10 Қараша, 2011

Берлускони отставкаға кетпекші

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони ел президентімен әңгімелескеннен кейін өзінің отставкаға кету ниеті бар екенін мәлімдеді. Бірақ ол ел парламенті 2012 жылға арналған эконо­микалық реформалар мен бюджетті бекіткеннен кейін ғана кетпекші. Парламенттік тыңдаулар мен екі құжатты бекіту қараша айының аяғында өтуі тиіс. Бірақ саясаттанушылар қазіргідей жағдайда оппозицияның құжаттардың қаралуын тездетуі мүмкін екендігін атап көрсетуде. ЖАҢА ҮКІМЕТ ҚҰРАМЫ МӘЛІМДЕЛМЕК Грекияның премьер-министрі Георгиос Папандреудің кабинетін алмасты­ратын коалициялық үкіметінің құрамы сәрсенбі күні хабарланады. Премьер-министр республика президентімен кездесу өткізеді, одан кейін президент саяси партиялар басшылығымен кездеседі. Тек содан соң ғана жаңа үкіметтің құрамы хабар­ланады. Премьер орынтағынан үміткерлер ішінде қазіргі парламент спикері Филиппос Пецалникос пен оның алдында болған спикер Апастолос Какламанистің есімдері аталуда. ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ АЛМАЙ ОТЫР БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Палестинаны ұйымға қабылдау мәселесі бойынша ортақ келісімге келе алмай отыр. Ұйымның мәлімдемесінде Палестина автономиясын БҰҰ мүшесі ретінде тану жөніндегі өтінішті қабылдау тура­лы пікірдің 15 мүше елдің арасында түрліше қабылданғаны атап көрсетілген. Мәселен, АҚШ пен оның одақтастары автономия тиісті критерийлерге сәйкес келмейді десе, қата­рында Ресей бар оның оппоненттері Палестинаны мүше­лікке қабылдау мүмкіндігін талап етуде. ЗІЛЗАЛА ТАҒЫ ҚАЙТАЛАНДЫ Түркияның шығысындағы Ван провин­циясында болған жер сілкінісі салдарынан 4 адам зардап шеккен. Зілзала ошағы Түркиядағы ең ірі Ван өзені ауданында болған көрінеді. Жер асты дүмпулерін Ван және Битлис провинция­ларының тұрғындары бірдей сезінген. 5,6 баллды құрайтын жер сілкінісі сәрсенбіге қараған түні орын алған көрінеді. Құтқару қызметі, полиция мен медиктер шұғыл түрде зілзала болған аудан аумағын бақылауға алды. БИЛІК ТҮГЕЛ ЖАҢАРАДЫ Польшада жаңа үкімет пен заң шығарушы билікті құру үдерісі басталды. Елдің премьер-министрі Дональд Туск пен министрлер кабинетінің мүшелері 8 қарашада ел президенті Бронислав Коморовскимен кездескен соң, президент олардың отстав­касын қабылдаған. Сонымен бірге, Коморовски Тускке 22 қарашаға дейін жаңа үкімет құруды тапсырған. Тусктің ай­туынша, жаңа үкімет мүмкін болғанынша тез арада құры­латын болады. Ал 8 қарашада 9 қазан күні сайланған Сеймнің алғашқы отырысы өтті. КЕК ҚАЙТАРУ ОПЕРАЦИЯСЫ Ливияны азат ету армиясының жауынгерлері «17 ақпан батальонының» эмирі Ахмед Альмжириді тұтқынға алды. Ол дарға асылу арқылы өлім жазасына кесілген болатын. Кейбір ақпараттарға қа­рағанда, Альмжири полковник Хатишты азап­тап өлтірген. Үкім Сирт қаласына кіреберісте жүзеге асырылды. Ливияны азат ету армиясының жауынгерлері таяу уақыттарда өздерінің әкесі, көшбасшысы Муамар Каддафи үшін кек қайтару операциясын жүргізе­тіндіктерін мәлімдеуде. НАТО МҮМКІНДІКТЕРІ ҰЛҒАЙТЫЛМАҚ  АҚШ президенті Барак Обама мен НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен альянстың әскери мүмкіндіктерін ұлғайту жөнінен  іс-шаралар өткізу туралы келісімге келді. Екі лидердің пікірінше, блоктың әлеуеті қазіргі уақытта ХХІ ғасыр дайындаған қауіпсіздікке төнетін қатерлерге сәйкес келмейді. Сол сияқты Б.Обама мен А.Ф.Расмуссен Ливиядағы жеті айға созылған әскери операция қорытындыларын да талқылаған. Солтүстік Африкадағы операцияны аяқтаудың сыртында Б.Обама Америка әскерилерінің Ауғанстанда болуын қысқарту тақырыбын да қозғаған көрінеді. ТАҒЫ БІР ПАРТИЯ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ  Оңтүстік Осетия республикасының «Алға, Осетия!» қоғамдық-саяси қозға­лы­сы «Біртұтас Алания» партиясы бо­лып қайта құрылмақшы. Бұл туралы шешім Владикавказда өткен конференцияда қабылданған. Оның жұмы­сына Оңтүстік Осетияның барлық аудан­дарының өкілдері, сол сияқты республикадағы бірқатар партия­лар мен қозғалыстардың делегаттары, солтүстіко­сетиялық парламент депутаттары, Оңтүстік және Солтүстік Осетияның қоғам қайраткерлері қатысқан. Конференцияға қатысушылар республика президенті сайлауы қарсаңында елде орын алған антидемократиялық саясатқа байланысты аса күрделі ахуалдың қалыптасып отырғанын атап көрсеткен. ҒАРЫШ АППАРАТЫНАН АҚАУ ШЫҚТЫ Өткен 15 жыл ішінде алғаш рет Күн жүйесі планетала­рына бағытталған ресейлік ғарыш аппаратынан ақау шықты. 9 қараша күні Ресей мен Украина бірлесіп шығарған «Зенит-2 SБ» зымыран тасымалдағышы Байқоңыр ғарыш айлағы­нан ұшып шыққан болатын. 688 секунд ұшудан соң плане­тааралық  «Фобос-Грунт» стансасы қозғалтқыш блокпен бірге зымыран тасымалдағыштың екінші сатысынан бөлініп, Жер төңірегіндегі тірек орбитасына шыққан еді. Содан бері аппаратпен ешқандай байланыс болмай отыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.