Бизнес • 06 Желтоқсан, 2017

Бейжіңде Ақтөбе облысының инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өкілдігі ашылды

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қытай халық республикасындағы жұмыс бабындағы сапары барысында ақтөбелік делегация өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. 

Бейжіңде Ақтөбе облысының инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өкілдігі ашылды

Шараны Қазақстан республикасының Қытай халық республикасындағы елшілігі «НК «Kazakh Invest» АҚ-мен және Ақтөбе облысының әкімдігімен бірге ұйымдастырған болатын. Оған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан республикасының Қытай халық республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев, өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары, ҚХР-дың Халықаралық сауда-саттыққа жәрдемдесу жөніндегі Қытай комитетіне, Қытайдың өнеркәсіптік-коммерциялық федерациясына, жеңіл өнеркәсіп ассоциациясына және өзге де бірлестіктерге кіретін іскерлік ортасының өкілдері қатысты.

Бердібек Сапарбаев облыстың инвестициялық әлеуетімен, негізгі өндіріс факторларымен, инвестициялауға қажет қолайлы жағдайлармен және экономиканың келешегі бар салаларымен таныстырды, сонымен қатар, өңірдің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының рөлін атап өтті.

Қытайлық инвесторларға ұсынылған перспективті инвестициялық жобалардың қатарында болат пен шойын түріндегі дайын өнім шығаратын тау-кен металлургиялық кешенінің, темір рудаларын қайта өңдейтін тау-кен металлургиялық кешенінің, қалдықтарды кәдеге жарататын электр бекетінің, ауылшаруашылығы өнімінің көлік-логистикалық орталығының құрылысы, «Ащысай» титан-цирконий кен орнын игеру және т.б. бар.

Шараның қорытындысы бойынша қол қойылған төрт меморандум өңірде мұнай-газ саласы үшін («Цихай» Шаньдун мұнай инженерлік компаниясы) химиялық өнімдерді өндіру, геофизикалық және сейсмикалық-барлау жұмыстары үшін электрондық құрал-жабдықтарды шығару  («Сиань Лухай» геофизикалық технологиялар» компаниясы), бұрғылау құралдарын (Dongying Weima Petroleum Drilling Tool) шығару саласындағы инвестициялық жобаларды, сонымен қатар, қуаттылығы тәулігіне 2,5 мың тонна болатын цемент зауытының (Sino-Harbor Construction Group Гонконг компаниясы) құрылысын  жүзеге асыруды қарастырады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь отандастарына Ақтөбе облысы басшылығының шетелдік инвесторларға үлкен қолдау көрсетіп отырғандығын айтты.

Сондай-ақ, Бейжіңде «НК «Kazakh Invest» АҚ жанынан  Ақтөбе облысының инвестицияларды тарту және экспортты дамыту жөніндегі өкілдігі ашылды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына байланысты бағдарламаны Қытай елімен бірге жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы бар. Сондықтан, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен біз «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірге өз өкілдігімізді ашып отырмыз. Біздің мақсатымыз – қытайлық кәсіпкерлерді Ақтөбе облысымен және оның инвестициялық мүмкіндіктерімен толық әрі жақсырақ таныстыру, өңірге инвестиция тарту ауқымын кеңейту, сонымен қатар, бізде өндірілетін өнімдердің Қытайға экспортталуына ынталандыру. Біз аталмыш өкілдіктің қызметінің жүзеге асырылуын қамтамасыз етеміз», деді Бердібек Сапарбаев.

Темір Құсайын

«Егемен Қазақстан»