Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2017

Қазақстанда су ресурстарын бағалаудың халықаралық орталығы ашылды

1283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше «Хилтон» қонақ үйінде Қазақстандағы су саясатының ұлттық саяси диалогы туралы кездесу өтті. 

Қазақстанда су ресурстарын бағалаудың халықаралық орталығы ашылды

Отырыста Орталық Азия елдерінің трансшека­ралық су ынтымақтастығын нығайту бойынша ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда Су ресурстарын бағалау бойынша халықаралық орталық ашылды.

Кеңесте Орталық Азиядағы су саясаты саласын­дағы өңірлік диалог туралы жаңа бастама көтерілді. Ол 2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенциясы Тараптары кеңесінің сегізінші сессиясына ұсынылатын болады.

Аста­надағы кеңсесінің ашылуы өңірлік диа­лог­тың­ тиімділігін арттыруда және су про­блемалары бойынша халықаралық ұйымдармен ын­тымақ­тастықты кеңейтуде тағы бір қадам болды. Орта­лықтың Қазақстандағы қызметі өңірлік және жаһан­дық су проблемалары бойынша халықаралық ғылыми орталыққа айналуға мүмкіндік береді және әлемдік қауымдастыққа өз үлесін қосады, деп атап өтті министрлік өкілдері.

Еске сала кетейік, Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану ту­­ра­лы конвенция (Су конвенциясы) 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) қабылданып, 1996 жылы күшіне енген. Қазақстан 2000 жылғы 23 қазанда аталған конвенцияға қосылды. Орталық Азия елдерінен Конвенцияның тараптары қатарына Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан да енген. Су конвенциясы қабылданған шешімдердің орындалуын жеңілдету үшін бірқатар қосалқы тетіктерді пайдаланады. Соның бірі – Халықаралық суды бағалау орталығы (ХСБО). ХСБО – су ресурстарын басқару мәселесі бойынша ғалымдар мен саясаткерлерді бірік­тіру мақсатында құрылған.

Қазақстанда Ұлттық диалог (ССҰД) процесі 2012 жылы басталды. ССҰД қызметін және оған басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трінің шешімімен консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған ведомствоаралық үйлестіру кеңесі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ведомствоаралық үйлес­тіру кеңесінің жұмыс органы (хатшылығы) болып табылады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»м