– Тілектес Исабайұлы, жуырда Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еңбек нарығында дайын маманға сұраныстың төмендегенін айтқан болатын. Бұл мәселенің себебі мен шешімі қандай?
– Елімізде 3 бейіндік және аграрлық саланың 14 мамандығы бойынша 20 жоғары оқу орны, оның ішінде жекеменшік 7 университет және 59 колледж ауыл шаруашылығына маман дайындайды. Бұл мамандықтар бойынша 7,5 мыңға жуық білімгер жетекші үш жоғары оқу орнында білім алуда. Соның 70 пайызға жуығы біздің университетте оқиды. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – агроқұрылымдардың ұсақтығы. Ауылшаруашылық өнімін өндірумен 185 мыңнан астам агроқұрылыммен қатар 1,6 миллионға жуық үй шаруашылығы айналысады. Жалпы, агроқұрылымдардың 96 пайызы (177,6 мың) шаруа қожалықтары. Олардың жер көлемі мен шаруашылық деңгейі интенсивті негізде кең көлемде тауар өндіруге мүмкіндік бермейді. Жалпы өнімнің 27 пайызы осы іспетті шаруа қожалықтарына тиесілі болса, ал 40 пайызы егістік жері 10 гектардан аспайтын фермерлерге тиесілі. Шаруа қожалықтарының 81,2 пайызының егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Яғни бұл саладағы өнімділік деңгейі төмен екендігін көреміз. Сонымен қатар үй шаруашылығына елдегі мал шаруашылығы жалпы өнімінің 74 пайызы тиесілі. Ұсақ құрылымдар өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновацияны енгізу, қауіпсіз азық-түлік жеткізу мәселелерін өздігінен шешуге қабілетсіз. Сондай-ақ білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндігі шектеулі. Көпшілігі жас мамандарды лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан аграрлық мамандықты меңгерген түлектер ауылға баруға құлшынбайды. Бұған дейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бұл саладан «Ветеринарлық медицина» мамандығы ғана қосылған екен. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен университеттің ұсынысымен бағдарламаға үш мамандықты қосуға қол жетті. Енді алдағы жылдан бастап жас агрономдар, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандары қосымша қаржылық қолдау мен әлеуметтік көмекке ие болады. Яғни жас мамандарды тарту үшін ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуін және ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды жүргізу қажет.
Ауылға жас маманның келмеуінің тағы бір себебі – кейінгі жылдары аграрлық мамандықтарда оқитын қыз балалар көп. Мысалы, бізде бакалавриатта білім алушылардың 60 пайызы – қыздар. Сондықтан әскер қатарынан оралып, аграрлық сала бойынша оқуға түсетін талапкерлерге бірқатар жеңілдік қарастырылуы қажет. Осы санаттағы талапкерлер қажетті өту балын алған жағдайда оқуға конкурссыз қабылдануы тиіс. Ал колледж бітірушілер ақылы оқуды таңдаған жағдайда, оларды әңгімелесу арқылы қабылдаған дұрыс. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ережесін де қайта қарау қажет. Сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша мақсатты гранттарды облыс әкімдігінің тапсырысы негізінде беру және оны өндірісте 5 жыл еңбекпен өтеуді қарастыру қолайлы шешім болар еді. Тағы бір мәселе, көптеген мемлекеттік гранттар маманданбаған жоғары оқу орындарына кетеді. Бұл маман дайындау сапасына кері әсер етеді. Сол себепті мемлекеттік гранттардың 70 пайызын аграрлық саладағы жетекші жоғары оқу орындарына бөлген абзал.
Жуырда үкіметаралық делегация құрамында Беларусь пен Қазақстан жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылым-білім консорциумының қызметін үйлестіру бойынша жұмыс комиссиясының VI отырысына қатыстым. Беларусьтік әріптестермен маман дайындау және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша пікір алмастық. Мысалы, Беларусь мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясының мақсатты дайындық бойынша білім алған түлектері өндірісте 5 жыл, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алғандары 2 жыл жұмыс істейді. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектеріне де қатысты болғаны жөн деп есептейміз.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында ауыл шаруашылығы мамандығына гранттардың көптеп бөлінетіндігіне қарамастан, жоғары білімді кадрларға тапшылық байқалатыны айтылды. Бұл жағдайды сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– Иә, 2014-2016 жылдары мамандарға және ғылыми кадрларға деген жалпы қажеттілік 6 456 адамды құрағаны көрсетілді. Кадр тапшылығы негізінен ғалым-агроном, ветеринар дәрігер, зооинженер, инженер-механик, инженер-технолог, экономист, бухгалтер сияқты мамандықтар бойынша сезіледі. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, АӨК субъектілерінің 80 пайызы мамандарға зәру. 13 мыңнан астам заңды тұлғалардың – ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен басшылық құрамында қызмет атқаратын мамандардың 12 пайызының ғана аграрлық жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар. Маманды сапалы дайындау үшін заманауи үлгіге көшу қажет. Яғни білім беру инновацияға бағдарланған кәсібилік дағды мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуы тиіс. Болашақ мамандар агробизнесте инновациялық технологиялар мен жаңа білімді ұтымды пайдалана білуі қажет. Бұл мақсатта университетте барлық мамандыққа агробизнесті ұйымдастыру, кәсіпкерлік қызметті басқару, жобаларды басқару іспетті пәндер енгізілді. Агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығында студенттер агроқұрылымдарда бизнес-жоспар әзірлеуді үйренеді. Бұл диплом жұмыстарына жеке бөлім болып енгізіледі. Яғни білім алушы нақты экономика мәселелерін шешуге ықпал етеді және нәтижесі тиімді болса, кейін жұмысқа орналасуында қиындық болмайды. Жоғары оқу орнының міндеті – жақсы білім берумен бірге, білім алушының қабілеті мен талантын ашуға бағытталған. Университет студенттердің болашақта бизнесмен болуына ықпал ететін орта жасауда. Дайындықтың үш деңгейі – диплом жұмысы магистрлік жұмысқа, әрі қарай докторлық жұмысқа жалғасады. Сонда нақты ғылыми нәтижеге қол жеткізуге болады.
Дипломдық жұмыс нәтижесінде өндіріске енгізілетін нұсқаулық дайындалады және стартап жобалар құру жұмысы осыған бағытталған. Кафедраларда ғылымның барлық бағыты бойынша 70 стартап іске асырылуда. Атап айтқанда, дронды қолдану арқылы ауылшаруашылық жерлерін қашықтықтан барлауға арналған «Flyworx», талдау және маркетингтік зерттеуге бағытталған «GreenPoint Marketing», қалалық типтегі инновациялық жылыжайларды іске қосу үшін «UrbanGreen», жедел ветеринарлық көмек көрсетуде «Айболит» жобалары. Студенттеріміз нидерландтықтармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесіне инновациялық жобалар ұсынды. Көрме барысында шетелдік компаниялармен келісімшарттарға қол қойылды.
Барлық өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытып келеміз. Мысалы, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қанатқақты жобалар анықталды. Әр аудандағы ірі агроқұрылымдарда, қайта өңдеу кәсіпорындарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында агромамандар дайындаудың барлық бағыты бойынша оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар ашылды. Осы 500 қанатқақты шаруашылықта 7 айға дейінгі мерзімде тәжірибеден өтеді. Университет білім, ғылым және өндірістің өзара әрекеттестігінің инновациялық моделін қалыптастыра алды. Мәселен, «Байсерке Агро» оқу-ғылыми-өндірістік орталығында ауылшаруашылық дақылдарын өсіру-өндіру барысында отандық ғалымдар ұсынған инновациялық технологиялар қарқынды енгізілуде. Білім алушылар осы орталықта тәжірибенің барлық түрінен өтеді. Осындай ғылыми негіздегі жұмыстар басқа да ұйымдармен жүргізілуде.
Тәжірибелік дайындықты күшейту үшін университетте студенттік ветеринарлық, жерге орналастыру, механика-
ландыру, өсімдіктерді қорғау, гидромелиоративтік жұмыстар бойынша жасақтар еңбек етеді. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, креативті ойлай білетін, инновациялық бағдарланған мамандар дайындау үшін барлық жағдай жасалған. Біз бұл үшін дамыған ғылыми-білім инфрақұрылымын құру және жоғары білікті, құзыретті кадрлық әлеуетке ие болу керектігін жақсы түсінеміз. Өйткені маман жұмыс берушінің талабына сай болып, еңбекке бірден кірісіп кетуі, яғни шаруашылық оны оқытып үйретуге уақыт пен қаржы жоғалтпауы қажет.
– ҚазҰАУ – индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында маман дайындаудың базалық жоғары оқу орындарының бірі. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда?
– Иә, ҚазҰАУ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында өнеркәсіптің екі, яғни тамақ және химия салалары бойынша кадр дайындауды қамтамасыз ететін 10 оқу орнының бірі. Осы ретте «Нұрлы жол» орталығы ашылып, «Технологиялар мен азық-түлік өнімдері сапасының инновациялық ғылыми-білім беру орталығы» құрылғанын айта кеткен жөн. Ал 2015-2016 жылдары жаңа 4 зертхананы заманауи қондырғылармен жабдықтау үшін Үкіметтен 642,5 млн теңге бөлінді. Құрылған зертханалар маман дайындаудың барлық деңгейі бойынша азық-түлік шикізаты, өнім сапасы мен қауіпсіздігі технологиясы, өсімдік және мал өнімдері шикізатын өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу, азық-түлік өнімдері технологияларының дамуына ықпал ету және тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа технологияларын әзірлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасын анықтау бойынша талдау жүргізу бағыттарын қамтиды. Зертханалар эксперименттік және ғылыми зерттеулерді жоғары нақтылықпен және өндіріс жағдайына жақын орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, «Жасыл биотехнология және жасушалық инженерия» зертханасында зерттеулер тамақ өнімдеріндегі ксенобиотиктерді анықтау әдісімен жүргізіледі. Бұл жерде микроағзаны идентификациялау және жануарларды генотиптеу бойынша міндеттер шешіледі. Жануарлар мен өсімдік ауруларына диагностика жасағаннан кейінгі қорытындылар әр құрлықтағы 34 агротехнологиялық орталыққа, шетелдік серіктестерге диагнозды нақтылау үшін жіберіледі. Асыл тұқымды малдардың, ауылшаруашылық дақылдары сұрыптарының банкін құру және алынған нәтижелерді тиімді пайдалану үшін цифрлы биоинформатика зертханасын ашу жоспарлануда. Бұл ауруды анықтау және емдеу бойынша жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта аталған ИИДМБ зертханалары аккредиттеу рәсімінен өтуде. Осы шаралардың оң әсерін университет қызметкерлері қызмет ететін зертханаларды қосымша жабдықтау үшін жалпы сомасы 441 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба әзірленгенінен, майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен көкөніс дақылдарын өндіру мен өңдеу бойынша зертханалар ашу жұмыстарынан көреміз. Республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылға арналған жоспарында бұл мақсатқа 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек.
Жақында Парламентте индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржыны тиімді қолдану нәтижесін тексеруге арналған отырыс болды. Жаңа инновациялық лабораториялар мен оның аккредиттеуден өтуі, түлектердің үшжақты келісімшартпен жұмысқа орналасуы бойынша университетіміз үздік ондыққа енді.
2010 жылдан бастап біз алғашқылардың бірі болып ұлттық зерттеу университетін трансформациялау үдерісіне кірістік. Трансформациялану аясында аграрлық ғылым, білім және өндіріс интеграциясын күшейту, аграрлық кешенге инновациялық технологияларды енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар дайындау үшін 2015 жылы АӨК инновациялық технологиялардың халықаралық зерттеу институты құрылды. Агрохаб құрамында Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы қызмет етуде. Бүгінде орталық құрылымында университет базасындағы көрсетілім алаңы мен «Агроуниверситет» оқу-өндірістік шаруашылығы базасындағы өндірістік-сынау алқабы (полигон) бар. Көрсетілім алаңында 80-нен аса заманауи техника, техникалық құрал-жабдықтар жинақталған. Бұл білімгерлердің «егістіктен тұтынушыға дейін» сипатындағы технологиялық тізбекті толық зерттеуіне, ауылшаруашылық техникасында жұмыс істеудің, технологиялық үдерістерді басқарудың тәжірибелік дағдыларын игеруін, кіріс пен шығыс есебін жүргізуіне, нақты өндіріс жағдайларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауына мүмкіндік береді.
– Сіз жетекшілік ететін оқу орны Орталық Азия агротехнологиялық саммитін ұйымдастырып келеді. 2017 жылдың 8 желтоқсанында Алматы қаласында өтетін кезекті басқосудың мақсаты мен жұмыс бағыттары туралы айтып өтсеңіз.
– Саммиттің негізі мақсаты – отандық агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету. Биылғы саммит ауыл кәсіпкерлерінің ғалымдармен кездесуіне және өзекті мәселелерді талқылауына негізгі алаң болмақ. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде өнімді жинау, сақтау және қайта өңдеуге қатысты заманауи инновациялық технологиялар қолданылады. Аграрлық нарықты терең талдау үшін жер серіктері мен басқа да зерттеу құралдарын пайдалана отырып қол жеткізген зерттеу нәтижелері басты назарға алынады. Өйткені деректер көлеміне, оны цифрлық өңдеуге және шешімдер қабылдауда сүйенуге болатын нақты қорытындыларға қажеттілік жыл сайын өсуде. Агрохаб қызметкерлері университеттегі жаңа технологиялар мен білімді жедел трансферттеуге арналған цифрлы талдау орталығы жұмысының нәтижесімен таныстырады. Мәселен, өндірісті роботтандыру – ірі фермерлік шаруашылықтар үшін өзекті мәселе.
Осылайша университеттің барлық қызметі еңбек нарығында сапалы мамандар даярлауға және ауылшаруашылық өнімдерінің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»