға­лық ететін болды. 

Сонымен қатар келесі жылы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы Қазақстанда өтетіні айтылды. Ұйымның мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Бела­русь Республикасы мен оның Прези­денті Александр Лукашенкоға қонақ­жай­лылығы мен отырысты жоғары дең­гейде өткізгені үшін алғыс білдірді. Қа­зақстан басшысы сол сияқты жиынға алғаш қатысып отырған Қырғыз Респуб­ликасының жаңа Президенті Сооронбай Жээнбековке табыс, ал қырғыз халқына бірлік пен ынтымақ тіле­ді. Сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздік жө­ніндегі келісімнің 25 жылдығымен және ұйымның 15 жылдығымен құт­тықтады.

Шағын құрамда өткен отырыста біз әлемдегі қазіргі жағдайды талқыладық, ұжымдық қауіпсіздікті күшейтудің шарт­тарын белгіледік, күн тәртібіндегі мәсе­лелерді қарастырдық. Сондай-ақ барлық дайындалған құжаттарға келісетінімізді мәлімдедік, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Қазақстанның ме­рейтойлық декларацияны қолдай­тынын айта келіп, оны өткен уақыт аралығында бірлесе отырып жеткен жетістік деп бағалады. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары туралы ұйымның көзқарасы айқындалғанын, ал шағын құрамда өткен отырыста ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында келісім жасалғанын жеткізді. Күн тәртібінде тұрған барлық құжаттарды Қазақстан тарапы қолдайтынын мәлімдеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға өтетінін зор ықыласпен қабылдап, өз риза­шылығын білдірді. Сонымен бірге Ұйымға басшылық етуге байланысты қыз­меттің тиісті басымдықтары әзірлен­ген бірнеше бағытты атады. Олардың қа­тарында ҰҚШҰ-ның терроризмге қарсы әрекет етудің халықаралық жүйесін қалып­тастыруға қатысуы, ұйымға мүше мем­лекеттердің біріге отырып киберқауіп­сіздікті қамтамасыз етуі, есірткінің заң­сыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру секілді бағыттар бар.

Сөз соңында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның келесі сессиясы Астанада өтетінін мәлімдеді.

Жалпы, Минск саммитінің қорытын­дысында мемлекеттер басшылары 1 дек­ларация, 3 мәлімдеме, 2 халық­аралық шарт, 13 Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шешімін және 2 хат­тамалық шешім қабылдады. Оның қатар­ында ҰҚШҰ-ның 15 жылдығы мен ҰҚК-ның құрылғанына 25 жыл толуы­на орай мерейтойлық декларация, «ҰҚШҰ форматында серіктестік инсти­тутын құқықтық ресімдеу туралы» ҰҚШҰ ҰҚК шешімі, «Сирия­дағы және оның төңірегіндегі ахуал туралы» ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шыларының бірлескен мәлімдемесі, «Таулы Қарабақ жанжалын реттеу жө­ніндегі ЕҚЫҰ Минск тобы тең төр­ағаларының араағайындық күш-жіге­ріне қолдау көрсету туралы» ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­ларының бірлескен мәлімдемесі, «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорға­ныс әлеуетін нығайту жөніндегі бірлес­кен шаралар туралы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлес­кен мәлімдемесі, ҰҚШҰ Бас хатшысы­ның жыл сайынғы баяндамасы туралы, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім, «2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздігі стратегия­сын жүзеге асыру жоспары туралы» ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі, «Заңсыз көші-қонға қарсы тұру шараларын жетілдіру туралы», «ҰҚШҰ хатшылығының саны мен құрылымы туралы», «ҰҚШҰ-ның эмблемасы мен туы туралы», «2016 жылғы ҰҚШҰ бюджетінің орындалу есебі туралы», «2018 жылға арналған ҰҚШҰ бюджеті туралы» ҰҚШҰ ҰҚК шешімдері бар. 

Бір айта кетерлігі, биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына – 25 жыл, Ұйымның құрылғанына 15 жыл толды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы 15 мамырда құрылған халықаралық ұйым. Оған мүше елдер қатарында Қазақстаннан басқа Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері бар. Бұл республикалар арасында мемлекетаралық келісім – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жұмыс істейді. Келісім бес жыл сайын ұзартылып отырады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер мемлекетаралық қатынастарда күш қолданбауға, әскери одақтарға немесе қандай да болмасын басқа топтастықтарға, сонымен қатар қатысушы мемлекеттердің басқаларға бағытталған әрекеттеріне қатыспауға міндеттеме алған. Бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің аумақтық тұтастығына және тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, басқалары бірлескен кеңес арқылы жұмыс істейтін болады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің жоғары саяси органы — Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Оның құрамына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер басшылары, Сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бас хатшысы кіреді. 

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» – 
Минскіден (Беларусь)

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды