Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2017

Тұңғыш Президент күнін Шығыс Қазақстан қалай атап өтті?

269 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент күні мерекесін шығысқазақстандықтар кең ауқымда атап өтті. Бірнеше жаңа нысандар ашылып, бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. 

Тұңғыш Президент күнін Шығыс Қазақстан қалай атап өтті?

30 қарашада облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Арматура зауыты ықшам ауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 140 орындық «Дария» атты балабақша ашылды. AES компаниялар тобының қазақстандық бөлімшесі осымен облысқа екінші балабақшаның кілтін табыстап отыр. Аталмыш кәсіпорын 2012 жылы Семей қаласында 160 орындық балабақша салып берген болатын. Тәрбие ошағының ашылуына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтыған облыстың бірі екендігін, балабақшалар құрылысын бюджеттен тыс көздерден қаржыландыру өңірде дәстүрге айналғанын атап өтіп,  ықшам аудан тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады. 

500 үйге жарық берілді

Бұл күні Өскемендегі №20 ықшам ауданның тұрғындары көптен күткен электр қуатына қол жеткізіп, мәре-сәре болды. Биыл жазда аталған ықшам аудан тұрғындары облыс әкімімен кездескенде 500-ден астам жер үйдің жарықты генератор арқылы алып отырғанын айтып, мұң-мұқтаждарын жеткізген-ді. Сол кездесуде өңір басшысы бұл мәселені жыл соңына дейін шешіп беруге уәде берген болатын. Нәтижесінде электр желісін тарту үшін бюджеттен 120 млн.теңге бөлініп, бұл қаражатқа қуаты 0,4 киловольт электр желісі тартылыпты. Жарық келіп, көздері ашылған ықшам аудан тұрғындарымен тілдескен Д.Ахметов кәріз жүйесінің құрылысы келесі жылы аяқталатынын, жол мәселесі де шешімін табатынын, су құбырын тарту үшін 2018 жылы 980 млн. теңге бөлінетінін жеткізіп, бір қуантып тастады. 

Мереке қарсаңында Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада филология ғылымдарының кандидаты, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің доценті Люция Абдуллинаның орыс тілінде жарық көрген «Назарбаевша сөйлеу» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Қазіргі күні шешендік шеберлік кәсіби қызметтің барлық саласына қажет. Көпшілік алдында шебер сөйлеудің жоғары деңгейі – карьерлік өсу сатысының кепілі. Бұл ретте біздің Президентіміздің сөз сөйлеу мәнері, шешендігі көпшілікке үлгі», - дейді кітап авторы.

Семейде 1200 орындық мектеп ашылды

Тұңғыш Президент күні Семей шаһарында да есте қаларлық тағылымды шаралармен атап өтілді. Бұл күні «Ұшақтар» кенті ықшамауданында жаңа үлгідегі 1200 орындық мектеп салтанатты түрде ашылды. Жаратылыстану-математика бағытындағы білім ордасы жаңа модификация сыныптарымен жабдықталған. Мектепте тек білім алып қана қоймай, балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Спорттық және гимнастикалық құрылғылары бар екі спорт зал жұмыс істейді. Мата, ағаш және металл өңдеуге арналған соңғы технологиядағы құралдармен жабдықталған шеберханалар оқушылардың қолөнермен шұғылдануына мүмкіндік береді. Кең сарайдай жарқыраған тәрбие ошағының ашылуына Өскеменнен арнайы келген облыс әкімі биылдың өзінде Семейде екі бірдей білім шаңырағы бой көтергеніне, мемлекеттің білім саласына айрықша көңіл бөліп жатқанына тоқталып, мектеп ұжымы мен оқушыларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар аймақ басшысы мереке күні Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенттері мен магистрантарына Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еліміздің саяси, әлеуметтік жағдайы, сол кездегі қиындықтар, егемендіктің елең-алаң шағындағы Елбасының еңбегі, қабылдаған шешімдері жайында лекция оқыды. «Сол кездері шынын айтқанда нарықтық экономиканың не екенін білмедік. Қазіргідей қалаған уақытыңда қарап, біліміңді толықтыратын интернет деген дүние болған жоқ. Сол үшін де астанаға әр сәрсенбі сайын ұшып келетінбіз, Президент бізге елді қиын экономикалық дағдарыстан шығарудың жолдарын, қандай қадамдар жасау қажеттігін айтып, түсіндіретін», - деді Д.Ахметов.
Айтулы мереке өңірдің аудандарында да кеңінен атап өтіліп, бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Глубокое ауданының

Алтай ауылында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында 100 орындық «Сәулетай» атты балабақша есігін айқара ашса, Зырян ауданының Серебрянка қаласында 120 орындық «Берік» атты жекеменшік балабақша іске қосылды. Жарма ауданының Қалбатау ауылында аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшіріліп, Суықбұлақ кентіне «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде су құбыры тартылды. Тарбағатай ауданының Тана мырза және Сұлутал ауылдарына таза ауыз су беріліп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жөнделген 19 шақырым жол пайдалануға берілді. 


Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы.