ЭКСПО-2017 • 04 Желтоқсан, 2017

Алихан Байменов БҰҰ мен Түркия үкіметі ұйымдастырған ынтымақтастық форумына қатысты

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов БҰҰ мен Түркия үкіметі ұйымдастырған «Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы негізіндегі ғаламдық даму 2017» ЭКСПО аясында өткізілген Үшінші аймақтық ынтымақтастық форумына және басқа да шараларға қатысты.

Алихан Байменов БҰҰ мен Түркия үкіметі ұйымдастырған ынтымақтастық форумына қатысты

Араб мемлекеттері, Еуропа және ТМД елдеріне арналған Үшінші аймақтық форумда жастар көшбасшылығын ілгерілету арқылы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастыралды. Алихан Байменов өз сөзінде мемлекеттік қызметті дамыту бойынша мақсаттарға жетуде жас көшбасшыларға қажет факторларды көрсетті. «Біріншіден, бұл - құндылықтар. Адамның абыройын, әркімнің құқығы мен мүддесін, еңбегі мен ұмтылысын, сонымен бірге уақытын өзара құрметтеу мен түсіністікпен қарауға негізделген корпоративті мәдениеттен кез-келген жүйе немесе ұйым тек қана ұтады. Екіншіден, бұл – орта. Егер көшбасшылар адам әлеуетін барынша дамытуға және пайдалануға жағдай жасаса, ұйымдар тиімділігі арта түспек», - деді Алихан Байменов.

Басқарушы комитет төрағасы, сондай-ақ, «Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы инновацияны дамытуға арналған цифрлы экожүйе» атты дөңгелек үстелге қатысты. Ол өз сөзінде «Қазіргі өзара байланысты әрі өзгермелі әлемде инновациялардың үкімет пен азаматтар қарым-қатынасы сипатына әсер ететін әр түрлі жаңа сынақтар, мүмкіндіктер және дилеммалар туғызатынын» атап өтті.   

Еуразиялық аймақтағы Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығының табысты модельдерін талқылау бойынша сессияда «әріптестік тұрақты даму мақсаттарына жетудегі елдердің трансформациясы табыстылығының маңызды факторы» екенін айтты.  

БҰҰ Даму Бағдарламасы, Түркітілдес халықтар ынтымақтастығы Кеңесі, Сингапур және Бангладеш өкілдері сессиялар барысында Астана хабының мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе және білім алмасудың тұғырнамасы ретіндегі халықаралық және аймақаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлін атап өтті.

Жиындар барысында Алихан Байменов БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша Уәкілі Хорхе Чедиекпен, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша Уәкілі Ахмед аль-Мераикхимен, БҰҰ ДБ Еуропа және ТМД елдері бойынша Бюросының аймақтық директорының орынбасары Растислав Врбенскимен, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесі Бас хатшысы Рамиль Хасановпен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының зерттеулер мен оқыту орталығының Бас директоры Мұса Кулакликайямен, Бангладеш, Марокко және Сингапур елдері өкілдерімен кездесті.  

Тараптар Астана хабымен ынтымақтастықты кеңейту және әрі қарай бірлескен іс-шаралар, оның ішінде мемлекеттік басқару бойынша ғылыми зерттеулер жасау, сараптамалық материалдыр және зерттеулер нәтижелерімен алмасу, оқыту бағдарламасын даярлау бойынша пікір алмасты.  

Хаб жұмысына 38 мемлекет, оның ішінде Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және АСЕАН елдері қатысады. 2014 жылы, Хабқа Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық бойынша БҰҰ Басқармасының сыйлығы берілді. Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы әлемнің дамушы елдері арасындағы өзара қарым-қатынас пен ресурстар, технологиялар және білім алмасуды білдіреді.