Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Шығыс Қазақстанда жаңа нысандар ашылды

609 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент күні мере­кесін шығысқазақстандықтар кең ауқымда атап өтті. Бірнеше жаңа нысан ашылып, бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. 30 қарашада облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Арматура зауыты шағын ауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 140 орындық «Дария» атты балабақша ашылды. 

Шығыс Қазақстанда жаңа нысандар ашылды

AES компаниялар тобының қазақстандық бөлімшесі осымен облысқа екінші балабақшаның кілтін табыстап отыр. Аталмыш кәсіпорын 2012 жылы Семей қаласында 160 орындық балабақша салып берген болатын. Тәрбие ошағының ашылуына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтыған облыстың бірі екендігін, балабақшалар құрылысын бюджеттен тыс көздерден қаржыландыру өңірде дәстүрге айналғанын атап өтіп, шағын аудан тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады.

500 үйге жарық берілді

Бұл күні Өскемендегі №20 шағын ауданның тұрғындары көп­тен күткен электр қуатына қол жет­­­кізіп, мәре-сәре болды. Биыл жаз­да аталған шағын аудан тұр­ғын­­дары облыс әкімімен кездес­кен­де 500-ден астам жер үйдің жа­­рық­ты генератор арқылы алып отыр­ғанын айтып, мұң-мұқтаж­дарын жеткізген-ді. Сол кездесуде өңір басшысы бұл мәселені жыл соңына дейін шешіп беруге уәде берген болатын. Нәтижесінде, электр желісін тарту үшін бюджеттен 120 млн теңге бөлінген. Жарық келіп, көздері ашылған аудан тұрғындарымен тілдес­кен Д.Ахметов кәріз жүйесі­нің құ­рылысы келесі жылы аяқталатынын, жол мәселесі де шешімін табатынын, су құбырын тарту үшін 2018 жылы 980 млн теңге бөлінетінін жеткізіп, бір қуантып тастады.

Өскемен­дегі А.Пушкин атын­дағы облыс­тық кітапханада филология ғылым­дарының кандидаты, Сәрсен Аманжолов атын­дағы ШҚМУ-дің доценті Люция Абдуллинаның орыс тілінде жарық көрген «Назарбаевша сөйлеу» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Қазіргі күні шешендік шеберлік кәсіби қызметтің барлық саласына қажет. Көпшілік алдында шебер сөйлеудің жоғары деңгейі – карьерлік өсу сатысының кепілі. Бұл ретте біздің Президентіміз­дің сөз сөйлеу мәнері, шешендігі көп­ші­лікке үлгі», дейді кітап авторы.

Семейде 1200 орындық мектеп салынды

Тұңғыш Президент күні Семей шаһа­рында да есте қаларлық тағы­лымды шаралармен атап өтілді. Бұл күні «Ұшақтар» кенті шағын ауданында жаңа үлгідегі 1200 орындық мектеп салтанатты түрде ашылды. Жаратылыстану-математика бағытындағы білім ордасы жаңа моди­фикация сыныптарымен жаб­дықталған. Мектепте білім алып қана қоймай, балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағ­дай жасалған. Спорттық және гим­нас­тикалық құрылғылары бар екі спорт залы жұмыс істейді.

Мата, ағаш және металл өңдеуге арнал­ған соңғы технологиядағы құрал­дармен жабдықталған шеберханалар оқушылардың қолөнермен шұғылдануына мүмкіндік береді. Кең сарайдай жарқыраған тәрбие ошағының ашылуына Өскеменнен арнайы келген облыс әкімі биылдың өзінде Семейде екі бірдей білім шаңы­рағы бой көтергеніне, мемле­кет­тің білім саласына айрықша көңіл бөліп жатқанына тоқталып, мектеп ұжымы мен оқушыларды мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар аймақ бас­шысы мереке күні Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік университет­тің студенттері мен магистрантарына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еліміздің саяси, әлеуметтік жағдайы, сол кездегі қиындықтар, егемендіктің елең-алаң шағындағы Елбасының еңбегі, қабылдаған шешімдері жайында дәріс оқыды. «Сол кез­дері шынын айтқанда нарық­тық эко­номиканың не екенін білме­дік. Қазіргідей қалаған уақытың­да қарап, біліміңді толықтыра­тын интернет деген дүние болған жоқ. Сол үшін де Астанаға әр сәрсенбі сайын ұшып келетінбіз, Прези­дент бізге елді қиын экономика­лық дағдарыстан шығарудың жолдарын, қандай қадамдар жасау қажеттігін айтып, түсіндіретін», деді Д.Ахметов.

Айтулы мереке өңірдің аудандарында да кеңінен атап өті­ліп, бірқатар маңызды әлеумет­тік нысандар ел игілігіне берілді. Глубокое ауданының Алтай ауылын­да мемлекет-жекеменшік серік­тестігі аясында 100 орындық «Сәулетай» атты балабақша есігін айқара ашса, Зырян ауданы­ның Серебрянка қаласында 120 орындық «Берік» атты жекеменшік балабақша іске қосылды. Жарма ауданының Қалбатау ауылында аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшіріліп, Суықбұлақ кентіне «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде су құбыры тартылды. Тарбағатай ауданының Тана мырза және Сұлутал ауылдарына таза ауыз су беріліп, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жөнделген 19 шақырым жол пайдалануға берілді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы