Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тұрғындары осыдан біраз уақыт бұрын туған жерін құрметтеудің шынайы үлгісін көрсеткен тағылымды істің куәсі болды. Осы ауылда ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған Қабдығали Ахметовтің балалары елді мекен сыртындағы ұзындығы 2 шақырым бейіт аумағын биіктігі 1 жарым метр темір дуалмен қоршап, қабіршілерге шағын үй салып беріпті. Бұл іске 15 миллион теңгеге жуық қаржыларын жұмсапты.
«Көп уақыттан бері сырттамыз. Сыртта жүрсек те ауылды, елді сағынамыз. Былтыр туған мекенге бір келгенімізде ауыл шетіндегі бейіттердің кейбірінің құлап, мал аяғына тапталып, ашық-шашық жатқанын көріп, жүрегіміз ауырды. Біздің атамыз, туған-туыстарымыз, ауылдың талай адамдары осы бейітте жерленген. «Өлі разы болмай тірі байымайды» дегендей, аға-інілермен ақылдаса келе осындай шешімге келдік. Тұғылдан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан мықты азаматтар аз емес. Сол азаматтар туған жерінің, аяулы ауылының бір жыртығын жамауға жәрдемдессе кіндік кескен өлкеміз одан әрі көркея түсер еді», - дейді игі іске мұрындық болған ағайындылар Мейрамбек пен Қайратбек Ахметовтар.
Туған топырақтарынан шалғайда жүрсе де перзенттік парыздарын естен шығармайтын Қабдығали әулеті келешекте ауылдағы мектепке қолдан келген көмегін көрсетпек ниетте.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.