Бұл соғыстың аяқталғанына да ширек ғасырдан артық уақыт өтсе де, әкелген қайғысы жауынгерлердің қанымен, аналардың көз жасымен тарих беттерінде өзіндік із қалдырды. Ол салтанатты шараға облыс көлемінде жиналған Ауған соғысы ардагерлерінің, сол далада мәңгілік жастығын қалдырған боздақтардың туған-туыстарының жанарлары осыны ұқтырды.
Іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының театрландырылған көрінісінен бастау алды. Қыршынынан қиылған жас өмір, нұралық төрт боздақ жайлы қойылым мен мәңгілік жолға қарап баласын тосқан ана келбетін сомдаған ескерткіш жиналған қауым жанарына жас ұялатты.
Көпшілік алдында аудан әкімі Ниқанбай Омарханов тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы ардагерлеріне, бүгінгі күннің батырларына құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдірді. Ескерткіштің авторы, мүсінші Игорь Баграмов.
Қарағанды қаласының Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Болатұлы да Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін ізгі ілтипатын білдірді.
Салтанатты шараға Ауған соғысы даласында ерлікпен қаза тапқан Николай Плешаковтың анасы Любовь Трофимовна мен Қадырбай Сембаевтың қарындасы Индира Сембаева арнайы шақырылды.
Жиналған көпшілік ескерткішке тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Аудан имамы Құмар Қоныскерей боздақтар рухына құран бағыштады.
Жалпы, Нұра ауданы бойынша 96 өрімдей жас боздақ табиғаты да, тарихы да өзгеше Ауған соғысының жан түршігерлік қиындығының куәгері болып, оқ пен оттың астында Отан алдындағы борышын өтеген.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы