Бірінші болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялыларының қадірменді ақсақалы Мырзатай Жолдасбеков Ақселеу қазақтың маңдайына берген асылдардың бірі еді дей келе, оны азамат ретінде «Егеменнің» ізашары «Социалистік Қазақстан» газеті қалыптастырғанын қадап айтты. Ақселеудей ардақты інісімен 1986 жылы «Жетісу» ансамблін Испанияға апарған сапарда басталған таныстығы Мырзекеңнің Еуразия университетіне ректор болған тұсында әріптестікке жалғасып, одан кейін жұптары жазылмаған ағалы-інілі бауырластыққа ұласады. Ақселеудің әңгімешілдігі, қашанда қазақ үшін күйіп-пісіп жүруі, не істесе де ұлт мүддесін мұрат тұтуы Мырзатай аға әңгімесінен жақсы көрініс тапты. Әсіресе 2004 жылы Ақорданың ашылу салтанаты кезінде Елбасының қалауымен Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлы сынды абыз ағаларымен бірге қазақтың үш биінің жоралғысымен ақ жол тілеген батагөйлердің қатарынан табылуы Ақселеу Сейдімбек өмірінің мерейлі де бақытты шағы деп білуіміз керек.
«Аз жасады, көп жасады демейміз. Артында үлкен мұра қалдырды. Күй өнері мен домбыра туралы Ақселеуден асырып жазған ешкім жоқ. «Қазақтың ауызша тарихы» ұлт қазынасына айналды. Ақселеудің осы бай мұрасын зерттеуді қолға алу керек» деп түйіндеді Мырзекең.
Көрнекті қаламгер Қойшығара Салғараұлы: «Ақселеу сол кеңестік кездің өзінде басқа журналистерден өзгеше, ұлттық мұрат биігіне көтеріліп еді. Далаға деген махаббатпен, көшпелі өмір салтына сағынышпен күн кешті. Басы толған идея болатын, кез келген мәселеге өз ұсынысын айтатын. Қай кітабын алсақ та қазақтың болмысын көрсетеді. Ол жазған «Қазақтың ауызша тарихы» елтанудың, ұлттанудың әліппесі. Осы кітапта бұрын айтылмаған, қолданылмаған қаншама термин бар. Ақселеуге дейін фольклорда күй аңызы деген ұғым мүлде болмаған. Ақселеу Әлкей Марғұланның баласындай болып еді, өзі де сондай даналарымыздың қатарына қосылды» деп тұжырды.
–Ақселеу зерттеушілікке ауыспағанда көрнекті жазушы болар еді, – деп бастады сөзін белгілі жазушы Алдан Смайыл. – Ол этнографиялық әңгімелерге бірінші болып қалам тартты. Ұлт мұраты үшін зерттеушілікке саналы түрде ауысты. Біздің әкейден күй үйреніп, шежіре тыңдайтын. Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген академик Әлкей Марғұланға талай рет атқосшы болып та жүрді. Сөйткен Ақселеу тарихқа, ескі мұраға қызықпай тұра алмады. Қазақтың қара өлеңін қотарған «Мың бір маржан» кітабы да бір керемет. Осында Ақаң қазақта ежелден философия болғандығын дәлелдейді. Айта берсе, қазақтың тағамдарын да алғаш зерттеген Ақселеу. Ал өзі табиғатынан күйші. «Қазақтың күй өнері» – ғаламат кітап. Онда 150-ден астам күйшінің өміртарихы таратылып, ғылыми сипаттамасы беріледі. Ақаңның саяси қайраткерлігі әлі ашылмай жатыр. Ол ұлт тарихы, ұлттық идея хақында көсіліп кеңінен жазған күрескер адам.
Мәжіліс депутаты, мәдениеттанушы қаламгер Сауытбек Абдрахманов 1976 жылы «СҚ»-ға келген Ақселеу Сарыарқаның саф самалын, еркін тынысын ала келгенін айтты. Ақаңның әңгімесін тыңдауға Жүсіпбек Елебеков, Нұрғиса Тілендиев сынды жампоздар редакцияға өздері іздеп келетін болды. Ағамыздан көп нәрсе үйрендік. Адамға деген сенім, құрметі бөлек болатын. Еркін ойлы азамат еді. 1986 жыл оқиғасынан кейін басына бұлт үйірілген кездерін де білеміз. Сонда біраз сирек кітаптары мен жинаған материал, қолжазбаларын Есентай өзеніне басына бәле болып тиетіндіктен ағызып та жіберді. Ақаңды жерлегенде аспанда бір бүркіт айналып ұшып жүрді де, көрінбей кетті. Оның рухы қыран бүркітке айналып, қазақ көгіне шарықтап шықты, деп тәмамдады әңгімесін С.Абдрахманов.
Бұдан соң Перизат Ақселеуқызы ханым әкесінің жарқын бейнесін жылы лебізбен еске алған осындай жүрекжарды жиын өткізгені үшін «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына рахметін айтып, Ақселеу Сейдімбектің жақында шыққан, «Қазақтың ауызша тарихы» бастаған бірнеше кітабын редакция кітапханасына сыйға тартты. Өз кезегінде мейманға басылым басшысы да құрмет көрсетіп, «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен шыққан, Астананы толғаған «Бақорда», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы», Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» кітаптарын сыйлады.
«Егеменнің» журналист қаламгері Сүлеймен Мәмет ұлтқа адал қызмет еткен, құбылыс дәрежесіне көтерілген Ақаңдай аймаңдайлардың ұмытылмайтынын айтып, осы реттегі орайлы ұсыныстарын ортаға салды. Дархан Қыдырәлі алқақотан әңгімені қорыта келе, асыл ағаның туған күні «Алашорда» үкіметінің құрылған күнімен сәйкес келуін жақсы ырымға жорыды, Алаш рухты Ақаңның өзі де азат ойлы азаматтарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосқанын пайымдады. Осындай ұшан-теңіз миссия атқарған адамның рухы жасай беретініне кәміл сенім білдіріп, алда, амандық болса, бас басылымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақселеу Сейдімбектей абзалдың көсемсөз, мақалаларын бір том етіп шығару жоспарланып отырғандығынан хабардар етті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»