Күдікті Коlesa.kz сайтына автокөлік бөлшектерін анағұрлым төмен бағамен сату туралы хабарландыру беріп, Қазақстанның тоғыз өңірінен, (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы) қаншама адамдарды алдап соққан.
Қостанайлық полицейлер күдіктінің жеке басын анықтау үшін айтарлықтай үлкен жұмыс атқарды.
– Үстіміздегі жылғы сәуір айында бізге Қостанай облысында интернет желісіндегі Коlesa.kz арқылы алаяқтық жасап жүрген топ бар екендігі туралы ақпарат түсті. Алаяқтық сызбасын жасағандар сайтқа кез келген шетелдік маркалы автокөліктің бөлшектерін сататыны туралы хабарландырулар орналастырады. Олар автокөліктің бөлшектерін өте жақсы білген, тәжірибесі бар, сондықтан тұтынушыларды да сөзіне иландыра біліпті. Олар сатып алушыларға заттың бағасын алдын ала толық төлетіп отырған. Ақша түсісімен хабарландыру алынып тасталады да, сатып алушы олармен байланысқа шыға алмай қалады, – деді Қостанай облысы ІІД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жанар Мұғалова.
Алаяқтар «сұранысты» өздері тұрған Қостанай облысы тұрғындарынан алмауға тырысқан, ал бұл қылмысты ашуды, күдіктілерді анықтауды күрделендіре түскен. Олар есебіне ақшаны түрлі банктер карточкасымен алып, оны Қостанайда қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қостанайдағы банкоматтардан ақша алғанда ерекше сақтықты да ойластырған.
Полицейлер күдіктілерді іздестіру барысында түрлі шараларды жан-жақты қарастырды. Мониторингтер өткізген, Коlesa.kz сайтының қызметкерлерімен тікелей жұмыс істеген, осы сайтта алаяқтар жариялаған 100-ден аса хабарландыру шыққаны белгілі болған. Автокөлік бөлшектерін сатып алу үшін адамдар Қазақстанның әр шалғайынан олардың есебіне түрлі банктер арқылы 50 мыңнан 250 мыңға дейін ақша аударған. Полицейлердің тиянақты жұмыстарының арқасында күдіктінің Қостанай қаласында тұратындығы анықталды, оған тінту жасалғанда бұлтартпайтын айғақтар табылды.
Қостанай облысы Ішкі істер департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Мұхаметқалиевтің айтуынша, ғаламтор алаяғын ұстау, оның тобындағы адамдарды анықтау, қылмысын мойындату оңай болмаған. Алаяқтардан зардап шеккендер саны тек 36 ғана емес, одан да көбеюі ықтимал. Тергеу барысында онымен бірге алаяқтық жасаған тағы бір адам анықталды, ол әзірге кепілмен жүр. Қазір күдікті қамауда отыр, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ