Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2017

Қарағандыда жұмыс шартына наразы шахтерлермен облыс әкімі кездесті

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты сегіз шахтаның қызметкерлері жұмыс шарттарына наразылық білдіріп, компания басшылығына бірқатар талаптар қойды.

Қарағандыда жұмыс шартына наразы шахтерлермен облыс әкімі кездесті

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, барлығы 684 шахтер белсенді наразылық танытты. Облыс әкімдігі мен компания басшылығы жағдайға араласқан соң, әр шахтадан төрт адамнан 32 өкіл шығып келіссөздерге қатысты.

Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 12 желтоқсан күні облыс  әкімі Ерлан Қошановпен кездесу үшін «АрселорМиттал ТМД» компаниясының бас директоры Парамжит Калон Қарағандыға келді.  

«Компания ұсынған шарттардың талқылануы 23:00 уақытында аяқталып, одан соң өңір басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен бірге шахтерлермен кездесуге барды. 00:30 уақытында Ерлан Қошанов «Шахтинская» шахтасына түсіп, екі сағаттық келіссөз жүргізіп, нәтижесінде 59 адам жоғары көтерілді.» - дейді баспасөз қызметі.

Дәл осындай келіссөзден соң, «Тентек» шахтасынан 76 адам жоғары көтерілді. Түнгі сағат үште облысы әкімі «Тентек» шахтасында компания басшылығының, кәсіподақтардың, бригадирлердің қатысуымен шахтерлердің талаптары мен компанияның ұсыныстарын талқылады. Бір сағаттан соң, әкім «Ленин» шахтасына барып, 19 адамды шахтадан алып шықты. Таңғы сағат 06:00 де әкім «Қазақстан» шахтасына барып, кеншілермен кездесті.

Нәтижесінде, желтоқсанның 12-нен 13-не қараған түні 154 шахтер жоғары көтерілді.

Сонымен қатар, баспасөз қызметінің хабарламасында, «Әлеуметтік желілерде Шахтинск аймағында шахтерлердің қамауға алынғаны жайлы хабарламалар таратылуда. Облыстың ішкі істер департаменті Шахтинск аймағында ешкімнің қамауға алынбағанын мәлімдейді. Полиция азаматтардың арандап қалмауын сұрайды» делінген.