Жасы үлкен кісіге келін болғанымен өзге отырғандарға апа-ана жасына жеткен әйел есіктен кірген бойда босағаға, дуалға арқасын сүйей отыра беріп: «Не айтасыздар?!», дегендей жұрт отырған жаққа бір көз жүгіртіп өтті.
– Ал келін қарағым, «Болған іске болаттай берік бол», деген, тағдырдың ісі. Өмірлік серігің еді, тағдырдың ісіне не амал бар, арты қайырлы болсын. Енді ана балаларға ие бол, құдай саған қуат берсін! «Орнында бар – оңалар», деген емес пе, балаларың аман болса әлі-ақ жетіліп кетесіңдер. Келін түсірдің, немере сүйдің. Алла тағала алдағы өмірлеріңе жақсылық жазсын. Өмірден озған ініміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», деп әлгі төрде отырған қария қара жамылған келініне көңіл айтып, біраз тілегін жеткізіп алды да сөзін әрі қарай жалғап:
– Ал енді тірі адам тіршілігін жасау керек қарағым, ертең елге беретін жыртыс, телім-тәбәрік деген болады, ініміз жас емес, пайғамбар жасынан асты, сол жол-жоралғыларды біз де жасауымыз керек. Бұл бір, екінші қабірдің басынан келген соң сүйекшілер мен жиналған жұртшылыққа берілетін ас-ауқат тағы бар, – деп келініне сұраулы кейіппен қарады.
– Кемінде 20-30 адамға телім, қалған жұртшылыққа бір-бір орамалдан жыртыс-тәбәрік берілу керек шығар, – деп отырғандардың бірі өз ойын қосты. Осы арада әлгі сөз бастап отырған қария:
– Шамамен қанша адамға ас әзірлесек болар екен? – деп кеңескендей сыңай танытты.
– Кемінде 250-300 адамға ас әзірлеу керек шығар, шамасы солай сияқты. Бұл қапталда отырған ағайынның сөзі. Жиналғандар кететін шығынды есептеп, сомасын шығарды. Сөйтті де:
– Келін шырақ, сен осы қаражатқа әрекет жаса, ал біз осындағы ағайын-туыс, ауылдастар болып түнімен мал сойып, ертеңгі іске кірісеміз, – деп әлгі қария сөзін түйіндеді.
– Рахмет сіздерге, ал мен мына сіздер есептеген қаражатты өсімге алсам да қалайда табамын, – деген қосағынан айырылып, қара жамылып отырған әйел жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, әзер дегенде орнынан тұрды. Осылай біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей орта құбыл өмір кешіп келген марқұмды о дүниеге шығарып салу үшін түнде бір жылқы, үш-төрт қой, өрік-мейіз, қазы-қарта, тәтті-пәтті әзірленді.
Ал түнімен жүріп есік қаққан Тәтіміш апа бір-екі жерден өсімге ақша әкеліп, жаратты да: «Өмірде серік болған қосағым, бала-шағамның әкесінен немді аяймын, аруағы риза болсын, алған процентімді азын-аулақ зейнетақымнан шетінен төлеп құтылармын, құдай амандығын берсе», деп өз көңілін өзі демеді.
Әлгі шығын шығын ба, бұл үйде марқұмның аруағына арналып жеті күндігі, апта сайын бейсенбілік, одан соң қырық күндік асы берілді.
Осыншалық ауыртпалық, қайғы-қасірет пен қара жамылып отырған отбасының жағдайын көріп-біліп отырып ойланбасқа бола ма? Көрмеген, білмеген болып теріс қарап жүре беруге дәтің шыдамайды екен. Бұл жағдайларға байланысты Құран кәрім мен хадис шарифтерде айтылған не бар өзі?
Сан сұрақ. Ал хадис шарифтерде айтылған талаптарға құлақ түрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Ас-ауқатты ысырапшылдыққа салып, өсім берудің өзі (процентке ақша берудің) үлкен күнә екен. Тұла бойың дірілдеп, жүрек зуылдайды. Қарап отырсақ, осының бәрі өзіміздің қолдан жасап отырған шығынымыз бен шырылымыз екен. Әйтпесе мұсылмандық, имандылық пен әдет-ғұрыптарды уағыздайтын кітаптардың ешқайсысында да марқұмды аста-төк дастарқан жасап, ысырапшылдықпен шығарып сал, бейсенбі сайын Құран оқытамын деп ас беріп отыр деген сөз жазылмаған да, насихатталмапты. Керісінше, дастарқан жайып, үстіндегі наннан бір үзіп жеп, Құран оқысаң да сауабы тиеді екен.
Осы айтылғандардың бәрін ой елегінен өткізген Бәйдібек ауданының қариялары аудан имамы Серғали Байниязовтың бастамасымен соңғы айларда өлік шыққан үйде аста-төк ас беруді тоқтатып, тек қана бірлі-жарым алыстан келген қонақтарға ауылдастары әкелген астан дәм татқызатын жүйені қалыптастырды.
Рас, бала кезімізде қайтыс болған үйге көрші-қолаң бірінен соң бірі табақ көтеріп келіп, дастарқанның үстіне нан-тоқашын салып жататын. Келген қонақтарды да сол өздері күтіп, жүгіріп жүретін. Ал үйдің иелері болса бірнеше күн бойы аза тұтып, әйел балалары жоқтау айтатын. Кейін келе-келе кейбір дүмше молдалар: «Жоқтау айтып, дауыс шығара жылау ол Алла тағалаға қарсылық болады», дегенді айтып, шолақ уағыз жасаумен тоқтатып тастағанын да білеміз. Сөйтсек, жоқ Құран кәрімді тереңірек оқысақ, олай емес екен. Жылаудың да, жоқтаудың да өз жолы, өз сөзі, өз мағынасы болатынына көзіміз жетті.
Иә, сол бала кезімде ата-анамызға ілесіп барып жүріп кейбір үйлердің есігінің алдында төңкерулі жататын қара қазанды көретінбіз. Сөйтсек бұл дегеніңіз өлік шыққан үйде үш не жеті күнге дейін қазан көтерілместен, сол жеті күн өткеннен соң барып әлгі төңкерілген қазан қайта оңғарылып, орнына қойылады да, ас әзірленеді екен. Сонда бұл нені білдіреді? Әрине онсызда адамынан айырылып, қара жамылып отырған отбасына артық салмақ салып, шығынға жол берілмесін дегендік екен ғой.
Бәйдібектік қариялар, ардагерлер кеңесі мен ауылдың билері, әжелер алқасы мен тағы басқа қоғамдық ұйымдар болып бас қосқан алқалы жиында бейсенбілік беру мәселесі де сөз болды.
– Бұл бейсенбілік деген бар адамға білінбес, ал кейбір отбасыға әжептеуір-ақ шығын, ауыртпалық әкеледі. Бейсенбілік беру деген еш жерде, діни кітаптардың ешқайсысында да айтылмаған. Олай болса аруаққа арнап кез келген уақытта Құран оқыта берсе болады ғой. Оған соншалықты мал сойып, базар барудың не қажеті бар? – дегенді айтып, ой тастады Аулақұл Әбенов деген ақсақал.
Бұл пікірді екеу қостады, біреу қостамады. Бірақ айналып келгенде көпшілік: «Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы мен жылын ғана беру керек шығар. Тіптен жүздігін өткізу деген де артық мәселе», деген пікірге тоқтап тарасты.
Аз айтып, көп айтқанда бір Алла тағаланың көзі тура болсын! «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», демекші жолдан қосылған кейбір дарақы дәстүрлерден де арылғанымыз да жөн болар. Жасы 70-80-90-ға келген қарияларға ғана: «Тәбәрік болсын, жасымыз соған жетсін!» деп ырымдап, жыртыстың берілгені де дұрыс шығар, ал былай әйтеуір жаппай жыртыс, телім үлестіре беруді мен өзім дүние шашу деп білемін. Әрине бұл менің жеке өз пікірім ғана. Ал халық, имамдар не дейді екен?
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы,
Шаян ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі
Оңтүстік Қазақстан облысы