Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2017

Қарулы Күштерде жаңа оқу жылы басталды

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылғы 4-9 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскерилердің жауынгерлік әзірлігі мәселелері бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізіледі.

Қарулы Күштерде жаңа оқу жылы басталды

 Бұл сабақтардың мақсаты – Қарулы Күштердің хабарландыру жүйесін тексеру, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесін жүргізу барысында әскерлерді басқару кезіндегі басқарма (штабтардың) органдарының үйлесімділігін арттыру және мақсат бойынша тапсырмаларды орындау, жинақтаушы жергілікті әскери басқару органдарымен, өзге де әскерлер мен әскери құралымдармен өзара іс-қимылға қолдау көрсету. 

2018 жылы әскерлердің дайындығында негізгі күш әскери басқару органдары мен әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын қолдауға шоғырландырылмақ. Сонымен бірге 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы және Қазақстан Рес­­публикасының Әскери доктринасында айқындалған тапсырмалар шеңберінде әскерлердің (күштердің) жауынгерлік қабілетін арттыру бойын­ша кешенді іс-шаралар қабылдау жоспар­лануда. 

Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлім­дерінде тактикалық-саптық сабақ­тар жаңа оқу жылына арналған сал­танатты сап түзеулер мен митингілер өт­кізуден басталды. Сабақтар «қарапайым­­нан күрделіге дейін»­ принципімен өт­кі­зілетін болады. Әскер­лерде қатар­да­ғы­ жауынгерден бастап генералға дейін, бар­­­лық деңгейдегі штаб­тардың қатысуы­мен, жауынгерлік техни­каларды шығару және далалық жасақтау пункттерін құру бойынша жауынгерлік әзірлік мәселелері пысықта­латын болады. Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілері жауынгерлік дайын­дықтарды ұйымдастыру және әскерлерді басқару бойынша іс-қимылдар­ды тәжірибе түрінде орындайды. Сабақтар бөлімшелер мен взводтар, роталар мен батальондар, әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар (әскер тектері), одан соң әскер түрлері деңгейінде және Қарулы Күштер көлемінде өткізілетін болады. 
Еске салар болсақ, 2018 оқу жылы Қазақ­стан Республикасының Қарулы Күштерінде «Ұлы дала әскері – Мәңгілік ел тірегі!» ұранымен өткізілмекші.

Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ