Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Мақтааралда мақта өсіруде шешілмей жатқан мәселелер бар

1239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, еңбек ардагері, сексеннің сеңгіріне шыққан Елемес Сабыров – Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ісінің үздігі. Осы саланың жай-жапсары мен көкейкесті мәселелерін бес саусақтай біледі. Өйткені ес білгелі осы іспен айналысып келеді.  

Мақтааралда мақта өсіруде шешілмей жатқан мәселелер бар

Оның үстіне мақтааралдықтар да өздерін толғандырған мәсе­ле­ні онымен бөлісуге дайын тұра­ды. Ол да жерлестерінің ауыл ша­руашылығы мен ауыл жағдайына байланысты ой-ұсыныстарын  ешқашан жерде қалдырған емес.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда да Е. Сабыров онымен бірнеше мәрте жүздесіп, ауыл шаруашылығы мен ауылдың тағдырына байланысты талай мәселе көтерген еді. Атап айтсақ, оның тынымсыз еңбегінің арқасында Мақтаарал ауданында «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інің филиалы, Асықата өңірі, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты «Өркенді» елді мекенінде «Оңтүстік» биологиялық фабрикасы ашылды. Бұл – шаруалар үшін өте керек мекемелер. Биолаборатория өнімдерінің сапасын тексеретін «Сапа» зертханасының ашылуы да – Елекеңнің еңбегі. Оны іске қосу оңай болған жоқ. Өйткені институт филиалы үшін бірінші кезекте тұрақты мекен-жай керек еді. Өкінішке қарай, ондай орын тез арада табыла қойған жоқ. Ғалымдар алғашқы уақытта бос тұрған кеңселерді жалға алып жұмыс істеді. Бұл қиындықтан Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу инс­­ти­тутының бас директоры Абай Сағатов құтқарды. Ол сол ай­­мақта қараусыз қалған ғимарат­­ты сатып алу үшін институт тара­­пы­­нан қаржы бөліп, оны күрделі жөн­­деуден өткізіп, филиал қыз­меткерлеріне қолайлы жағдай жасады.

Бұл істің маңыздылығы жо­ғары бағаланып, еліміздің және шетелдің ғалымдары тартылды. Мол­давиядағы өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтымен келісімшарт жасалып, биология ғылымдарының докторы, профессор В.А.Шляхтич зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Бұл биофа­брика мақтадан басқа да дақылдардың зиянкестеріне қарсы энтомофагтарды өндіруді қолға ала бастаған еді. Өкінішке орай, жап-жақсы басталған игілікті іс жалғасын таппай, қазіргі таңда институт филиалы емес, тек биолаборатория күйінде ғана қалды.

Е.Сабыров жақында ғана  А.Мырзахметовтің қабыл­дауын­да болып, ауыл шаруа­шылы­ғы­на байланысты тиісті мекемелер араласпаса шешілмейтін мәсе­ле­лерді қозғады.

Негізі мақтааралдықтар мақ­та­мен мақтанады. Өйткені мақ­тамен атағы шыққан аудан. Қай дақылды болсын өсіру оңай емес. Бірақ мақтаның машақаты мен көкейкесті мәселесі көп. Оны жұрт жақсы біледі. Соған қа­ра­мастан үлкен-кіші әбден төселген кәсіптен қол үзгісі келмейді. Соңғы жылдары көсек құрты ша­руа­ларды қатты мазалай бас­тады. Биыл да осының кесірінен лайықты өнім жинай алмаған шаруалар көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі араласпаса, өздері оны жеке дара шеше алмайды. Көсек құртын улы химикаттар және биологиялық өнімдер арқылы жою тәжірибеде бар. Бірақ аты айтып тұрғандай, улы химикаттың мақта дақылына пайдасы болғанымен, адам денсаулығына өте зиян. Шаруалар көсек құртынан құтылу үшін, амалсыздан оны пайдалануға мәжбүр. Бірақ мұны одан әрі жал­ғастыра беруге болмайды. Себе­бі адам денсаулығына зиян екені өз алдына, сонымен бірге шаруа­лардың күнкөрісі болып отырған жерді де тоздырып барады.

– Мақталық танаптарды тек биологиялық әдіспен биопре­па­раттар арқылы өңдеуге көшу керек. Осы мәселені бес-алты жыл­дан бері тынбай тиісті орындардың алдына қойып келеміз. Асқар Исабекұлымен кездесуден кейін бұл мәселе оң шешіледі деген үмітім бар. Өзбекстан – Мақтаарал ауданымен көрші. Онда да мақта шаруашылығымен айналысатындар көп. Бірақ олар улы химикаттарды мүлдем қолданбайды. Қолданғандар заң жолымен жазаға тартылады. Өйткені улы хи­ми­каттардың адам денсаулы­ғына және жерге зиян екенін көр­шілеріміз жақсы біледі. Сон­дықтан одан біз де түбегейлі бас тартып, биоөнімдерді жаппай пай­далануға көшуіміз керек, – дейді еңбек ардагері.

Е.Сабыров көтерген екінші мәселе – биологиялық тәсілге бөлген субсидияға байланысты. Субсидия олардың қолына жылда қараша айында тиеді. Бұл өте кеш. Себебі биоөнімдерді ерте көктемнен бастап қолданбаса, пайдасы жоқ. Оны ертерек алу қаражатқа келіп тіреледі. Ол үшін шаруаларға субсидияны сәуір айынан кешіктірмей беру керек.

Мақта шаруашылығында жо­ғары табысқа жету үшін Өз­бек­станның озық тәжірибелерін Қа­зақстанға да енгізген жөн. Мәсе­лен, Өзбекстанда 1000 гектар ал­қапқа ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізетін бір қызмет­кер арнайы бекітілген. Қазақ­станда да осылай жасаған дұрыс. Еле­кеңнің үшінші мәселесі осы.

Мақтааралда Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар. Соның жанынан өсімдік қорғау бөлімшесін ашса артық болмас. Олар тек мақта ғана емес, басқа да дақылдарды қорғау ісімен айналысар еді. Бұл үшін мамандарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мақтааралдағы институтта білікті ғалымдар жеткілікті. Бөлімшені ашу үшін мамандардың есептеуі бойынша, 35 миллион теңге қажет. Бұл көп қаражат емес. Бөлімше жұмысы жақсы жолға қойылса, шығын аз уақытта ақталар еді. Ауыл шаруашылығына жанашыр болып жүрген жанның көтерген тағы бір мәселесі осы.

Мақтааралда бос жатқан ұл­тарақ­тай жер телімі жоқ. Бұл мә­селені шешу үшін Мақ­та­арал­мен іргелес жатқан Шардара, Са­рыағаш аудандарынан жайы­лым­дық жер бөлінсе дұрыс болар еді, дейді Е.Сабыров.

Ел мүддесі үшін ерінбей шап­қылап жүрген еңбек ардагерінің А.Мырзахметовтің ал­дында айт­қан көкейкесті мәсе­лелер, міне, осын­дай.

Ғалым ОМАРХАН,
журналист

Оңтүстік Қазақстан облысы