Жастар акцияға «Қуыршақ челлендж » деген ерекше флэшмоб дайындады. Олар өздері манекен секілді тұрып, көпшіліктің көз алдына тұрмыстағы зорлық көрген әйелдің кейпін елестетті. Студенттердің ойлаған ісін жүзеге асыруға «Салауатты өмір салты» орталығының психологтары, Облыстық ішкі істер департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының және Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхананың қызметкерлері көмекке келді. Флэшмоб облыстық кітапханада ұйымдастырылды, студенттер келушілерге, көшедегі жүргіншілерге «Қорғауға қадам жаса» атты буклеттер таратты.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы еліміздің барлық жерінде өтеді. Отбасыларында болып жататын келеңсіз көріністерге төзімсіз қарау үшін күн сайын түрлі шаралар өткіземіз. Колледж студенттері біздің бастаманы қолдап, өздерінің флэшмобын өткізді. Олар ұйымдастырған «Қуыршақ челлендж» бойынша беттерін грим арқылы көкала торғайдай таяқ жеген секілді етіп бояған жастар көшеде келе жатып, бірден жәбір көрген әйелдің түріне еніп, қуыршақтай тас болып тұрып қалады. Мұның барлығы түсіріліп, ғаламтор арқылы таратылады» дейді Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция капитаны Гаухар Хайруллина. Камераға түсірілген флэшмоб «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» деген атпен ғаламторда таратылады. Бұл акцияға, ең бастысы қоғамдағы келеңсіз көрініске жұрт назарын көбірек аударатын болады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай