Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2017

Астана - Мәңгілік Елдің мерейі

2618 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылған ауқымды шараларды сөз еткенде бірінші кезекте мемлекетіміздің ресми орталығын Арқа төсіне көшіру ісі санамызда жаңғырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, жасампаздықпен жүзеге асырылған бұл игілікті істің нәтижесінде жаңа елорда – Астана ел тәуелсіздігінің басты нышанына, жалпыұлттық құндылыққа және халықты ынтымаққа, ортақ мүддеге жұмылдыра білген халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталыққа айналды.

Астана - Мәңгілік Елдің мерейі

Ел орталығын Алматы қаласынан Ақмолаға ресми түрде көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырылды. Ал Президенттің 1998 жыл­ғы 6 мамырдағы Жарлығы негі­зінде Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, оның халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусы­мында өтті. Бұл көрсетілген айтулы күн­дер­дің бар­лығы Астана тарихында алтын әріп­пен жазылып қалды. Дегенмен, кезінде Алатаудан Арқаға бағыт алған бұл көштің ресми тұрғыда 10 желтоқсанда басталғанын назарға алар болсақ, осы күннің еліміз үшін маңызы зор екенін ұға түсеміз. 

Астана ә дегеннен қайнаған тір­шіліктің, саяси, экономикалық, рухани-мә­дени ірі оқиғалардың ордасына айналып шыға келді. Жаңа елордамыздың бір жыл өтер-өтпес уақытта, яғни 1999 жылы ол ЮНЕСКО ұйғарымымен «Әлем қаласы» деген мәртебелі атақты еншілесе, көп ұзамай, дәлірегі 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданды.

Елордамыздың Еуразия құрлығының ортасында орналасуы еліміздің тыныс-тіршілігін жаңа бағытқа бұрды. Барлық жағынан алып қарасаңыз да тиімділігін көрсетті. Әсіресе Астананың ыңғайлы орналасуы еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы ықпалдастықты өрістетуге, транзиттік көпір ретіндегі рөлін арттыруға кеңінен жол ашты. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экономикалық дамуына, елордамыздың беделінің өсе түсуіне тың серпін берді әрі қаланың инвестициялық климатын жақсартты. Соңғы деректерге қарағанда, жалпы елімізге құйылған инвестициялардың 10 пайызы елордаға тиесілі.

Бүгінде Астана экономикасына қуат беріп отырған өнеркәсіп, сауда, көлік қатынасы, байланыс және құрылыс салаларындағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылған. Әсіресе құрылыс тауарларын, азық-түлік өнімдерін шығаруда табыс мол. Қаладағы заманауи ірі кәсіпорындар қатары жыл өткен сайын толыға түсіп, көптеген жұмыс орындары ашылуда. Қазіргі таңда еліміздегі ірі бизнес орталығы болып саналатын Астанада шағын және орта бизнес дамып, кәсіпкерлік саласы өркен жайған. Мұнда қызмет көрсету орындары уақыт талабына сай жетілдіріліп, бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.

Елорда құрылыс саласында еліміз бойынша көш бастап тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға жүздеген отандық және шетелдік компаниялар тартылған. Астана құрылысы Елбасының ұдай назарында. Қаланы сәулеттендіре түсуге арналған шараларды жүзеге асыруда Мемлекет басшысының Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін үйлестіру идеясы басшылыққа алынып келеді. 

Астана келбетіне ой жүгіртсеңіз елорда бойтұмары аталып кеткен «Бәйтерек» кешені, бірегей нысандар – «Тәуелсіздік» сарайы, «Бейбітшілік және келісім» сарайын, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «Думан» орталығы, «Астана опера» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, Ұлттық музей және тағы басқа да әсем де еңселі, халық игілігіне бағытталған ғимараттар көз алдыңызға келеді. Осы орайда Астанадағы спорттық кешендер тұрғысында да айта кетуіміз керек. Бүгінде қарапайым жұртшылықтың көзайымына айналған, елімізде бұрын-соңды болмаған спорттық ғимараттар – «Астана-Арена» стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» мұз айдыны, «Барыс Арен» спорт кешені сынды кешендердің жөні бөлек. 

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Астана ұрпаққа тәрбие, білім беру ісінде, жастарға қолдау білдіруде көптеген табыстарға қол жеткізді. Мұндағы Назарбаев Университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті жастардың замана талабына сай білім алуларына мүмкіндік беруде.

Астанада беделді халықаралық ұйымдардың саммиттері, әлемдік маңызы зор түрлі форумдар мен түрлі ауқымды шаралар өтетін тиімді үнқатысу алаңына айнала білді. Бұл орайда елордада тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Астана экономикалық форумын, «Астана процесін» ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ, Астанада ЕҚЫҰ-ның, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиттері өткізілгені елорданың ғана емес, бүкіл еліміздің абыройы болғаны баршаға аян. Сонымен қатар биыл мұнда ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті ұйымдастырылғанын ерекше атап көрсеткеніміз орынды.

Бүгінде халық арасында «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген тіркес жиі айтылады. Бұл негізінде дұрыс қалыптасқан ұғым. Өйткені, Астана бүкіл Қазақстанның келбетін айшықтайды. Әлем жұртшылығы Қазақстанды Астанаға қарап бағалайды. 

Қорыта айтқанда, Қазақ елінің, ұлтымыздың брендіне айналған Астана қысқа ғана уақыттың ішінде мол табыстарға жетіп, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл Елбасы еңбегінің жанғанын, халық тілегінің қабыл болғанын білдірсе керек.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»