Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

Достық үйі жаңа ғимаратқа көшті

646 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Катонқарағай аудандық Достық үйі Тұңғыш Президент күні мерекесінде жаңа ғимаратқа көшіп, қоныс тойын тойлады. 

Достық үйі жаңа ғимаратқа көшті

Талай жылдан бері сиқы кетіп тұрған бұрынғы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты биыл жазда күрделі жөндеуден өткізіліп, айналасы, іші-сырты адам танымастай өзгертіліп Достық үйінің игілігіне берілді. Нысанның сырты сайдингпен қапталып, шатыры жаңаланса, татулық мекенінің ауласына темір қоршаулар қойылып, демалатын орындар әзірленіп, шамдар орнатылып, шырша көшеттері отырғызылыпты. «Хаба-Жоба» ЖШС мердігерлік ұйымының күшімен жүргізілген жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 36 млн теңге қаржы бөлініпті. Аталған мекеме басшысы, жас кәсіпкер Махамбет Кешілбаев нысанды қалпына келтіру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағандықтарын айтады.

Жаңа ғимаратқа көшіп, көңілдері жайланған Достық үйінде енді бұрынғыдай төрт емес, жеті этномәдени бірлестік жұмыс істейтін болады. Қазақ, орыс, татар, неміс мәдени орталықтарының қатарына украин, белорус, өзбек мәдени ұжымдары қосылыпты. Ардагерлер кеңесіне де жайлы ғимараттан арнайы бөлме беріліпті.

«Көпұлтты еліміздегі татулық пен бірліктің бір белгісі осы Достық үйлері деп білемін. Біздің ауданымызда Достық үйі өткен жылы 1-мамырда ашылған еді. Жаңа ғимарат этносаралық бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға үлес қосатынына күмәніміз жоқ. Енді ауданның этномәдени орталықтарының заманауи және көпфункционалды мәдени орталығы бар. Мұнда тұрғындар өз тілдерін үйреніп, өзгелерге өз салт-дәстүрлері жайында мағ­лұмат бере алады», – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин жа­ңа ғимараттың ашылу салтанатында.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы