09 Қараша, 2011

Еуроодақты алаңдататындар арта түсуде

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Италия Еуроодақтағы үшінші рынок болып есептеледі. Соңғы кездері бұл елдің экономикасы да Одақтың қаржыгерлерін алаңдатып отыр. Сондықтан олар премьер-министр С.Берлусконидің отставкаға кеткенін қалауда.

Атап айтқанда, он жыл бұрынғы мемлекеттің облига­ция­ларының құны 6,8 пайызға қымбаттап кеткен. Бұл үкіметтің шығынын арттырып, Еуропалық орталық банктің көмегіне жүгінуге итермелейді. Алдында Португалия осындай көмек алған болатын. Оның облигацияларының құны 8 пайызға артқан еді. Бірақ Италия Португалия емес, оның шығынын жабу қиындау соғады.

ҚҰЛШЫЛЫҚ КЕЗІНДЕ ҚАЗА БОЛДЫ

Индуизмнің де жыл сайын Құдайға көп болып құлшылық ететін және пендешілік күнәлерінен арылтуды тілейтін жерлері бар. Ол – күнәден арылу үшін осы айда Ганг өзеніне шомылу түрінде болады.

Солтүстік Үндістанда орналасқан осынау қасиетті жерде жуырда 16 құлшылық етуші қайтыс болып, 50 адам жараланды. Қалың көпшілік өзен жағасына құлағандардың тұруына мүмкіндік бермей, үстерінен басып өте берген. Нәтижесінде 16 адам тұншығып өлген.

ӘДІЛ СОТ ӘДІЛДІКТЕН МЫЗҒЫМАДЫ

Тәжікстанда Ресей авиакомпаниясының ұшқыш­та­ры, Эстония азаматтары В.Садовничий мен А.Руден­коға 8,5 жылдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Сөйтіп, Ресей БАҚ-тары ара түспек болып, қанша жерден жар салса да, қылмыс үшін әділ жаза тағайындалды.

Тәжікстанның Хатлон облыстық соты БАҚ-тардың байбалам салғандарына қараған жоқ, қылмыстары дәлелденіп тұрған жандарды қай жердің азаматы екендігіне қарамай әділ жаза кесті. Ұшқыштар контрабандалық тауарлар тасығаны, шекараны заңсыз бұзғаны және ұшу тәртібін бірнеше рет бұзғандығы дәлелденген соң, тиісті жазаларын алды. Бұл жаза саяси тұрғыда Тәжікстанның тәуелсіз ел ретіндегі беделін көтере түсері анық.

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУДЫ ОЙЛАҒАН

Германия өкіметі шағын және орта көлемдегі дәулеттері бар азаматтар үшін табыс салығын азайтуды көздеп отыр. Осының салдарынан өкіметке түсетін кіріс мөлшері 6 млрд. еуроға азаймақ. Халықтың басым көпшілігін қуантқан бұл қадам А.Меркель өкіметі­нің беделін арттыра берері анық.

Салықты азайту 2013 және 2014 жылдары екі кезеңде жүргізіледі. Үкіметтің бұл шешімі парламент пен федеральдық жерлердің бундестратектері мақұлдаған соң заң күшіне енеді. Үкіметтің өзі халықты қолдауға қол созып тұрса, өкілетті органдар оны қалай қол­дамасын, шешімнің сөзсіз қабылданатынына шүбә келтірушілер жоқ.

ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІН АРДАҚТАУДЫ ҚАЛАМАЙДЫ

7 қарашада кейбір посткеңестік елдердегі секілді Белоруссия астанасында да коммунистер алқызыл жалау­ларын көтеріп, митингіге шықты. Бірақ олардың мерекелік көңіл-күйлері су сепкендей басылды.

Өйткені, елдегі «Жастар майданы» атты қозғалыстың жүздеген мүшелері митингіге шыққандарды шіріген жұмырт­қалармен атқылаудың астына алды. Барын киіп, базарлап шыққан жандар бастарын ала қашқан. Жастар болса «коммунизмді трибуналға тарту керек» деп ұрандады. Іске кіріскен полиция рұқсат етілген митингіні атқылаған­дардың бірнешеуін ұстап, бөлімшелерге жеткізді.

ЯДРОЛЫҚ ЭНЕРГИЯ – ТЕК БЕЙБІТ МАҚСАТҚА

Ресейге Ираннан атом саласындағы ынтымақтастық бойынша құпия түрде делегация келіп, келіссөздер жүргізгені БАҚ-қа белгілі болып қалды. Ирандықтар Ресейден 5 атом электр стансасын салып беруге көмек сұраған көрінеді.

Бұл жобаның құны 40 млрд. АҚШ долларын құрайды екен. Ресей өздеріндегі моральдік тұрғыдан ескірген, қалдық жабдықтарды сатпақшы. Олар Чернобыль АЭС салу кезінде қолданылған жабдықтар көрінеді. Ал МАГАТЭ Иран жерінен атомдық қаруды сынайтын алаң тапқанын мәлімдеді.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Германияда өнеркәсіп тауарларының өнімі қыркүйекте та­мызға қарағанда 2,7 пайызға төмендеген. Бұл 2009 жылдан кейін қайталанып тұрған келеңсіз жәйт.

Америкада 68 жасында аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Джо Фрейзер қайтыс болды. Ол өзінің спорттық карьерасында Мұхаммед Әли мен Дж. Форменнен ғана жеңілген еді.

Никарагуада болған президент сайлауында Даниэль Ортега үшінші рет жеңіске жетті. Оған дауыс бергендер үлесі 62,6 пайыз болыпты.

АҚШ-тың республикашыл партиясынан сайланған конгрессмен Рон Пол елдің Иранмен байланысты жақсартуын ұсынды. Біз оның ядролық істеріне қарсы шықпай, керісінше ынтымақтастық жасағанымыз дұрыс, деді конгрессмен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.