– Біздің халқымыздың бойында сан ғасырдан бері ешуақытта жадынан шығармайтын бір құндылық бар, ол – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі ұстанып отырған саясаты, міне, осы бағытта – көрегендік пен кемеңгерлік аясында жүргізіліп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтың біртуар ғана емес бірегейлі, өзінің жолы, ауқымды бағыт-бағдары бар мемлекет басшысы. Мен бір кезде Елбасымызға «Біздің алысты меңзейтін әрі көз ұшындағыны көздейтін Президентіміз» деп баға беріп ем. Ол ойымнан айныған жоқпын. Естеріңізде болса, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Президент сайлауы өтті. Еліміздің Тұңғыш Президенті 98,78 пайыз дауыс жинап Қазақстан халқының зор сеніміне ие болды. Араға екі жұма уақыт салып Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Уақыт жүйрік, одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Ал, әйгілі сол 1 желтоқсан жас мемлекетіміз үшін жыл сайынғы Президент күнін атап өту дәстүріне сай бүкілхалықтық ресми мерекеге айналды.
– Сұлтан аға, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен етене жақын таныстығыңыз қалай басталды?
– 90-жылдардың басында Ақордада 10 адамнан тұратын Президенттік кеңес құрылды, мен соның бір мүшесі болдым. Президентпен етене жақын танысқаным сол кезден басталды ғой деп ойлаймын. Халық игілігі үшін күн-түн демей еңбек еттік. Бұрын сырттай бақылап жүргенмен де ол кісімен жақын әңгімелесіп, жүздесіп, нағыз пікір алысқан кезім сол. Оның үстіне Назарбаев сөз саптауы мен ой өрісі арқылы ақылы асқан азамат, көріпкелдігі кең, алысты меңзейтін саясаткер екенін бірден аңғартты. Алғаш жүзбе-жүз кездескенге дейін де менің бойымда ол кісі туралы жоғары пікір қалыптасып, жиналып қалған. Өзім заңгер әрі саясаткер болғандықтан бұған дейін де шет мемлекет басшыларының, атап айтқанда президенттерінің бірқатарының өмір жолдарын, қызметін, адами болмысын зерттеп, ой жинақтаған жайым бар. Олардың озық ойлыларының өмірдеректерімен тереңнен таныса жүріп, болашақ Қазақстанның да маңдайына Алла тағалам сондай бір тұлғаны жазса екен деп тілеуші едім. Президент ең алдымен халықтың ойынан шығу керек десек, менің бұл тұрғыдағы арманым орындалды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бірегейлі кемеңгер мемлекет қайраткері екенін өз халқының ғана емес, әлем жұртшылығының алдында дәлелдеп шықты.
– Ондай күнге бір сәтте жетпегеніміз анық, кезінде Қазақстанды кездейсоқ Колбин басқарған елдің болашағы дүдәмал тұста қазақ зиялыларының қатарында сіздің өз басыңыз қандай ой құшағында жүрдіңіз?!
– Өте дұрыс айттыңыз, Колбин Қазақстанға кездейсоқ келген жай ғана партияның қатардағы қызметкері еді. Керек десеңіз, Қазақстандай үлкен республиканы басқаратындай білім деңгейі де шамалы, тіпті әлдеқайда төмен болатын. КСРО-дағы Ресейден кейінгі жер ресурсы мен аумағы жағынан ең бақуат та бай елді басқару оған түс көргенмен теңдей-тін. Оның ақырын өзіңіз де білесіз. Мұның бәрі де ресейлік шовинизм сарқыншағының салдары. Тарих парақтарын ақтарсаңыздар, кезінде КСРО-ны басқарған – бұзау баптаған жүгері өсіруші Хрущевтің «Патша империясының 100 жылда жүзеге асыра алмаған ойын біз он жылда жүзеге асырдық», деп мақтанатыны бар. Әлгі Колбин сондай колониялдық сұрқия саясат астауының жәй ғана жұғындысы. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет басына келген бойда туған елдің, барша қазақтың бірден сүйіспеншілігіне бөленді. Мемлекет құрудағы оның стратегиялық бастамасы мен ұлт болып ұйысудағы тың ойлары мен мақсаттары бірден халықтың жүрегіне жетті. Ол өзінің бойында қандай да болсын мемлекеттік маңызды мәселелерді алыстан сезетін, болашақты меңзейтін көріпкелдігі бар қайраткерлік қасиеті барын байқатты.
– 90-жылдардағы Жоғарғы Кеңестің «шуы» құлағыңыздан кетпейтін шығар, түсіңізге кірмей ме? Болашақ Қазақ мемлекетінің негізі, заң жүзіндегі тұғырлы қалпы сол жылдары қызу талас-тартыспен, күреспен нақтыланғаны рас қой?
– Түсіме кірмейді... Дегенмен ол жылдардың кезеңдері, өзіңіз айтқандай, у-шуы естен ешуақытта кетпейді. Жоғарғы Кеңестің бір отырысы айқай-шусыз, қызу пікірталассыз өтпейтін. Тіпті, жаға жыртысқан кездеріміз де аз емес. Свойк деген бір депутат Қазақ елі өз алдына жеке мемлекет болып құрылды дегенде «Мен сонда бір күнде бөтен мемлекеттің азаматы болып шыға келдім бе?», деп күллі Мәжіліс залына ызадан жарыла жар салды. Мен де қарап қалмадым: «Сіздің бұл сөзіңізді қалай түсінсек екен? Байқап отырсам, бойыңызда ұлы империяның шовинистік сарқыншағы сақталып қалыпты ғой. Біздің халқымыз сізге дауыс беріп, Жоғарғы Кеңестің депутаты етіп сайлады. Болашақ тағдырын сізге сеніп тапсырды. Ал сіздің биік мінберден көкіп айтып тұрғаныңыз мынау...». Содан көп ұзамай тәубесіне келді ғой деймін, мінбеге сұранып шығып жариялы түрде менен, халықтан кешірім сұрады. Сіздердің «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Сартаев сөйлесе ол халықтың үні еді, ол Парламенттің сәні еді» деген мақаланың шыққан кезі сол тұс. Мен Парламент мінберінде өте көп сөйлеген депутаттың бірімін. Елдің ойына сәйкес, болашағына бағыт беріп тұрған әрбір заң актілері үшін жанымызды салып, ой мен қиялы әртүрлі депутаттар алдында оны қызғыштай қорғадық. Халықтың тілегін, мүддесін алдымызға бірінші мәселе етіп қойдық. Құр жалаң сөйлеудің күш-қауқары жоқ. Мәселен, біздің бостандыққа жаңадан қол жеткізген мемлекетіміз үшін Президенттік басқарудың қыр-сырына тереңдеп бару жолында мен Америка Құрама Штаттарындағы президенттік басқару жүйесін толықтай зерттеп, оқып шықтым. Зердеме әбден құйдым. Президент деген сөздің мазмұны «елдің алдында отыру» деген ұғымды білдіреді. Содан кейін ғана барып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы алғаш ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға байланысты да еді. Қоғам көпұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы Заң қабылданды. Кейін біздің Тұңғыш Президентіміз болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
– Тарих көші алға жедел жылжыған сайын кезеңдердің ұмытылмас оқиғалары да көмескілене түсетіні хақ. Айтыңызшы, сол тұста Нұрсұлтан Назарбаевқа балама болар, яки елдің алдына маңдайы жарқырап шығар өзге де қайраткер азаматтар легі болған шығар?
– Өтірік айта алмаймын. Ондай жан болған жоқ. Сондықтан Президенттікке ол кісіні сайладық, халық сайлады. Жасыратын несі бар, Назарбаевпен бәсекеге түсіп сайлауда жеңіп шығам деген үміткердің өзі де шамасына қарап, ойланған шығар. Өйткені мемлекет басшысы болу деген оңай іс емес. Әрі Еуразия құрылығында жаңадан жап-жас мемлекет құрылып жатты. Елімізді алда неше түрлі қиыншылықтар күтіп тұрды. Бүгін оның бәрі айтқанға ғана жеңіл боп қалды ғой. Ал ол кезде біздің Тұңғыш Президентіміз халықты сол қиыншылықтардың барлығынан аман-есен, шашау шығармай алып шықты. Мен нағыз ерлік деп осыны айтар едім!
– Сол кезеңдердегі Парламент тілшісі ретінде менің есімде қалғаны Мәжілістегі қызылкеңірдек сөз таласы дау-дамайға ұласып, жағдай ушығып бара жатқан тұста ақырғы сөзді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтар еді, депутаттар тынышталар еді...
– Жоғарғы Кеңестің Мәжіліс залы нағыз пікірталас додасының ортасына айналды. Тіпті қызына-қызына келіп депутаттардың әрқайсысы өздерін бір-бір билік тұтқасы екенін сезінді, шектен де шыға бастағандары болды. Бүгінгі мемлекетіміздің заңдық негізі оп-оңай қалана салды дейсіз бе? Әрине, жоқ! Депутаттар бір пікірге келе алмай дауласып, тіпті жауласып дейінші, тым қатты кеткенде Мәжіліс залының ең биік төрінде бәрін де кірпік қақпай бақылап отыратын Президент ақырғы шешімді сөзін айтар еді. Нұрекең Президент тағына отырған алғашқы күннен-ақ елінің, халқының болашаққа деген ой-арманын ақтауға тырысып, бар жігерін жұмсады. Бүгінге дейінгі саясаткер-заңгерлеріміздің атақты академик Зимановтан кейінгі ақсақалы ретінде, қазіргі заң ғылымының көшбасшысы ретінде мен былай дер едім: егер сол кезеңде халқын сүйген ерлер болмаса, олардың алдында Нұрсұлтан Назарбаев тұрмаса, біз дәл бүгінгідей жағдайға жете алмас едік. Біз мұны әманда біліп жүруіміз әрі жадымызда сақтауымыз керек.
– Тәуелсіз елдің Президентімен бірге алыс шетелге барған алғашқы мемлекеттік сапарлар жайында естелік айта отырыңызшы.
– Мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен мемлекеттік делегацияның құрамында Хельсинкиге Қорытынды Актіге қол қою рәсіміне қатыстым. Бұл 1992 жылдың шілдесі болатын. Белгілі форумда Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті санатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастық алдында Дүниежүзінің картасында экономикалық потенциалы зор жас мемлекеттің пайда болғаны туралы қасқайып тұрып сөйлеп, жария етті. Ол бұл елдің халықаралық құқық талаптарына сәйкес өзіндік ұстанымы, экономикалық зор қоры бар дегенді айтқанда, әлем жұртшылығының өкілдері ризашылықпен, ол тұста, бәлкім, сыпайылық та сақтағаны шығар, дүрілдетіп қол соқты. Бірақ, Хельсинкидің дәл төрінде отырып сондағы менің бір байқағаным әрі сүйсінгенімді де жасыра алмаймын, Нұрекең шетелде кіммен, қай елдің басшысымен болмасын иығы тең дәрежеде сөйлесе білді. Президентіміздің мемлекет мүддесін қорғаған талапшылдығы – біз үшін мүлдем бейтаныс жаңа ортаға қатты әсер етті. Өйткені Нұрекеңнің ойлау қабілеті, ой өрісі халықаралық қауымдастықтың танымал серкелерінен асып түспесе, кем түсіп жатпады. Мен Хельсинкиде соны байқадым да іштей тәубе дедім. Делегацияның құрамы мен басшысы халықаралық мұндай келісім шарттардың талабына дипломатиялық тұрғыда білгірлікпен жауап қатуы тиіс. Шетелде сіздің әрбір қадамыңыз бен ауыздан шыққан әрбір сөзіңіздің құны ерекше есепте тұрады. Басыңыздан ерекше бақылау сынын өткізесіз.
– Сіздің қазақ тілінің заңдық негізін сонау кеңес заманының өзінде тап-тұйнақтай етіп жасап, кірпішін қалаған өр мінезді заңгер-ғалым екеніңізді жақсы білеміз. Бүгінгі қазақ тілінің жай-күйіне көңіліңіз тола ма?
– Ана тілінің мәртебесін көтеру туралы Заң актілерін жазбас бұрын мен ең алдымен халыққа арнап, шақыру ретінде өлең жазғаным бар, алдымен соны жатқа оқып берейінші...
Оу, замандастар, құрбылар,
Ана тілді білмеуің – ананың
арын төккендей,
Оны бұзып сөйлеуің,
өзіңді-өзің сөккендей.
Тілге олқылық бой алса,
тым алысқа бармассың,
Ана тілің жойылса,
қазақ болып қалмассың!
Бүгінгі күні Жер шарында 7,5 млрд халық бар. Осыншама халық нөпірі Жаратушымыздың құдіретімен Ананың ақ сүтінен нәр алған азаматтар. Олар 5 мыңнан астам ұлтты құрайды. Мыңнан астам тілде сөйлейтін 149 мемлекетте уақыт көшіне ілесе алмаған қаншама тіл мәңгілікке жоғалып кетті, білесіз бе? Бұл тарих үшін орны толмас олқылық саналады. Өйткені әрбір ұлт тілінің өзі қаншама жылдар бойында түзеліп, араға ғасырлар салып, тұрақты қалыптасады. Сондай құндылықтарды жоғалту, әрине, адамзат үшін кешірілмес күнә. Құдайға шүкір, Елбасының көрегендік саясатының арқасында жойылуға шақ қалған қазақ тілі тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендеді. Мәңгілік ел боламыз десек, ана тілімізді тек қана аялай беруіміз керек. Шүкір, тіліміздің бүгінгі ахуалы менің көңілімнен шығады. Латыншаға көшуіміз – тілдің даму үрдісінің жаңа заманға сай қаланған жаңа сатысы дер едім.
– Сұлтан аға, айтулы күнге орай құрылған бүгінгі әңгімеміздің соңын Президент күні мен Президент туралы өз ойыңызбен түйіндеңізші!
– Мен шамам келгенше, жылына бір рет ел ішін аралаймын. Қай жерге бармайын, ең алдымен құрылыс крандарын көргенде көңілім жайланып қалады. Құрылыстың салынуы деген сөз – ел өрісті жолда келе жатыр деген сөз. Халыққа баспана, мектеп, аурухана, денешынықтыру орталықтары ауадай қажет. Елімізде ондай ғимараттар есепсіз салынуда. Мұның бәрі Тұңғыш Президентіміздің ертеден көздеген игі мақсаттары. Ол – үлкен елді басқарудағы үлкен саясаттың бүгінгі шынайы көріністері. Мен бұрын да талай айтқанмын, қазір де қайталаймын. Біздің еліміздің байлығы қажет десе 1 миллиардтан астам халықты асырауға жетеді. Ал енді ол елдегі азаматтарымыздың рухани байлығымен үйлескенде Елбасымыз Нұрекең айтқандай, біз ештеңеден де, ешуақытта да таршылық көрмейміз.
Қазақтың маңдайына 100 жылда бір біткен Тұлғасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа Алла жар болып, жас мемлекетімізді осынау өрісті жолмен, халықтың ұйысқан келісімімен алға бастап жүре берсін деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ