Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2017

Елбасы телекөпір барысында Шымкенттегі 20 млн қорап дәрі шығаратын цехты іске қосты

373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы телекөпір барысында Шымкент қаласындағы «Химфарм» акционерлік қоғамының қатты дәрілер шығаратын цехын іске қосты. 

Елбасы телекөпір барысында Шымкенттегі 20 млн қорап дәрі шығаратын цехты іске қосты

Жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылды. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда.

Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Бұл жоба - Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бір бөлігі болып табылады.

Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен төртінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді.

«Біз жалпы көлемі 108 млн доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 5 млрд теңгеге жеткізе аламыз. «Химфармның» атынан фармацевтикалық саланы қолдап, инвесторларға ыңғайлы жағдай жасағаныңыз үшін алғыс айтамыз», - деді Урбанец.

Бүгінгі таңда зауытта 1200-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Өндірістің барлығы әлемдік сапа стандартына сай келеді. «Химфарм» АҚ жобалары Президенттің фармацевтикалық саладағы отандық өндіріс үлесін арттыру тапсырмасымен индустриаландыру және жаһандық жаңару бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Салалық GMP стандарына толық сай келетінін бұл цехта жылына түрлі дертті емдеуге арналған 20 миллионнан астам қорап дәрі шығарылады. Алдағы уақытта цех жылына 600 миллион таблетка шығаруды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді дейді компания өкілдері.