Қазақстандық барыстың қарышты қадамы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында серпінді жобаларды іске қосты

Егемен Қазақстан
07.12.2017 2161

Астана қаласында «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Дәстүрге айналған алқалы жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Шара аясында еліміздің барлық өңірімен тікелей байланыс орнатылып, Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді. Олардың қатарында металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жоба бар. 

Жетістіктерді зерделеп, олқылықтарды сынады

Президент жалпыұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде ауқымды индустрия­ландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін айтты. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдык көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын атап көрсетті. «Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 мил­лиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, индустрияны да, инновацияны да жасау үшін тиісті қаражат, білікті мамандар қажет әрі мемлекет дайын болуы керек. Біз бұған 2010 жылы ғана дайын болдық. «2008-2009 жылдары дүниежүзілік дағдарыстан, қаржы дағдарысынан, экономикалық дағдарыстан шықтық. Мұнайдың бағасы барреліне 10 долларға түскенін көрдік. Оның әрі-бері ауытқып тұратындығына көз жеткіздік. Шикізат бағасы бір орында тұрмайды, кейде көтеріледі, кейде түседі. Ал адам өмірі ондай емес. Мәселен, бүгін біз халыққа 300 мың теңге жалақы төлейтін болсақ, ертең «мұнайдың бағасы төмендеді» деп 100 мың теңге бере алмаймыз», деді Президент. 

 

Табыстың көзі ақыл-ой болуы тиіс

Мемлекет басшысы мұнай мен газдың аумалы-төкпелілігін төмендету үшін не істеу керектігін де айтты. «Бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Зерделеп қарасаңыздар, алдыңғы қа­тарлы мемлекеттерде, Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ бір түйір көмір де жоқ. Сингапурда қандай көмір, темір немесе мұнай мен газ бар? Швейцарияда, Германияда не бар? Бірақ ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легінде келе жатыр. Сондықтан біз білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын ғана қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша тапқанымыз жөн. 

Мен көрген Израильде, Тель-Авивте тұрған зауыт осы біз отырған кішкентай зал сияқты. Жыл сайын 10 млрд доллар ақша табады... Біз кең даламызда кеннің бәрін қазып, шығарып, қатырып жатырмыз деп ойлаймыз. Сондықтан қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл – біздің болашағымыз. Бұл – еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы. Бұл – біздің кадр­ларды дайындаудың мәселесі. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындау керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қазақтың болашағы. Осыны еске алып, жолға түсу қажет. Бірақ не болса соны жасамай, керекті, бәсекеге қабілетті дүниелерді шығаруға тиіспіз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды. «Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриялық саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс», деді Елбасы. Сонымен қатар Президент жақында Астана цифрландыру бойынша ауқымды форумды қабылдайтынын еске салып, бұл тұрғыда Ресеймен, Беларусьпен және басқа елдермен уағдаласқан қадамдар аясында алдағы ЕАЭО форумын барынша жемісті өткізу маңызды екенін айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, цифрлы технологияларды дамыту аясында ғылымға негізгі басымдық беріледі. Осы орайда Қазақстанның екі ғылыми орталығына үлкен сенім артылып отыр. «Мен Назарбаев Университетінің зертханаларын аралағанда біраз зерттеулерді көрдім, нәтижесі де жоқ емес. Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі не істеп жатыр? Шынымды айтсам, оған қолым жетпей жүр. Құрғанымызға біраз уақыт болды, қыруар ақша да жұмсадық. Алайда нәтижесі көрінбейді», деген Президент Үкімет пен Алматы әкіміне «Алатау» инновациялық технологиялар паркін жан-жақты тексеруді тапсырды. 

Елбасының пайымынша, техноло­гия­лық жаңғыртуды ойдағыдай атқару үшін адам капиталын дамыту қажет. Кәсіби мамандарды жинамай алға қойылған мақсаттарды іске асыру мүмкін емес. «Бізде білім саласы да, ғылым саласы да индустрияландыру мақсаттарына сай болуы тиіс. Кәсіби әрі білікті мамандар болмаса, ешқандай индустрияландыру да, цифрландыру да болмайды. Ал ондай мамандарды тірнектеп жинап, нақты мақсаттарға жұмылдыру керек. Олардың ойлап тапқан технологияларын қолданысқа енгізейік. «Болашақ» бағдарламасы да, Назарбаев Университеті де, жалпы барлық университеттер соған жұмыс істеуі керек. Зияткерлік мектептер дарынды балаларды іріктеп жатыр. Негізі, қазір жұмысты 25-30 жастағы азаматтарға беру керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ, бәрімізді алға жетелейтін солар», деді Мемлекет басшысы. 

Елбасы сөзінде ЭКСПО технологияларын елімізде енгізу жұмыстарына байланысты сыни ойын жеткізді. Халықаралық мамандандырылған көрмеде баламалы энергетикаға арналған 140 ғылыми жоба таныстырылған. Арада бар-жоғы екі-ақ ай өтсе де, маңызды шараны ұйымдастырғанымыз ұмытыла бастаған сыңайлы. «Бірден айтайын, мен бұл көрмені ұмытпаймын. ЭКСПО-ны не үшін өткіздік? Қыруар жұмысты не үшін жасадық? Біз әлемнің баламалы энергетика саласындағы тәжірибелерімен танысуды көздедік. Қатысушылар да келді, бірегей жобаларын көрсетті. Бұл бағыттарда міндеттер қойылды. Ал біз болсақ, келесі бетті аударып, ЭКСПО-ны жаба салдық», деген Нұрсұлтан Назарбаев маңызды шарада таныстырылған технологияларды жүйелі түрде қолданысқа енгізу қажеттігін тапсырды. Осыған байланысты нақты жоспар болғаны жөн. Шетелге барып, технологиялардың қалай жұмыс істеп жатқанын көріп, өз жерімізде іске қосу қажет. Осы жұмысқа толығымен Үкімет жауапты.

Телекөпір кезінде Қазақстанның фармацевтикалық саласы дамудың жаңа кезеңінде тұрғанына тоқталған Мемлекет басшысы бұл бағыттағы кәсіпорындарға халықаралық GMP стандарттары енгізіл­генін атап өтті. Сонымен қатар саладағы ел ком­панияларының дамуына кедергі жа­сап отырғандарды сынға алды. «Отан­дық фармацевтикалық саланың дамуын те­жеп жүргендерге тағы ескерту жа­­сай­мын. Бұл саланың өркендеуіне қа­жет­ті жағ­­дай жасалуы керек. Аталған мәсе­ле ме­­нің жіті қадағалауымда», деді Пре­зидент. 

Басқосуда Елбасы Үкіметке шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнама әзірлеуді міндеттеді. Оның айтуынша, бүгінде 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отыр. Айталық, «ТеңізШевройл» компаниясы – 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – 3 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз барлау мен өндіру» компаниясы – 2 млрд доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС – 1 млрд доллардан астам, «Бейнеу – Шымкент» газ құбыры» ЖШС – 100 млн доллар, бұдан бөлек, «Шығыс Цемент», «Жайық Мұнай», «Каспий құбыры консорциумы» және басқа да компаниялар шетелде қыруар қаражаттарын ұстап келеді. «Бұл компаниялар Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табады. Ал табыстарын шетелде ұстайды. Неге ол ақша осында айналымға түсіп, ел экономикасына жұмыс істемейді? Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 млрд доллардан 6 млрд-қа дейін ұлғайтты», деді Президент. 

 

Ілкімді жобалар іске қосылды

«Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінде орналасқан жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобаларды онлайн режімде іске қосты. Қазақстан экономикасына тың серпін беретін жаңа зауыттар мен өндіріс орындарының легін Ақмола облысындағы алтын өндіру зауыты бастады. Жобаны Президентке таныстырған «Қазақалтын» ТМК» акционерлік қоғамының бас директоры Баламир Маханов бұл құрамында бағалы металдары бар техногендік минералды түзілістерді өңдейтін ТМД-дағы алғашқы кәсіпорын екенін айтты. «Жоба алғашқы кезде Доре қорытпасымен 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіретін болады. Бағалы металдар әрі қарай Астанадағы Аффинаж зауытында өңделеді. Мұндай өндіріс еліміздегі алтын қорын толықтыруға мүмкіндік береді», деді бас директор. 

Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған кәсіпорын Қазақстан үшін ірі өндіріс орны екеніне маңыз берді. «Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр жерінде 150-ден астам кен орны бар. Соның барлығын отандық компаниялар игеретін болса, еліміздің байлығы одан әрі еселене түсетіні сөзсіз. Бұл өндіріс орны төрт тонна алтын шығарады. Демек, өте ірі жоба», деді Елбасы. Айта кетерлігі, дәл осыған ұқсас өндіріс орындарын Ақмола облысының Бестөбе жəне Жолымбет кенттерінде де іске қосу жоспарланған. Жобаның құны шамамен 30 584,8 миллион теңгені құрайды.

Металл өндіретін тағы бір зауыт Павлодар облысында ашылды. Нақ­ты­рақ айтсақ, бұл өңірде қоспалы алюми­ний өндірісі мен осы алюминийден авто­мобиль дискілерін шығаратын «Gies­senhaus» ЖШС өндірісі жұмысын бас­тады. Бұл жоба жылына 36 мың тонна қос­палы алюминийді шығаруға қабілетті. «FORWOLL GROUP» компаниялар тобы­ның бас директоры Руслан Литвинов зауыт мұндай қоспалы металдарды отан­дық әрі шетелдік кәсіпорындарға жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. «Қара әрі түсті металы бар ел ретінде бізге бұл ресурстарды өндірумен қатар, оларды өңдеп, қажетті бұйымдарды жасау да маңызды. Мен үнемі алюминийді өңделген күйінде шығаруды талап етіп келемін. Енді алюминийден басқа да заттарды шығаруға ерекше назар аудару керек», деді Президент. 

Мемлекет ауылшаруашылық өнім­дерін шығаратын кәсіпорындарды да ерекше қолдауда. Қазақстандықтарды қауіпсіз әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін үш бірдей кәсіпорын биылғы телекөпірде тұсауын кесті. Оның біріншісі – «Мас­лодел» ЖШС ашқан Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт зауыты. Жоғары техно­логиялық қондырғылармен жабдық­талған кәсіпорынның өнімдері бәсекеге қа­білетті болуға әбден лайық. Өздерінің өнімдері туралы әңгімелеген «Маслодел» ЖШС директоры Павел Селиванов жаңа отандық зауыттың өнімдері Еуразиялық экономикалық одақ нарығында сапа жағынан бәсекелесуге толыққанды дайын екенін мәлімдеді. 

Ал екінші жаңа жоба – Шығыс Қазақ­стандағы «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің сүт кешені. Бас директоры Сейілжан Сай­лаубаев серіктестіктің өндіріс ошағы Қазақ­стан Президентінің индустрияландыру саясатының жемісі екендігін айтып, жоба жылына 40 мың тонна сүт өңдейтінін жеткізді. Бүгінде осы зауыт­тың арқасында 245 жаңа жұмыс орны ашылған. Сүт кешенінің құрамында 4 тауарлы сүт фермасы, 10 сүт қабылдау пункті, 18 фирмалық сауда нүктесі бар. Зауыт басшылығы сүт өнімдерін шет мем­ле­кеттерге экспорттауға дайын.

Үшінші жоба – Батыс Қазақстан облы­сындағы «Жайық Агро LTD» ЖШС-нің құс фабрикасы. Директоры Темірғали Ескендіров барлық ауыл шаруашылығы мамандары атынан Елбасына алғысын білдіріп, «Еліміздің батыс, шығыс және солтүстігіндегі 3 жаңа тағам өндірісі – бизнес пен ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ламаның жемісі. Біз де аграрлық сала­ның өркендеуіне өзіндік үлесімізді қоса­тын боламыз», деді. Өндіріс орны­ның жұмыстарына сәттілік тілеп, өнді­рісті бастауға рұқсат берген Елбасы «Аг­рарлық сала Қазақстанның өркендеу, өсу жолындағы экономикасының негiзіне айналып келедi. Себебi қазір дүние жүзiнде халық саны ұлғая түсуде. Осыған байланысты тағам тұтыну деңгейі де артқан. Сондықтан тағам өнiмдерін шығаратын өндірістерді жолға қоймай, алға ілгерілеу мүмкін емес», деді.

Сондай-ақ телекөпір кезінде Жамбыл және Алматы облыстарының аумағында орналасқан шағын және орта бизнес ны­сандары да іске қосылды. Жаңа инно­вациялық технологиялар еңбек жағдайын жақ­сартып, өнімділікті арттырады. «Өні­міміздің 60 пайызы Ресей мен ТМД ел­деріне жеткізіледі. Біз экспорттық көрсет­кіштерімізді көтеруге ниеттіміз», деді «ОРГСТРОЙ» ЖШС бас директоры Қали Ғылымхан.

Қазақстан соңғы жылдары ескірген көліктерді жоюға, сол арқылы қоршаған ортаны ластанудан сақтауға ерекше ден қойып келеді. Осы салада жаңа жобаларды жүзеге асыру – экономиканың бас­ты саласының бірі. Енді міне, кеше­гі телекөпірде жұртшылық көптен күт­кен жаңа зауыт – ескі көліктерді өңдей­тін кәсіпорынның ашылғанын көрді. Қара­ғанды облысында орналасқан өндіріс ошағы – Қазақстандағы мұндай бағыт­тағы алғашқы жоба. 

Жаңа зауытты Елбасына таныс­тырған «Recycling Company» ЖШС Қам­қоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұрахметов жоба жылына 50 мың автокөлікті өңдеуге қауқарлы екенін жеткізді. Соның арқасында 20 мың тоннадан астам қара және түсті металл өндіруге жол ашылмақ. «Барлық технологиялық үдеріс қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Президент мырза, біз өңір мен барша елдің дамуы үшін елеулі үлес қосуға уәде береміз. Өндірісті іске қосуға рұқсат беріңіз!», деді ол. Өз кезегінде Президент елі­мізде жеңіл автокөліктің 18 түрі құрас­ты­ры­латынын айта келе, мұндай ірі жоба ел эко­номикасын елеулі үлес қосаты­ны­н атап өтті. Ескі көліктерді қайта өңдеп, кәдеге жарататын жобаға сәттілік тіледі. 

Телекөпір барысында тағы бір әлеу­ет­ті жоба іске қосылды. Ол – Орталық Азиядағы ұшақ жөн­дей­тін ірі кәсіп­орын. Жа­ңадан жұмысын бастаған «Эйр Астана» авиациялық техникалық орта­лығы өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техни­калық қызмет көрсетеді.

Техникалық қыз­мет көрсету Еуропалық авиациялық қауіп­сіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Орталықтың мұндай қауқары Астананы әуе хабы ретінде дамытуға ықпал етпек. 

Жалпыұлттық телекөпір барысында Маңғыстаудағы «Ақтау – Бейнеу» авто­жол жобасының «Ақтау – Шетпе» бөлі­гі іске қосылды. Бұл «Астрахань – Аты­рау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы» ха­лықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіреді әрі Ресей мен Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрайтын жоба Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырмақ. 

Бұған қоса Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығы ашылды. «Біз Шымкент қаласында мультимодальды кө­лік-логистикалық орталықтың құрылысын аяқтадық. Оның жүк өткізгіштігі – жылына 1 млн тонна. Біздің орталық – Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен», деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаларды іске асыру қыруар жұмысты қажет ететінін айтып, мұндай серпінді жобаны іске қосу арқылы кәсіпорын ел экономикасына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. 

Президенттің қатысуымен өткен теле­көпір барысында Маңғыстау облы­сында Құрық портының паромдық терминалы ашылды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатын көздеген жоба – Транскаспийлік көлік дәлізінің негізгі бөлігі. Бұл арқылы биыл 1,2 млн тонна жүк өткізілген. Жаңа автомобильдік-паромдық кешен жыл сайын қосымша 2 млн тонна жүк тасымалдайды. Осы кешеннің іске қосылуымен Түркияға және Еуропа елдеріне жаңа бағдарлар ашылып отыр. 

Шара барысында Елбасына таныс­ты­рылған тағы бір жаңа жоба мұнай-газ құрылғыларын ЕАЭО мен Қытай нарығына шығаратын жаңа зауыт болды. «Кәсіпорын ұжымы еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамытуды мақсат тұтады. Зауытымыз ашылғалы 120 жұмыс орны құрылды, 5,5 млрд теңге көлемінде инвес­тиция тартылды. Енді өндірілген өнімнің 20 пайызын ЕАЭО мен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз», деді «Мұнай құрылғыларының қазақстандық зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев. Мемлекет басшысы Ақтөбе облысында орын тепкен зауыттың жұмысына сәттілік тілеп, оны іске қосты. 

Осы жобамен қатар, Ақтөбе облысында тағы бір өндіріс ошағы жұмысын бастады. Ол – «Бозой» қоймасында газ­ды кептіру қондырғысы. Жобаның арқа­сында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасы­малданатын транзиттік және экс­порттық газдың көлемі артады. Жалпы, «Бозой» жерасты газ қоймасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызды нысан екені белгілі. Енді жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, газ алуды тәулігіне 27 млн текше метрге дейін жеткізбек. Бұл қондырғының ерекшелігі сол, газ сапасын арттырып, оның құрамындағы бөгде қоспаларды, ылғалды тазартады, жұмыстың өнімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Осылайша, газдың сапасы жақсарып қана қоймай, оны жер астына жіберу және қайта алу уақытын 200 күннен 150 күнге дейін қысқартады.

Биылғы ұлттық телекөпір барысында Алматы мен Астанада да ерекше жобалар іске қосылды. Алматы қаласындағы «Ин­но­вациялық Технологиялар Паркінде» дербес кластерлік қордың «Цифрлы зерт­ханасы» ашылды. Бұл жобаның артық­шылығы, мәліметтердің үлкен жиынтық қорына терең сараптама жүргізіп, өндіріс желілерін автоматтандыруды, оған цифр­ландыру технологияларын енгізуді көз­дейді. Негізінен жоба өндірістерге «Индустрия 4.0» элементтерін дамытуды бас­ты нысанасына алған. Оның құны – 350 млн теңге. 

Астанадағы Назарбаев Универ­си­тетінде робот-техникасының зертханасы ашылады. Сондай-ақ білім ордасының ғалымдары адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін өнім шығарғанын сүйіншіледі. «Бүгінде біздің зерттеулеріміз бизнес тарапынан сұранысқа ие бола бастады. Бір жобамыз нақты зерттеуден бастап өндіріске дейінгі кезеңді қамтитын ұзақ жолдан өтті. Қазіргі жаңа өніміміз «Нәр» деп аталады. Бұл – инновациялық өнім», деді Назарбаев Университетінің вице-президенті Қанат Байғарин. Аталған өнімді «Родина» агрофирмасы» ЖШС арқылы шығару жоспарланып отыр екен. Компания басшысы Иван Сауэрдің айтуынша, «Нәр» адамның иммунитетін көтеріп қана қоймай, өмірді де ұзартады. 

Телекөпір барысында Оңтүстік Қазақ­стан облысында «Химфарм» АҚ-тың дәрі­лік заттардың қатты түрін шығаратын тағы бір цехы іске қосылды. Оның қау­қары жылына 200 млн таблетка шығаруға жетеді. Жоба аясында 60 адам жұмыспен қамтылған. Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен үшінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді. «Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 1,5 млрд теңгеге жеткізе аламыз», деді Урбанец. 

Алтын сапаға лайықтылар марапатталды

Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. «Үздік индустриялық жоба» сый­лығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңе­сінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үз­дік инновациялық жоба» сыйлығы – «Re­cycling Company» жауапкершілігі шек­теулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Ря­бининге, «Сапа көшбасшысы» сый­лығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі басқармасының төр­ағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тау­арларын және ауылшаруашылық өнім­дерін шығаратын кәсіпорын» сый­лығы «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Еуразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді. 

Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый-сияпатын табыстады. Прези­денттің «Алтын сапа» сыйлығының «Өнді­ріс­тік мақсаттағы үздік кәсіпорны» аталы­мында ірі кәсіпкерлік субъектілер ара­сында – Атырау облысының «Рауан­Налко» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъек­тілер арасында – Маңғыстау облысы­ның «Каскор-Машзавод» АҚ, шағын кәсіп­кер­лік субъектілері арасында Солтүстік Қазақ­стан облысының «AVAGRO» ЖШС лауреат атанды. 

«Халыққа арналған тауарлар шыға­ра­тын үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында – Алма­тының «Алматы өнімдері» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілер ара­сында – Ал­маты облысының «Жар­кент крахмал зауыты» ЖШС, шағын кәсіп­керлік субъектілер арасында Оңтүстік Қа­зақстан об­лысының «Planta» ЖШС жеңім­паз деп танылды. Ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік су­бъектілері ішінен Астананың «Ме­ди­кер-өндірістік медицина» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъек­тілер арасында Қарағанды облы­сының «Дефектоскопия» ЖКС, шағын кәсіп­керлік субъектілері арасында Астананың «Скулбас» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді.

Асхат РАЙҚҰЛ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

14.12.2017

Қостанайдың Жітіқара ауданында заманауи астық сақтау  қоймасы ашылды

14.12.2017

Ақмола облысында Біржан сал ауданы пайда болды

14.12.2017

Студенттер «ақылды үйде» тұрады

14.12.2017

Болашақ журналистер «Егемен Қазақстанда» қонақта болды

14.12.2017

Келіншектің баласы (баллада)

14.12.2017

Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті

14.12.2017

Қостанай облысында шалғай ауылға су құбыры тартылды

14.12.2017

«Алаш жолы» атты кітап жарық көрді

14.12.2017

Қостанай облысында екі бірдей елді мекенге көгілдір отын келді

14.12.2017

Тәуелсіздікке тарту: Созақта жаңа 6 нысан пайдалануға берілді

14.12.2017

Сенат комитеті Кеден кодексінің жобасын қарады

14.12.2017

Халифа Алтайдың жары өмірден өтті

14.12.2017

Меморандум мақсатына жете алмады

14.12.2017

Тележурналист, майталман дубляжшы, режиссер Әсемғазы Қапанұлы қайтыс болды

14.12.2017

Валерий Карпин Павлодарға келді

14.12.2017

Ақтау халықаралық әуежайы 1 миллионыншы жолаушыға қызмет көрсетті

14.12.2017

Түпқараған ауданының ахуалы айтылды

14.12.2017

Марат бастамашы болған марафон

14.12.2017

«Қансонар» қанат жайып келеді

14.12.2017

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Әділеттің ақ жолынан Трампша аттау

Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің ас­та­на­сы дегенді мойындап, АҚШ ел­шілігінің Тель-Авивтен сол қалаға кө­шірілетінін мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында ғана елші­лікті көшіруді кейінге қалдырған Трамп­тың бұл шешімі қандай да бір қы­сы­мның күштілігінен екені көрініп тұр.   

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Дарын мен қарым

Дарын – тағдырдың сыйы. Ұстай алсаң құстай ұшасың, ұстай алмасаң мұрттай ұшасың. Ұстай алғанның қарымы зор. Бағы биік. Затына қарай аты, еңбегіне қарай өнбегі телегей теңіз. Ұстай алмағанның ұсқыны кірмейді. Қадамы ілгері жүрмейді. Қанша жетектегенмен, қамқорлық көрсеткен кері кетіп, күндердің күнінде күлкіге айналып, көлденең «кермеге» ұрына береді. Мұны өмір сабағына көз жібергенде көріп-біліп отырмыз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Абыздар мен Алыптар

Кезінде қазақ әдебиетінің классик ақсақалы Ғабит Мүсіреповтің «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Дәстүр және жаңашылдық» деген мақаласы жан сарайын өзі айтатын есрафіл самалындай желпіп, зиялы қауым мен жазушы жамағатқа кеңестік тымырсықтың көбесін сөккен сәуледей әсер етіп еді. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Елуден кейінгі өмір

Қазіргі қоғамымызда қызықты өзгерістер жүріп жатыр. Соның бір­азы адам жасына да қатысты.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Билер соты

Ұлы Дала өркениеті тарихында Билер сотының құқықтық, саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, рухани-дүниетанымдық, ұлттық-халықтық, философиялық құн­дылықтары айрықша. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу