Кеше «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы жаңа елшісі Гидо Херцтің кездесуі барысында Қазақстан-Германия әріптестігін одан әрі нығайту және жандандыру мәселелері талқыланды.
Қос елдің жетекші саяси күштері де, яғни «Нұр Отан» партиясы мен Германияның Христиандық демократиялық одағы арасында берік қарым-қатынас орнаған. Партияаралық қатынастар Центристік демократиялық партиялар интернационалы шеңберінде де дамып келеді. «Нұр Отан» Қазақстанда тіркелген Германияның халықаралық ұйымдарымен де өзара қарым-қатынас орнатқан.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, елдің әлемдік элитаға кіру жолындағы нық әрі екпінді қадамдарын қазақстандықтар, ең алдымен, Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен және халықаралық беделімен байланыстырады. Қазақстанның 20 жылдағы жетістіктерін, Президенттің демократиялық және бәсекеге қабілетті мемлекет құрудағы рөлін Еуропадағы әріптестер де жоғары бағалайды. ГФР-дің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцтің айтуынша, 2011 жыл біздің еліміз үшін тарихи маңызы бар кезең болып табылады. Себебі, биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуде.
Тараптар кездесуде екі елдің әріптестігі жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.
«Егемен-ақпарат».