Форумда сөз алған Қайрат Мәми тиісті институттық орта мен заң үстемдігін сақтау Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты іске асырудың іргелі негіздерінің бірі болып табылатындығын атап өтті. Ал бұл тиісті құқықтық қорғау мен меншікке кепілдік берілмейінше мүмкін болмайды. Сондықтан «Атамекен» ҰКП мен сот жүйесі бірігіп, тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру қажет деген Жоғарғы сот төрағасы жоспарланған жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды. Солардың қатарында: сот ақпаратына кең көлемде қол жеткізу және интернет пен әлеуметтік желілерге басымдық бере отырып, тиімді коммуникация орнату. «Қазіргі таңда сот істерін әділ әрі жедел қарастыру жеткіліксіз. Қоғам сот төрелігі шын мәнінде жүзеге асырылатынын, кез келген қылмыс жазасыз қалмайтынын, ал жазықсыз адам ақталатынын білуі керек», деді Қайрат Мәми. Осы орайда соттар ашықтық саясатын ұстана отырып, неғұрлым маңызды қоғамдық мүдделерді көздейтін барлық беделді ұйымдармен сындарлы байланысқа дайын екендігі аталды.
Ал «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бүкіл әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Әр кәсіпкер үшін дау – белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша, ал егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса – онда бұл үлкен шығын, тіпті бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай. Сондықтан «Дауды шешудің соңғы мүмкіндігі – сотқа жүгіну, мұнда бизнестің түбегейлі тағдыры шешіледі. Сондықтан судьялардың әділ әрі объективті жұмысынан бизнес қауымдастықтың күтері көп», деген Тимур Құлыбаев жалпы дауларды шешудегі Ұлттық палата рөлін де атап өтті. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері туралы шағымдарының шамамен 44%-ы оң шешімін табуда.
Форумда Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева да сөз сөйледі. Ол сот төрелігінің тиімділігін арттыру жұмысы, соның ішінде Ұлт жоспары шеңберінде жүзеге асырылған реформалардың қорытындысы туралы мәлімдеді. Кәсіпкерлердің қатысуымен орын алып жатқан ағымдағы сот практикасына, Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларын әзірлеуге, судьялардың заң шығару қызметіне қатысуына, соттардың ақпараттық сервистерін дамытуға және дауларды соттан тыс шешудің тәсілдеріне ерекше көңіл аударылды.
«Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов «кейде шенеуніктер мемлекеттің мүддесін бюджеттің кіріс бөлігін толтырумен байланыстыратындығын» атап өтті. Статистика бойынша сотта қаралатын істердің 20-30%-ы ғана бизнес пайдасына шешіледі екен. «Атамекен» өкілдері кәсіпкерлердің мүдделері бюджет мүддесімен бір қатарда тұруы қажеттігін алға тартады. Ұлттық палата Жоғарғы сотпен бірлесіп орын алатын даулардың себебі мен туындау жағдайын анықтау мақсатында салық және кедендік мәселелер, сатып алу саласы, экология, банкроттық және оңалту, әкімдіктермен және квазимемлекеттік компаниялармен болатын дауларға қатысты жеті салаға талдау жасауды жоспарлап отыр. Осылайша форум соңында бизнесті сотта қорғау бойынша бірлесе атқарылар жұмыстың жол картасына қол қойылды.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»