Еліміздің Ішкі істер министрлігі Маңыстау облысының полиция қызметкерлері биылғы жылдың 19 тамызында «Өзен-Мұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшысының қызы Жансәуле Қарабалаеваны өлтірген деген күдікпен тағы бір адамды қамауға алғанын хабарлады. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 28 қазан күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің сыныптасы ұсталып, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған. Тергеу барысында күдіктінің 19 тамызда кешкісін ішімдік ішіп, жолдасымен бірге «Ниссан-Патрол» көлігінде келе жатып, жолда сыныптасы Қарабалаеваны кезіктіргені анықталады.
Бойжеткен өзін Жаңаөзен қаласына таяу жердегі Теңге ауылына жеткізіп тастауды өтінген. Қыздың өтінішін қош алғандай болып көрінген қос жігіт жас қызды қаланың ескі әуежайы жағына апарып, күштеп зорлаған. Одан кейін аяусыз жасалған қылмыс іздерін жасыру үшін талықсып жатқан жанды арматурамен ұрып өлтірген. Қылмыс құралы темір арматураны базар маңайындағы қоқыс салатын жәшікке тастаған. Ұсталған екінші күдікті де болған оқиғаны тап осылай баяндап берген. Енді қазіргі уақытта қамауға алынғандарға қатысты дәлелдеу базасын нығайту бойынша жедел-тергеу іс-шаралары одан әрі жалғасуда. Сот-биологиялық, геномдық және басқа да сараптамалар тағайындалды.
Бұл қылмыстың ашылуы қиынға соқты. Өйткені, марқұм Ж.Қарабалаева ешкіммен араласпаған, тұйық қыз боп өскен. Сондықтан қылмыскерлердің ізіне түсу оңай болған жоқ, дейді ІІМ баспасөз қызметінің бастығы. Сондай-ақ, осы облыстағы Қарақия ауданындағы «МұнайФилдСервис» ЖШС-нің бұрғылаушысы Тұрбаевты өлтіру қылмысының ашылуы да ІІМ-нің ерекше бақылауында көрінеді.
Тамыз айынан бастап, облысқа ІІМ-нің күшейтілген жедел-тергеу тобы жіберілді. Алайда, көптеген мән-жайлар қылмысты ашуға мүмкіндік бермеді. Тұрбаевты өлтіру оңашада жүзеге асырылған. Осыған байланысты жедел-тергеу тобы кінәлілерді анықтау және дәлелдеу базасын жинақтау бойынша бірқатар жұмыс атқарған. Тек жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бірнеше сараптама өткізгеннен кейін ғана Тұрбаевты өлтірген күдікті ретінде бұрын мұнай-газ өндірісінде жұмыс істеген, 28 жастағы Жаңаөзен қаласының тұрғыны ұсталды.
Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласының тұрғыны 42 жастағы кәсіпкерді өлтіру қылмысын ашты. Оның пышақ салынған мәйіті қазан айының аяғында өзінің жеке дүкенінде табылған болатын. Дүкеннен 1 миллион теңгеге жуық ақша ұрланған. Сонан жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оның кәсіпкерді пайда табу мақсатында өлтіргені анықталды. Ол жәбірленуші қолында бұрын жұмыс істеген және оның кассада осындай көлемде ақшасы бар екенін білген. Кәсіпкердің жолдасы дүкеннен кетуін күтіп, түс кезінде баса-көктей келіп жәбірленушіге пышақ салған. Содан соң кассадан емін-еркін ақшаны алған көрінеді.
Ал Жамбыл облысы полицейлері Қарағанды облысының Ақсу ауылында арнайы іс-шаралар өткізу кезінде іздеуде жүрген Тараз қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол спирт ішімдіктерін бірлесіп ішкеннен кейін туындаған жанжал кесірінен 59 жастағы адамды өлтірген. Жәбірленушінің пышақ салынған мәйіті шілде айының басында Жамбыл облысының Қызыл ауылындағы өз үйінің ауласында табылды. Қылмыс жасағаннан кейін қылмыскер Қарағанды облысында тұратын туыстарына қашып кеткен. Сол жерде оны полиция қызметкерлері қолға түсірді.
Полиция қызметкерлері «Стан-ТВ» порталының түсіру тобына шабуыл жасаған күдіктілерді де анықтап отыр. Ақтау қаласының 36 жастағы тұрғыны Руслан Гасанов қазір іздестірілуде. Полиция күдіктінің байланыстарын зерделей келе, автомашинаның иесін тапты. Автомашина иесі Гасановтың мұны алдап «Toyota Land Cruiser Prado» көлігін иеленіп алғанын хабарлады. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар Гасановтың 25 жастағы сыбайласы анықталды. Күдіктілердің фотосуреттерін көрсеткен кезде жәбірленуші оларды бірден таныған.
Сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Монтайтас ауылындағы мектеп директорының үйіне жеке мүлікті иеленіп алу мақсатында қарақшылық шабуыл жасау қылмысын ашты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті өзінің сыбайластары арқылы жәбірленушінің ауқатты екенін байқаған. Қылмыс жасау мақсатында олар алдын-ала тоқылған бас киімдер мен скотч сатып алған. Ауылға келіп қылмыскерлер жәбірленушінің үйіне кірген. Үй иесі мен оның отбасын ұрып-соғып, байлап тастап, сейфтен алтын бұйымдар мен 9 млн. теңгеден астам ақша ұрлап, «Мерседес» автомашинасымен қашып кеткен. Бірақ алысқа ұзай алмайды. Шымкент қаласына бара жатқан жолда Ордабасы ауданының аумағында олардың көлігі аударылады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмысқа қатысушыларды іздестіріп, ұстау үшін қабылдауда. Жалпы, апта ішінде 3642 қылмыс жасалып, оның 2073-і ашылған. Бұрын жасалған 583 қылмыс, оның ішінде өткен жылғы 10 қылмыс ашылды. 85 қылмыскер табылды, 20 қару тәркіленді. 66 есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі сатудың 33 фактісі анықталды. 316 келіден астам есірткі құралы, оның ішінде 2 келіге жуық героин тәркіленді, дейді ІІМ өкілі.
Александр ТАСБОЛАТОВ.