Жиында мемлекеттік міндеттерді және халықтың өзекті мәселелерін шешуге Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету мен қоғамдық бақылауды күшейту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, қалалық, ауылдық деңгейлердегі және кәсіпорындардағы Кеңестердің жұмыс тәжірибелері қаралған басқосуға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай, ҚХА Төрағасының орынбасары С.Вишняк, Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ҚХА Кеңесінің мүшелері және ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алқалы кеңесте алдымен сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай ел ішіндегі Қоғамдық кеңестердің қызметін оңтайландыру бағытындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Олай дейтін себебіміз, соңғы кездері көптеген азаматтардың арыз-шағымы негізінде қаралатын істердің көрсеткіші көңіл көншітпейді екен.
«Оның салдарын мынадай салыстырмалы деректерден де байқауға болады. Мысалы, Ақмола облысында өткен жылы 168 мәселе аймақтағы Қоғамдық кеңес қызметінің араласуымен шешілген болса, биыл бар болғаны 83 қана іс талқыланған. Мұндай көрсеткіш Ақтөбе облысында өткен жылғы 415-тен 276-ға бір-ақ түскен. Сол сияқты Алматы облысында 540-тан 409-ға, Атырауда 90-нан 55-ке, Солтүстік Қазақстанда 112-ден 99-ға дейін азайып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы көрсеткіштер 634-тен 278-ге дейін күрт төмендеген. Осындай деректерге қарап отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық кеңестердің қызметін жоғары бағалай алмаймыз», деді Д.Мыңбай.
Осылай деген ҚХА Төрағасының орынбасары Қоғамдық кеңестердің араласуы тиіс мәселелерді нақты мысалмен атап көрсетті.
«Мәселен, Президент Әкімшілігіне Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылының тұрғыны аталған елді мекендегі аурухана мен емхананың сақталып қалуын сөз етіп, хат жазған. Өйткені, қайта құрылымдау нәтижесінде аталған медициналық мекеме жабылса, ауыл тұрғындарының қалалық емханаға тіркеліп, сандалуына тура келеді. Ал мемлекеттік органдар тарапынан азаматтарға тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Ақиқатында бұл мәселе аймақтағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің араласып, айналысуы тиіс шаруа еді. Не себептен бұл жайт Кеңес қызметінің назарынан тыс қалған? Жергілікті атқарушы билік пен қалың бұқара арасында дәнекер болуы тиіс Кеңес мүшелерінің мұндай салғырттығын көптеп келтіруге болады», деді Д.Мыңбай.
Алқалы кеңес аясында осындай олқылықтардың алдын алу мен ел кейбір мәселелердің түйінін тарқатудың тетіктері талқыланды. Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» РММ мекемесі арқылы қоғамдық проблемаларды шешудің үш бағытта типтік төлқұжаты әзірленетін болды. Яғни, мәселенің мәні мен қабылданған шешімдер және қол жеткізілген нәтижелер бағытындағы жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ, Ассамблея Хатшылығы өңірлерде атқарылған шаруалар жайлы еркін кесте құру арқылы әр тоқсанды қорытындыламақ.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым болса, қоғамдық мәселелерді оңтайлы шешу жолында медиация тәсілін кеңінен қолдануға басымдық беру қажеттігіне тоқталды.
«Кәсіби қызметтік міндетімізді атқару барысында немесе Қоғамдық кеңес жұмысын жандандыру бағытында осы медиация тәсілі тиімді деп санаймын. Тұрмыс-тіршілікте әр алуан пікір қайшылығы болуы заңдылық. Сол сияқты, түрлі даулы мәселелер де туындап жатады. Осындай кездерде проблеманы ушықтырмай дер кезінде тараптарды татуластыра алсақ, онда бүгінгі қоғамды оңтайлы іске ұйыта алған болар едік. Мейлі, ол отбасы, ошақ қасындағы шешімін табуды қажет ететін ұсақ-түйек түйткілдер болса да, біз оған немқұрайлы қарамауымыз керек», деді Б.Әбдірайым.
Айта кетейік, жиын шеңберінде қатысушылар үшін «ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін жетілдіру» мен «Барлығына арналған медиациялық технологиялар» тренингі ұйымдастырылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»