10 Қараша, 2011

Мүгедектер мүддесі ескерілсе игі

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қоғам назарын айрықша қажет ететін азаматтар жөнінде айтылса, мүм­кін­дігі шектеулі жандар алдымен ойға ора­ла­тыны рас. Бүгінде Қазақстанда мұндай азаматтардың саны 563 мыңнан асып жы­ғы­лып отыр. Ал сол қамкөңіл жан­дарға мү­сіркей қарағаннан гөрі, олардың қо­ғам­дағы белсенділігін мейлінше арттыру мем­лекетті мазалайтын маңызды мәсе­ле­нің қатарында болуы тиіс. Парламент Се­наты депутаттарының мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкіл­де­рімен кездесуінде талқыланған мәселенің төркіні осыған сайды. Парламенттің жоғары палатасының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің тікелей ұйытқы болуымен ұйымдас­ты­рыл­ған іс-шара аясында «Қазақстан Респуб­ли­касындағы мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» Заңды және Қазақ­стан­дағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру мен құқығын қам­тама­сыз ету жөніндегі ұлттық жоспар жоба­сын жүзеге асыру барысы қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ахан Бижанов жиынды аша келе, мүгедектердің қоғамдық өмірге ара­ласуына жағдай жасап, тең мүмкіндік берудің, әлеуметтік қолдау мен оларды кәсіби тұрғыда қайта бейімдеудің өзіндік жүйесін қалыптастырудың маңыздылы­ғы­на тоқталды. Сенатор еліміздегі 563 мың­нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар ел тұрғындарының жалпы санының 3 пайыздайын құрап отырғанын айта келе, бұл жандарға әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету үшін нормативтік-құқықтық ба­за­ның негізі қаланғанын, бұл заңнама тұрғындардың еңбекке қабілеттілігінен айырылу қаупін алдын алуға, мүмкіндігі шектеулі жанға айналғандарды қолдау мен қорғауды қамтамасыз етуге бағыт­талғанын тілге тиек етті. Былтырғы жылы мемлекет бюджетінен мүгедектерді әлеуметтік қолдауға бө­лінген қаржы 128 миллиард теңгені құ­рапты. Алайда, мемлекет қабылдаған іс-шараларға қарамастан, күні-бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Мә­се­лен, мүгедектерді еңбекке орналас­ты­руда кездесетін қиындықтардан бөлек, олар­дың инфрақұрылымдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар да өз деңгейінде емес. Кездесуде сөз алған Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіхалықова мүгедектерді әлеу­мет­тік қорғау саласында атқарып жатқан жұмыстар туралы депутаттарды хабардар етті. Министр өз сөзінде Қазақстандағы мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жобасы аясында мүге­дек­терді айналадағы ортаға, инфрақұрылым нысандарына, көлік, ақпарат және бай­ла­нысқа, білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қызмет көрсету ісіне бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл күнгі талқылау барысында Құ­ры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы істері агенттігінің басшысы С.Но­кин, Көлік және коммуникация ми­нис­трі­нің орынбасары Р.Скляр, Байланыс жә­не ақпарат министрінің орынбасары С.Сәр­се­нов, Астана қаласы, Ақтөбе және Ақмола облыстары әкімдіктерінің өкілд­е­рі, үкімет­тік емес сектордың активтері сөз сөйледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.