Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Қазақстанның сауда сөресі

369 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қалай десек те, «Қорғас» жобасы қайта жандана бастады деуге болады. Осыдан бес жыл бұрын басталған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында (ШЫХО) қозғалыс бар. Екі елге де ортақ, өз өмірі өзіндегі «базар-қала» тұсауын кескенде бұл аймаққа жолы түскендер содан бері үлкен өзгерістер жүргенін біледі. Бірі ілгерілеп, бірі кешеуілдеп бой көтеріп жатқан әрбір ғимараттың, алып кешендердің атқаратын қызметі бар. 2012 жылы осы халықаралық орталық ашылған кезде ол 2018 жылы толық аяқталады деген мәміле болған. Сол уәде үдесінен шықса, 2018 жыл алыс емес...

Қазақстанның сауда сөресі

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Бірден айта кеткен жөн, «Қорғас» халықаралық орталығына тұрмысы бай­ланғандардың барлығы да үлкен өзгерістер күтіп отыр. Өйткені «Қорғасқа» арнаулы экономикалық аймақ мәртебесі берілді, бұл халықаралық орталықтың дамуына үлкен серпін береді деп күтілуде. Осыған байланысты «Қорғас» ШЫХО қыз­метіне қатысты кодекстер мен заңдарға сәйкесінше оншақты түзету енуі тиіс. 
Осы өзгерістер алдында Жаркент қала­сынан 36 шақырым жердегі «Қорғасқа» журналистік сапармен келдік. Соңғы уақытта халықаралық орталықтың «Қазақ­стан жағы құлазып жатыр, Қытай тарабы өркендеп кеткен» дейтін сөздер көбейіп кеткені белгілі. Үлкен тауар айналымы бар жерде заңдарды, кедендік бақылау мен тыйымдарды айналып өтіп, бірден жапырып пайда тапқысы келетіндер табылмай тұрмайды. Кейбірі қағаз жүзінде бол­ғанымен, қазақи нақыштағы келбеті көз тартатын бірқатар құрылыстарда қимыл бар екенін сөзбен емес, көзбен көру үшін де келген бұл сапарымыз өзін өзі ақтады. 
Біріншіден, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталы­ғына басшылыққа келгеніне бір жылдай ғана болған Қаһарман Джазинмен тікелей жүздесіп, нақты істер мен түйт­кіл­ді сауалдарға жауаптар алдық. Құры­лысы біткен және бітпеген нысандарды араладық. 
Оқырман үшін түсінікті болсын, «Қор­ғас­тағы» Қазақстанға тиесілі 460 гектар жердегі сауда-саттық кешендері, қонақ­үйлер мен емдеу-сауықтыру орталығын, Қолөнершілер қалашығын жеке инвестор­лардың қаражатына тұрғызу әу бастан қарастырылған. Егер Қазақстан жағы жобаны еңсеруде кешеуілдеп жатса, оның да өз себептері бар. Өйткені Қ.Джазин біздің ортақ орталыққа мүлде басқа дайындық, бас­қа «стартпен» келгенімізді айтады.
«Қорғасқа арнаулы экономикалық ай­мақ мәртебесінің берілуі қазақстандық бөлікке инвестиция тартуға және кәсіп­керлердің қызметін дамытуға жайлы жағдай туғызады. Алдағы уақытта «Қор­ғас» ШЫХО арнаулы экономикалық айма­ғына қатысушылар салықтың барлық түрінен – жер, мүлік салығы, ұжымдық табыс салығынан босатылады. Бірақ біз әлеуметтік салықтарды төлеу парыз деп ойлаймыз. Өйткені мұнда қызмет істеп жүргендер де, жұмысшылар да, сау­да-саттықпен айналысатындар да мем­лекеттік емханаға бара ма – барады. Мектепте балалары оқи ма – оқиды», дейді «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті.

Қ.Джазиннің айтуынша, Үкімет инвес­тор­ларға барлық сала бойынша нөлдік салықтық жеңілдік жасауды қарас­тырған. Осылайша орталық өз тарапынан әлеуметтік салықтың қалдырылуы туралы ұсыныс жасап отыр. Бұл мемлекеттің әлеуметтік салалардағы жүктемесін жеңілдету үшін қабылданып отырған шара.

Болашақта 10 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Қорғас» ШЫХО-ның елдің әлеуметтік-экономи­калық дамуын жеделдетуде ғана емес, оны орнықтыруда да маңызы зор. Бұған оның ең алдымен әлеуеті зор Қытай нары­ғының сұранысына бағытталуы мүм­кіндік беріп отыр. Егер статистикаға көз жүгіртсек, тауар ұсыну жағынан Еуразиялық экономикалық одақ елдері біріксе де Қытай нарығының көлемімен шендесе алмайтынын аңғаруға болады. Сондықтан басты назар туризм саласы болу керек. Қ.Джазиннің сөзіне қарағанда, көршілес ШҰАР-ға ішкі Қытайдан жылына 65 млн турист келеді екен. Өйт­кені қытайлықтардың 85 пайызының құжа­ты жоқ. Сондықтан онда ішкі туризм қат­ты дамыған. Енді олар Қазақстанға да зор қызығушылық танытып отыр. Осы себепті бұл елдің аса ірі бірнеше ком­пания­­сы «Қорғас» ШЫХО-ға туристік бағыттар ұйымдастырып беруге өтініш жасап отыр. Бұл өтініш инвесторларға жасалатын жеңілдікпен бірге басталатын орталықтың жаңа даму кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанының өзі көңілге үлкен үміт ұялатады.

Кездесу барысында «Қорғас» басшысы халықаралық орталықта қазақстандық бизнестің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек деп есептейтіндігін айтты. Себебі «Қорғас» – Қазақстанның Шығыс қақпасы ғана емес, сауда сөресі. Бұл жерде біз өзіміздің әр саладағы табыстарымызды ғана емес, туристік қызметімізді көр­се­тудің де барлық мүмкіндіктерін қарас­тыруымыз қажет. Өйткені визасыз аймақта екі елдің азаматтары да жеке куәлікпен-ақ емін-еркін қыдырып, сауда-саттықпен айналысып, емделіп, демала алады. Оған қоса 50 гектарды алып жатқан «Happylend Khorgos» құрылысы аяқталса – қызықты көбейтіп, туристерді тартуға ықпал етеді. Бұл да Қазақстанның өз «Диснейленді» сияқты алып жоба.

Осы арада айналып өтпейтін тағы бір мәселе бар. Бұрын мұнда жолы түскендер кедендік бақылау бекеттеріндегі таң атпай басталатын ұзын-сонар кезек, иін-тірескен азапты біледі. Тауар таситындар да бұл қиямет-қайымнан талай рет өткен. Және бұл сүргінді қалта қаққыштар одан бетер сүрліктіріп келген. Сондықтан «Қорғас» басшылығы біраз уақыттан бері әрі-бері қатынайтындарды таңғы 7-00-ден бастап кешкі 19-00-ге дейін өткізе бастаған. Жаңадан ұйымдастырылған туристік топтарға арналған «жасыл дәліздің» де кезекті азайтуға септігі мол екенін көрдік. Келесі жылдың жаз айларынан бастап ШЫХО тәулік бойы жұмыс істеуге көшпек.

Егер өткен жылы күн сайын халықара­лық орталықтан Қазақстан жағынан тәулі­гіне 1800-дей адам өтетін болса, биыл бұл көрсеткіш орта есеппен 5 мың туристке артқан. Жуырда ғана кеденде рекордтық көрсеткіш тіркеліп, бір күнде 6200 адам сапарлап келген. Ал Қытай жағынан күні­не мұнда 12-15 мың адамдай келеді. 

Біздің адамдардың да Қытайдан не таси­тынын тізе беру артық болар, бірақ көршілеріміз де Қазақстанның өнімдерін ықыласпен сатып алады. Олар көбінесе біз­ден азық-түлік, кондитерлік өнім, ұн­нан жасалған өнімдерді көптеп алады. Біздің өнімдерді көршілеріміз жоғары баға­лайды. 

Саясатпен де, үлкен экономиканың ұң­ғыл-шұңғылымен де ісі жоқ қарапайым халыққа керегі осы. Барыс-келіс, алыс-беріс үзілмесе болғаны. Бір кезде екі ел басшыларының бастамасымен қолға алын­ған инвестициялық әріптестіктің сау­да-саттық, туристік, экономикалық ке­шендері көпке қызметін көрсетіп отыр. Салық түрлерінен босатылған, Duty Free үл­гісіндегі аймақта ұтылып отырған еш­кім де жоқ. 

Сол сияқты Алматыдан арнайы барған жур­налистер Чжэньчжоу қаласындағы «Случангэ» Қытай мәдени-туристік орта­лығындағы ашылған медициналық орталықтың ашылуына да ортақтасты. Он­дағылар сүйегіне зақым келген нау­қастарды емдейтін травматологиялық емдеу мекемесі болатындығын, бұл жер­де дәстүрлі қытай медицинасынан бөлек, Қазақстан мен Қытай елдерінің осы саладағы ғылыми жетістіктері мен ізденіс­терін қолдануға мүмкіндік туатындығын айтып отыр. 

Қалай болғанда да, қалтасы таяз, қа­ража­ты санаулы туристер үшін халық­аралық орталықтың пайдасы орасан. Қазір қазақстандық турагенттіктер жолау­шыларды «Қорғасқа» қыдыртып қана қоймай, керек-жарағын түгендеуге, жо­лай Шарын шатқалдарына апарып, Шон­жы­дағы ыстық суға шомылдырып, Же­тісу өңірін шама-шарқынша қамтуға ұмтылуда. 

Осы сапарымызда ТМД елдерінен келген туристерді, іргеміздегі қырғыздарды, ресейліктерді аз кездестірген жоқпыз. Бір қызығы, «Қорғаста» тілмаш табу, сауда-саттық жасау қиын емес. Оның үстіне көршілерімізде қазақ тілін жап-жақсы меңгере бастаған екен.

Қазір Қазақстан жағы қонақүй бизне­сін дамытуға күш салып отыр. 30 күн бойы визасыз сайрандауға болатын халық­­­аралық орталыққа әлемдік брендтер­ көз салып, өз сауда нүктелерін ашуға ұмты­лып жатқаны да жақсылықтың бел­гісі. Ебін тапқан отандық іскерлер үшін «Қорғас» – өте үлкен мүмкіндік. «Қор­ғас» шекара маңы ынтымақтастығы халық­аралық орталығының даму даңғы­лы­на түсетін күндер алыс емес. 

АЛМАТЫ ­­– ЖАРКЕНТ – АЛМАТЫ