12 Желтоқсан, 2017

Билер соты

3092 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Дала өркениеті тарихында Билер сотының құқықтық, саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, рухани-дүниетанымдық, ұлттық-халықтық, философиялық құн­дылықтары айрықша. 

Билер соты

Негізінде, қа­зақтың билік философиясында ұлттық санасы жоғары би-қазылардың төрелік айту мәдениеті мен шарттары халықтық демократия мен халықтық билікке орай­ластырылған-ды. Қазақ халқының салт, ғұрып, дәстүр, құқық, жөн-жоба, дүниетану ерекшеліктері толық сақталған. Басты мақсат – ел бірлігі, жер қорғау, этномәдениет, ата-кәсіп, тәртіп...

Билер соты мейлінше дербес құры­лым болатын. Ұстанымы – әділдік. Сот ісін жүргізуі жария, ашық, таза. Қазылық жасаушылардың кәсіби шеберлігі, ойлау мәдениеті мен парасаты, тәжірибесі, қара қылды қақ жаратын турашылдығы, білімділік-біліктілік өресі жетік, телегей. Ар-ождан, ха­лық атынан тұжырымды, дәлелді сөй­лейді. Шешімталдық қасиет-қабі­летке ие. Яғни, ұлттық-рухани, ізгі­лік қағидаттары, шешендік, дәстүр, сана, мақсаткерлік, интеллектуалдық-шығармашылық қуат көрініс тапқан.

Қазақтың Билер сотының озық жетістіктерін жіті көре білген озат ойлы орыс білімпаздары А.Н.Левшин, В.Григорьев, Л.Ф.Баллюзек, Л.А.Сло­во­хотов тұжырымдары терең ойға қалдырады. Олар билерді Солон мен Ликургке «көктен түскен періштеге», «ха­лық ақиқатының жыршысына» теңейді. Академик С.Зиманов оның клас­сикалық сот жүйесі екендігін ұшан-теңіз айғақтармен дәлелдейді.

Билер санасында ұлт тағдыры – мемлекет, ел тағдыры. «Шешеннің сөзі – дария» (Жанқұтты шешен), «Аталы сөз сүйек балқытады» (Әжібай би). Расында, билердің тарихи орнын, көзқарасын, ұстанымын Томан би (1724-1814) былайша мөлдіретіп жеткізген:

Шешілмей жатқан дауды шешіп айт,

Қиянат жолын кесіп айт,

Қызыл желдей есіп айт,

Ақиқаттың ақ жолына түсіп айт,

Ақиық қырандай, нұрлы аспанды құшып айт.

Сөзің болсын сап алтындай ұстаған,

Әділ билік арың болсын нұсқаған.

Ырық берме, месқарын зорға,

Ел қамын жеген сөзің болсын жорға.

Ұлы Даланың билері тереңдікпен, білімпаздықпен билік-кесім айтқан. Сөйтіп, ел ішіндегі жүгенсіздіктерді кісенсіз, зындансыз, абақтысыз сап тыйған.

Үйсін Төле би, Арғын Тәйтеке би, Ал­шын Әйтеке билердің әділдігін үлгі ете отырып: «Солардай әр таптан Құдай жаратқан билер шықты, ең ақыры кешегі Россияға қараған замандағы Шоң билер болды. Ол қа­зақ­тың ортасынан Құдай жаратқан билері бар заманында бұзақылық жоқ болды, ұрлық, қарлық, өтірік, өсек дәнеме болмады. Талас, тартыс, дәнеме жоқ, халық қандай пейілді болды, «қой үстіне торғай жұмыртқалаған заман болды! Кеше деген Шоң деген кісі тоқты ұрлаған ұрыны тарттырып өлтіртті, төрт қары боз ұрлағанды тарттырып өлтіртті. Жеті ұрыны бір көлдің басында тарттырып өлтіргеннен кейін, сол көл «Ұрының көлі» атанды», деп жазады Мәшһүр Жүсіп.

Билердің сөзінде логикалық тұтас­тық, ой тапқырлығы, жинақы бейнелеу, сыңғыр қаққан күмістей келісім бар. Мәселен, «Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім, Сөзден терең дегенім – оқу-ғылым, Оттан ыстық дегенім – фәни жалған адамның өмірі, Көктен биік дегенім – тәкаппардың көңілі» (Бала би). «Адамның сәні – өнер, білім, ақылы, Жердің сәні – жеміс, өнім, дақылы. Сөздің сәні – өнегелі нақылы, Пікірдің сәні – ойландырар мақұлы!» (Жетес би). «Ел болған соң қоныс керек, Қоныс үшін соғыс керек, Хан болсаң халық керек, Халық үшін салт керек. Би болсаң – даналық керек, Даналық үшін саналық керек. Бай болсаң – шүлеңгерлік керек, Шүлеңгерлік үшін кемеңгерлік керек. Батыр болсаң – білек керек, Білек үшін – жүрек керек. Кедей болсаң – кәсіп керек, Кәсіп үшін – машық керек» (Шеген би). «Ханда ұл болмайды, Биде құл болмайды, Хан – өз елінің ұлы, Би – әділдіктің құлы, Хан өз ұлына тартса, Халқына қадірсіз, Би – қылдан май татса, Билігі әділетсіз» (Қыдырәлі би). Мың қырлы тілдің құпия құбылыстарын қапысыз игерген билердің өнернамасы – қазақ көркем ойының энциклопедиясы іспетті.

Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен даму тарихындағы билер институты – Қазақстанның соттық-құқықтық жүйесін, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін кейінгі заманға жеткізуші һәм жетілдіруші. Билер соты ұлтының тәуелсіздігін қорғау, мемлекет тұтас­тығын сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту жолында өлшеусіз еңбек сіңірді.