Енді ұстаздар еңбегіне қарай жалақы алатын болды. Мұғалімнің оқушымен өткізген әр сағаты төленеді. Ол білім беруді жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл жоба 2012 жылдан бастап қолға алынды. Ал 2013 жылы қанатқақты жоба ретінде таңдаулы мектептерде енгізіле бастады. Қазіргі кезде олардың саны 73 білім ордасын құрап отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы енгізілген мектептердің ішінде Алматы облысы Талғар қаласындағы №5,14,16,49 мектептері бар.
Дәл осы мектепте Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың қатысуымен «Орта білім беруді жан басына қаржыландыру» жобасының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ таныстырылымға «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибрагимов және Алматы облысы Талғар қаласы мектептерінің директорлары қатысты.
«2020-2021 жылдан бастап елдегі барлық толық жабдықталған мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтеді. Себебі біз мектептердегі әдістемені бірізді етуіміз керек. Мәселелер болса, шешу жолдарын қарастыру керек. Сондықтан Талғар ауданы мектептерінің ұжымымен кездесу өткізіп жатырмыз», деді вице-министр Бибігүл Асылова.
Ал жалпы жобаны енгізудің негізгі алғышарттары мыналар: мұғалімге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі, яғни ұстаздың жұмыс өтіліне, категориясына қарамастан оның барлық білім беру қызметінде үздік нәтижелер көрсеткені үшін сыйақы төлеу; бұдан мұғалім өз еңбегінің шынайы бағаланатынын көреді; жан басына қаржыландыру мектепке жас, дарынды мұғалімдерді тартуға мүмкіндік береді. Мұғалімдерге өзін-өзі дамытуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ жан басына қаржыландыру жобасы енгізілгенге дейін сапа жөнінде директор күресетін болса, енді мектеп әкімшілігі де сапаны арттыруға атсалысады.
Жобаны таныстырған «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимовтың айтуынша, бұл жобаны енгізбес бұрын халықаралық тәжірибелер қарастырылған.
Сондықтан мұны жаңа жүйе емес, білім беруде жасалып отырған жаңа қадам деп атау керек. Себебі бұл жоба әлемде танымалдыққа ие. «Жобада мұғалім өзінің еңбекақысына байланысты қандай айырмашылық болғанын көреді деуге болады.
Мектептің қамқоршылар кеңесі де жұмысқа белсенді кірісіп, директордың мұғалімдер туралы талдауына қызығушылық таныта бастады. Тіпті мектептер арасында бәсекелестік пайда болады және әркім жетістікке жетуге талпынады. Әр мұғалім жаңа нәтижеге жетуге мотивация алады» дейді Асқар Ибраимов.
Ал Талғар қаласындағы №49 мектептің директоры Алмагүл Асанова болса алғашқы жылдары жобаны бірден бастап кету қиын болғанын айтады. Себебі алғашында миллиондаған қаржы бөлінгендіктен, оны орнымен жұмсау басты міндет болған.
«2013 жылы жоспарды орындау мақсатында мектептегі жетістіктер ескеріле отырып, 24 мұғалімге қосымша ынталандыру сыйақысы берілді. Бұған қалған мұғалімдердің де қызығушылығы артты. Себебі қосымша қаржы ешкімге артық болмайды.
Осылай ұжымдағы ұстаздардың шығармашылығы арта бастады», дейді Алмагүл Асанова. Расымен де оқушылардың білім деңгейі артып, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие бола бастаған. Алғашында жаңашылдыққа үреймен қараған ұстаздар жаңа жобаның тиімді тұсына әбден көз жеткізген.
Гүлжазира САЙЛАУОВА