Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

Арқалықта жекеменшік емхана ашылды

1881 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арқалық қаласында «Жанұя» жекеменшік медициналық клиникасы ашылды.

Арқалықта жекеменшік емхана ашылды

Емханаға Қазақстанның өзге аймақтарынан жоғары санатты  терапевт, кардиолог, невропатолог, гинеколог, окулист, лор секілді алты дәрігер шақырылды. Бұл мамандардың барлығы бірдей қаладағы емханаларда жетіспейді, тіпті кейбірі жоқ болатын.

«Арсенал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі емхана үшін қаладағы бұрыннан қалған, бос тұрған үш қабатты үйді түгелдей қайта жаңғыртып, жөндеуден өткізді. 50 миллион теңге жұмсалған жұмыстар барысында ғимараттың шатыры қайта салынды, терезе, есіктері ауыстырылды, коммуналдық желілер орнына келтірілді.

«Бұрын қала тұрғындары лор, окулист секілді тар салалық мамандарға қаралуы үшін Қостанайға жүгіретін. Міне, емхананың артықшылығы да осы болып отыр, салалық мамандар қамтылған. Сонымен қатар, УЗИ секілді  заманауи медициналық жабдықтар алынды, онымен дәрігерлер ауру диагнозын дәл анықтауға мүмкіндік бар», дейді медбике Тамара Сергеева.

«Арсенал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Әбдіқадыр мұнда медициналық жабдықтардың өзіне 50 миллион қаржы жұмсады.

«Моноқала болғанымен Арқалықтың 28 мың тұрғыны бар. Арқалық орталықтан шеттеу жатқандықтан бұрын басы ауырып, балтыры сыздағандар дәрігерге көріну үшін басқа қалаларға бару қиын болатын. Сондықтан жекеменшік емхана ашу ойымда көптен жүрген мақсат еді. Емхана қала тұрғындарының қажетін өтейді деп ойлаймын», дейді Сәбит Әбдіқадірұлы. Кәсіпкер мұның сыртында емханаға шақырылған дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»