Фото: motor.kz
Салтанатты түрде өткізілген шарада тыныштық пен тәртіпке қызмет етуге бел буып, жаңадан қызметке тұрған бірнеше жас маман ант қабылдады. Бірқатар қызметкерге офицерлік шен табыс етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мінсіз қызмет атқарған 120-дан астам полиция қызметкері Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен және облыстық ішкі істер департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Көлік кілтін табыс ету үшін арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі.
– 2017 жылы облыстың ішкі істер органдарына 11,9 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының 3,2 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалып отыр. Осындай қолдау қылмыс пен құқық бұзушылықтың деңгейін төмендетеді деп сенемін. Өйткені облыс тұрғындарының өмірі мен тыныштығы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан қоғам мен мемлекеттің мүддесін және азаматтардың құқығын сақтауда мүлтіксіз қызмет еткендеріңіз үшін сіздерге ризашылық білдіргім келеді, – деді ол.
Бұл күні ішкі істер департаментінің көлік базасы 29 арнайы құрылғылармен жабдықталған автокөлікпен, ал төтенше жағдайлар қызметінің иелігі жол талғамайтын 10 көлікпен толықты. Жиын барысында осы күнге дейін атқарылған бірқатар шаруалар жөнінен есеп берген облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Марат Күштібаев ауылдық жерлерде еріктілер топтары құрылып, Жетісу жеріндегі қылмыс пен құқық бұзушылықты азайтуға үлес қосып жатқанын айтады. Одан бөлек, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қала әкімдігі 100 ерікті жасақшыны айлық жалақымен қамтамасыз ету үшін 100 миллион теңге бөліпті. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде қала көшелерінде жасалатын қылмыс пен қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылық азайған.
Бұдан бөлек, биыл жеке құрамды тасымалдау үшін жергілікті полиция қызметкерлеріне 5 автобус және 95 автокөлік алынған. Полиция жасақтарын арнайы және белсенді қорғаныс құрылғыларымен қамтамасыз ету де күн санап жолға қойылып келеді. Мәселен, 772 портативті бейнежазба құрылғысы өңірдегі полиция қызметкерлерінің 93%-ның қолдануына беріліпті. Аудандар мен қалаларға, халық көп жиналатын қоғамдық орындарға 346 бейнебақылау камерасы орнатылып, әр аймақтағы тәртіп бұзушылықты облыстық ішкі істер департаментінен тікелей бақылауға жағдай жасалған. Алдағы уақытта осындай 420 бейнекамера орнату жоспары тұр. Оның 396-сы облыс орталығы Талдықорған қаласына қойылады. Сондай-ақ облыстың Қапшағай, Текелі, Қаскелең, Жаркент сынды 4 қаласына 550 бейнебақылау камерасын орнату туралы құжаттама дайындалуда.
Тағы бір жақсылықтың нышаны – облыс бойынша екі арнайы қабылдау мекемесінің құрылысы басталыпты. Бұл, өз кезегінде, атқарушы билік пен қарапайым халық арасындағы байланысты нығайтып, қылмыстық істерге қатысты процестердің ашық жүргізілуіне мүмкіндік туғызады.
Осыған дейін жұмыс істеп тұрған тұрғын үйімен қоса салынған 44 бекеттің саны 30-ға артты. Облыс әкімінің айтуынша, енді 26 бекеттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 34 полиция бекетін тұрғызуға қажетті қаржы бөлінген. Соның бәрін қосқанда облыс бойынша 220 заманауи учаскелік полиция бекеті жақын арада пайдалануға берілетін болады.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы