Алматы қаласындағы «Масло-Дел» компаниясының бір бөлімшесі Новоишим кентінде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқыда май зауыты ретінде құрылып, 3,7 миллион еуроның шетелдік қондырғылары мен құрал-жабдықтарын орнатумен Германияның «Тиссен Крупп», «Шмидт-Зигер», Түркияның «Алтун-Таш» компаниялары айналысты.
Облыста өсірілетін астықтың 18-20 пайызы осы ауданның үлесіне тиетіндіктен кәсіпорынды салмас бұрын өндірістік қажеттілігі, майлы дақылдарды өсіру, өңдеу, жеткізу, тұтыну көздері жан-жақты ойластырылған. Тағамдық рапс майының 65-70 пайызы ғана елімізде шығарылатынын ескерсек, экономикалық тұрғыдан өте тиімді және қайтарымы мол сала екені айтпаса да түсінікті. Алғашқы жылы 10 мың тонна рапс дайындалып, әр тоннасы 160 доллардан сатылған. 150-ге тарта адам тұрақты жұмысқа тартылып, өсімдік майын сығымдап өңдеудің озық әдісін игеріп шыққан. Кәсіпорын орналасқан жерде Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жол торабы қиылысатындықтан, тасымал мәселесінде ешқандай бөгесін жоқ. Темір жол тұйығы қажетті көлік түрлерін қалауынша пайдалануға мүмкіндік береді. Былтыр бірқатар цехтар қайта жаңғыртылып, екі сығымдау, қуатты тасымалдау қондырғыларын неміс мамандары орнатып берді. Бу қазандығы Барнаулдан жеткізілді. Бұл мақсаттарға 16 миллион еуро жұмсалды.
– Бұған дейін күніне 180 тонна рапс өңделіп келсе, қайта жаңғыртудан кейін қуаттылық 370 тоннаға дейін өсті. Енді жылына 150-180 мың тоннаға дейін майлы дақылдар өңдей аламыз. Тәулік бойы жұмыс істейтін болғандықтан, жұмсалатын шығын көп. Мәселен, айына суға 1,5 миллион, жарыққа 7 миллион теңге шығындаймыз. Залалдың орнын толтыру үшін жұмысты төрт ауысымда ұйымдастырып отырмыз,– дейді кәсіпорын директоры Жиенбек Нұрғазинов.
Гидратациялау цехы осында және Алматыдағы зауытта ғана бар көрінеді. Онда жаңадан қойылған шетелдік қондырғы өсімдік майын басы артық судан айырып, жоғары сапаны қамтамасыз етеді. Рапс – өте бағалы әрі жоғары сұранымға ие дақыл. Әсіресе, протеинге бай. Шикізат осында алғашқы өңдеуден өткеннен кейін Алматыдағы май және маргарин зауытына жөнелтіледі. Одан әрі сапалы май, маргарин, майонез, кетчуп, өсімдік майы, сары май секілді халықаралық стандарттарға жауап беретін тағам өнімдері шығарылады. Кәсіпорын бұрындары ондаған мың алқапқа майлы дақылдар өсіріп келсе, енді бірыңғай өңдеу ісіне көшкен. Өндірісті шикізатпен тиісті агроқұрылымдар қамтамасыз етеді. Бұл екі жаққа да тиімді. Бірі өнімдерін тоқтаусыз өткізсе, екіншісі шикізаттан тапшылық көрмейді. Күнбағыстың дәнін аршып, оны сығымдап өңдейтін цех та жаңартылған. Құрамажем цехында күнжара өңделіп, кәдеге асады. Оның құрамы түрлі дәрумендерге бай болғандықтан, құс фабрикалары таласа-тармаса сатып алатын көрінеді. Былтыр 15 мың тонна күнжара Иранға шығарылса, биыл бұдан кем болмайтын түрі бар. Әр тоннасы 28-30 мың теңгеге бағаланған. Рапс өсіру оңай емес. Дәнді дақылдарға қарағанда өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктері көп. Бірақ баптап, күте білсе, өте берекелі. Бір тонна рапс тұқымы 150-200 мың теңге тұрады. Бір гектар алқапқа 6-8 кило сіңірсе жетіп жатыр.
– Шығыс Қазақстан облысында рапс өсірумен айналысатын бір жолдасым түсімділікті 24 центнерден айналдырып, әр тоннасын 500-600 долларға сата білді. Шетелдерде өнімділік 30-35 центнерге дейін жетеді. Біз де аз шығын жұмсап, мол өнім алудың тиімді жолдарын тынбай қарастырудамыз, – дейді сөз арасында зауыт директоры.
Биыл да рапс, соя, зығыр, күнбағыс секілді майлы дақылдарды көптеп сатып алып, өңдеу ісіне жұмыла кіріскен. Кәсіпорынның өз дүкені бар. Онда «Масло-Дел» ЖШС-нің өнімдері қолжетімді бағаға ұсынылады. Петропавл қаласындағы филиал сүт өнімдерінің ондаған түрін шығарумен айналысады.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ғ. Мүсірепов ауданы.