Сөз бен саз құдіреті қатар қонған тұлғаның тағы бір қасиеті бар, ол – суретшілігі. Тіпті жасы жетпістен асқанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіріп, кәсіби суретші атанған. Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ілия Жақановтың «Сұлулықты жырлаған суреткер» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
– Ілия Жақановтың әндерін бала кезімізден тыңдап, санамызға сіңіріп өстік, – деді көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев. – «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген рас. Біз кейінгі жылдары композиторды суретшілік қырынан да танып келеміз. Әр туындысы керемет бір әуенмен тербеліп тұрғандай әсер қалдырады.
Ілия Жақанов суретші болуды бала кезінен армандапты. «Қарындашпен анам мен әкемнің, ағамның суреттерін салатынмын. Шығармашылық адамы бір жерде тоқырап қалмауы керек. Мен де үнемі ізденісте жүргенді қалаймын. Табиғатпен тілдесемін. Картиналарымның бәрін шабытпен салдым», – дейді өзі.
Көрмеге қылқалам шеберінің 70-ке жуық туындысы қойылды. Қазақтың кең жазира даласын суреттеген «Жерұйық» топтамасы, Жайыққа арналған пейзаждық туындылар, портреттер мен графикалық жұмыстар көрмеге келушілердің көңілдерінен шықты. Шарада композитордың әндері шырқалып, шығармашылығы жайлы бейнефильм де көрсетілді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ