«Баршаға мәлім, адам организмінің түрлі органдары мен жүйелерінің зең саңырауқұлағымен зақымдануын микоз деп атайды. Қазіргі таңда микоз инфекцияларының деңгейі жылдан-жылға ұлғайып және оның 400-ден астам микроскопиялық түрі бар екендігі бұрыннан белгілі. Бүгінде әлемдегі халықтың шамамен бесінші бөлігі терінің осы микоз ауруынан зардап шегіп отыр. Бұл инфекциялардың қарқынды өсуінің себебі – патогенді саңырауқұлақтардың белсенділігінің артуына, емдеу барысында осы күнге дейін қолданылып келген шетелдік антибиотиктерге дағдылануына байланысты. Сондай-ақ адам иммунитетінің инфекцияға қарсы тұра алмауының салдарынан бұл аталған аурумен күресу оңайға соқпай отыр», дейді Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, академик Амангелді Құрбанұлы.
Бұл препараттың негізі Қазақстанның топырақтарынан бөлініп алынған микроорганизмдердің штамдарынан жасалған антибиотик. Оның көптеген тұмау, парамиксовирустар, осповакцина мен Раус саркомасы вирустарының көбеюін дер кезінде тежей алатын қабілетке ие екендігі, яғни вирустарға да емдік қасиеттерінің жоғары екендігі анықталды.
Антибиотикті өнеркәсіптік деңгейде шығару үшін жергілікті штамнан селекция жасау арқылы белсенділігі жоғары штамм-продуцентті бөліп алдық. Бұл продуцентті өсіруді көбейту үшін көп қаржы талап етпейтін қолайлы қоректік орта құрамы және антибиотикті тазартудың қарапайым әрі ыңғайлы технологиясы таңдап алынды. Атап айтқанда, бұл антибиотикті үлкен көлемде өндіру үшін тиімділігі өте жоғары және де көп шығынды қажет етпейтін жаңа технология әзірленді. Нәтижесінде, препараттың жаңа отандық дәрілік үлгісі жасалынды, дейді мамандар.
«Розеофунгин-АС» – Қазақстан Республикасындағы медициналық мақсатта қолданылатын алғашқы әрі әзірше жалғыз отандық таза антибиотик.
Осыған орай, Микробиология және вирусология институтының базасында адамның инфекциялық зең ауруларымен күресуі үшін келешекте тиімділігі жоғары жаңа дәрілік препараттардың басқа да түрлерін жасауға бағытталған жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру жоспарланып отыр.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ