11 Қараша, 2011

«Сенімге» сенуге болады

419 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алтекең бүгінде өзі таңдаған кәсібін «Егемендікпен ілесе келген ырыс» деп бағалайды. Сөзінің жаны бар. Өйткені, тәуелсіз еліміз таңдаған нарықтық экономика, жеке меншік үлесті бағалау деген саясат көптеген адамдар­дың «екінші тынысын» ашты. Талай азамат­тардың ішінде тұншығып жатқан мүмкін­діктерін сыртқа шығарды. Сонау 1990 жыл әлі есте. Кеңес одағының шаңырағы шайқалып, жоспарлы экономика дегеніңіздің быт-шыты шыққан тұста зауыт та, фабрика да қаңырап қалған. Жетпіс жыл бойы «Кеңес өкіметі аштан өлтірмейді» деп «жыр­лап» келген жұмысшылар жетім баланың күйін кешті. Міне, сол кезде санасында сәулесі бар Алтынбек Садырбаев оң жамбасына келетін кәсіпті бастауға бел байлап, «Көмек» деген әдемі атпен фирма ашқан. Бұл олардың тәуелсіз ел рыногындағы тәй-тәйлеген сәбидей алғашқы қадамы еді. Бүгінде фирманың іргесі нығайып, керегесі кеңіп, шаңырағы биіктей түсті. Облыс қана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі құрылыс жұмыстарына белсене атсалысуға әлеуеті жететін алып корпорацияға айналды. Дүниеге жаңадан «Сұңқар-2002» ЖШС мен «Сенім Корпорациясы» ЖШС келді. Бұларды сол баяғы «Көмек» фирмасының ісі мен ізін алға дамытушылар десе де болғандай. Алтынбек Садырбаев басқаратын корпора­цияның тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда жер сілкініп, мекеме ғимараттары мен тұрғын үйлердің құлағаны құлап, құламағаны жарылып, соның салдарынан қарапайым халық қатты зардап шеккен тұста қайта қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстарына алғашқы­лардың бірі болып көмек қолын созған Алтекеңнің корпорациясы болды. Атап айтсақ, оның әмбебап құрылысшылары Тұрар Рысқұ­лов атындағы аудандағы 72 үйді күрделі жөндеуден өткізді. Тараз қаласындағы бұрынғы Комсомол көлін жаңа заманға сай Зербұлақ деп атап, айналасын абаттандыруда атқарған жұ­мыс­тары да талғампаз тараздықтардың ойынан шықты. Көлдің борсып кеткен табанын тазалау, сөйтіп, бірнеше жерден бұрғылы құдықтар қазу, көлдің жағасына құм төсеп, жағажайды өрке­ниетті елдер үлгісіне тән абаттандыру жұ­мыстарына шәк келтірушілер болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Зербұлақ қалалықтардың жазғы демалыс орнына айналды. Облыстық ІІД жедел басқару орталығының құрылысын қолға алған да Алтекең. Тәртіп сақшылары үшін аса маңызды нысанды ол өте аз мерзімде сапалы атқарып шықты. Біреу біліп, біреу білмейтін осы нысандағы басқару орталығы арқылы бүгінде көшелер мен көше қиылыстарындағы автомобильдер қозғалысы бақыланады. Ұрланған автокөліктердің бағыт­тары анықталады. Сондай-ақ, корпорация құры­лысшылары осы департаменттің «Динамо» спорт кешенін де күрделі жөндеуден өткізді. Қызылорда облысының Қармақшы және Жал­ағаш аудандарындағы магистралдық канал­дарды қайта конструкциялау жұмыстарын да атқарды. Шу өзені, Тасөткел мен Теріс-Ащыбұлақ тоғандарының жағалауын бекітіп, нығайту жұмыстарына да қатысты. Айта берсек атқарылған жұмыс, санай берсек пайдалануға берілген нысандар жетерлік. Олардың қатарында облыстық және қалалық жедел медициналық жәрдем, сондай-ақ Шу қалалық ауруханаларының ғимараттарын күрде­лі жөндеуден өткізу жұмыстары да бар. Жақында Талас ауданының Көшек батыр ауылында 150 оқушыға арналған екі қабатты жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Ол үш корпустан тұрады. Онда оқу сыныптарымен бірге спорт зал, асхана, жылыжай және ғимаратты жылытатын қазандық та қарастырылған. Мектеп сыртында футбол, баскетбол алаңдары да бар. Мектеп түгелдей қажетті құрал-жаб­дықтармен және жиһаздармен жабдықталған. Сөздің қысқасы, білім ордасын бастан-аяқ бітірген корпорация ұжымына аудан, облыс басшылары да, ауыл тұрғындары да дән риза. Бүгінде Тараз қаласының солтүстік баты­сынан «Бәйтерек» деп аталатын шағын аудан бой көтеріп, жаңа заманға лайық сәулет өнері­мен салынған әсем үйлер жұрт көңілін өзіне аудара бастады. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала тұрғындарының игілігіне айналатын осы шағын аудандағы құрылыс жұмысына да аталмыш корпорация үлкен үлес қосып отыр. Атап айтсақ, Алтекеңнің құрылыс­шылары осында 70 пәтерлі бір тұрғын үйдің жұмысын аяқтап, енді екіншісіне ауысты. Құрылысшылар қажетті пластикалық есік, терезелерді басқа жақтан сатып алып, корпорация шығынын көбейтпейді. Арзанын іздеп те әуре болмайды. Өйткені, «Арзанның сорпасы таты­мас» дегендей, сапасыз тауарға ұрынуың да мүмкін. Сондықтан құрылыс нысандары үшін аса қажетті материалдардың бір бөлігі корпорация цехында дайындалады. Алдағы уақытта басқа да қажетті материалдарды шығару ойларында бар. Алтекең облыс әкімі бастама ғып көтерген меценаттық істерден де бойын аулақ салмайды. Өткен жылы корпорация Тараз қаласының орталығындағы Қазыбек би көшесіне орналас­қан көп қабатты №49 үйдің тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Яғни, компания құрылыс­шылары біржарым айдың ішінде үйдің аула­сындағы 2700 шаршы метр жерге асфальт төсеп, 970 қума метр бордюр қойса, 276 шаршы метр жерді құнарлы топырақпен тегістеп, жасыл өскін тұқымын септі. Сонымен бірге, аула ортасынан бүлдіршіндерге арналған түрлі әткеншектер мен сырғанақтар пайда болды. Олардың ата-аналары үшін орындықтар қойы­лып, теннис үстелдері орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, №49 үйдің тұрғындарының қуаны­шында шек жоқ еді. Ал аула... балалар мерекесіне айналған. Ол мерекені көріп, халықтың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Қанат Бозым­баев та келді. – Ең бірінші – ел аман болсын! Біздің ісіміз­дің өрге басуы сол айналайын халықтың арқасы. Сондықтан біз де елдің болашағы – балалар үшін қолымыздан келетін жақсылықтан аянбаймыз. Оның үстіне осы игі іске ұйытқы болып, атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалап отырған облыс, қала басшыларына да рахмет, – деген сонда көп қабатты тұрғын үйдің ауласына 12 миллион теңгедей жеке қаржысын жұмсаған компания басшысы. Алтекең Балакүл әжесі туралы: «Түсімде Бесағаш ауылына жол жүріппін. Ол кезде сенің әкең, менің балам Жұмабек ауылдық кеңестің төрағасы. Түсімде тұман болып, адасып кетіппін. Тұман сейілген кезде жан-жағыма қарасам ауылдың ортасында тұрмын. Оң жағымдағы үйдің ауласында бір бәйтерек өсіп тұр екен деймін. Ал оның басында көк ту желбіреп тұр. Ояна сала, Жұмабегімнің үйінде бір ұл дүниеге келеді екен, сол бала бүкіл әулетті асырайды екен» деп түсімді жақсылыққа жорыдым деуші еді» деп үнемі тебірене еске алады. Атасы Садырбай қария Тараз қаласының Ы. Сүлейменов көше­сіндегі ағайынға қамқор, елге сыйлы ақылман шал болыпты. Сол Садырбай шалдың «тентегі» Жұмабек те замандастары арасында беделді болған екен. «Ата көрген оқ жонар» деген, міне, Алтынбек те атасы Садырбай мен әкесі Жұмабек сияқты тектілердің тәрбиесін көргенін танытып, бүгінде «Сенім» корпорациясын басқаратын сенімді тұлғаға айналып отыр. Тәуелсіздік қай салада да таланттардың бағын ашты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз.