Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова 2018 жылғы облыстық бюджет кірістері 208,3 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отырғанын айтты. Оның 22 миллиард теңгесі немесе 12,2 пайызы өзіндік кірістерге тиесілі екен.
Мәселен 20 миллиард теңге өзіндік кірістердің құрылымында салықтық түсімдерді, 1,4 миллиард теңге салықтық емес түсімдерді, ал 500 миллион теңге негізгі каптиалды сатудан түсетін түсімдерді құрайды.
Сессия барысында депутаттар 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын бірауыздан бекітті. Сонымен қатар, жобада әлеуметтік саланың әлеуетін арттыра түсетін жоспарлар да қарастырылыпты. Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Масат Берік 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасында 2018 жылы салынатын білім нысандарына республикалық бюджеттен 2,5 миллиард, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, Тараз қаласынан бой көтеретін 200 орындық онкологиялық диспансер құрылысына республикалық бюджеттен 250 миллион, ал 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік және 6 медициналық пункт құрылысына жергілікті бюджеттен 655,5 миллион теңге бөлу көзделуде екен. Облыстағы 6 спорт нысанының құрылысын аяқтауға 1,2 миллиард, Талас, Сарысу аудандарының бірнеше ауылдарын газдандыруға 2 миллиард теңге бөлінбек. Оның 344,6 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінеді.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы