– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді орындау мақсатында «Менің мектебім» жобасы аясындағы робот-техника пәніне керекті құрал-жабдықтарды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұстаздары сыйлады. Біз осы оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймардановқа, қамқорлық қолын созған проректор Сәуле Рахметуллинаға алғыс айтамыз. Бұл ауданда тұңғыш орнатылған ғылыми жоба болғандықтан жауапкершілік мол. Бүгінгі таңда адам күшін үнемдеп, арнайы бағдарламалық жүйе арқылы жұмыс жасайтын роботтар еліміздің мектептерінде қолданыла бастады. Мектеп оқушылары арасында ғылыми жобаларға қатысып, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алып жүрген талапты жастар баршылық. Биыл «Үздік шығармашылық топ» байқауында бас жүлдені, «Үздік педагог» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Дүбербаева бас жүлдені жеңіп алса, аудандық «Жыл сынып жетекшісі» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Г.Баймурзина үздік деп танылды. Сондай-ақ ТМД елдерінің командалары қатысқан сайыста біздің оқушылар екінші орынды иеленді. Қытайдың Бейжің қаласында өткен өнер сайысында Нұрбек Назерке бас жүлдені алып, абыройымызды асқақтатты, – деді робот-техника сыныбына жетекшілік жасап жүрген, мектеп директорының әдістемелік-инновациялық істер жөніндегі орынбасары, білім беру саласының үздігі Бақыт Камешова.
Осы орайда шәкірттердің шығармашылық ізденісте табысқа жетуіне зор үлес қосып келе жатқан бір топ ұстаздардың есімін атап өткен орынды болар. Мектеп директоры Қабдысадық Баисинов ұзақ жылдар аудан әкімінің орынбасары, екі мәрте аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Қазір де ұстаздарды ортақ табысқа іскерлікпен жұмылдыруда. Мектеп директорының орынбасарлары Бақыт Камешова мен Еркін Қадыров «Білім беру саласының үздігі» атағына ие болды.
Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, алдағы уақытта да білім ошақтары заманауи робот-техникамен қамтамасыз етілмек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы
Суретте: робот-техника сыныбында
Суретті түсірген автор
Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп
Елімізде білім берудің мазмұны жаңарып, оған жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Ұстазға қойылатын талап та жыл өткен сайын арта түсіп, оқытудың әдіс-тәсілдерін, оны тиімді қолдана білу, үйрету міндеті жүктелуде.
ХХI ғасыр – білім мен оқудың ғасыры. Сондықтан да мұғалімдер қауымынан, оның ішінде тіл мамандарынан жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сапалы білім беріп, тіл мәртебесін көтеру талап етіледі. Осыған орай бүгінгі күн талабына сәйкес барлық пән мұғалімдеріне орта білім беру мазмұнын жаңарту мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курсы жүргізілуде.
Жаңартылған бағдарламаның басты мақсаты – қазақ тілі пәні бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критерийлі бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің шеберлігін шыңдау. Оқушының өз бетімен білімге ие болуы мақсатында оның белсенді іс-әрекетін ұйымдастыруда мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнын, құрылымын білумен қатар, оқу материалдарын қолдануды меңгеруде. Критерийлі бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы білім алушылардың топпен, жеке және жұптасып жұмыс жасауы тиімді екеніне сабақ барысында көз жеткіздік. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральды қағидатпен берілуі. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге арналған. Бұл төрт дағды бір-бірімен тығыз байланысты, сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түсетіні сөзсіз. Қорыта айтқанда, оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қажетіне асыра алуы керек. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп.
Жаңаша ізденіс, жаңа көзқарас жалғасын тауып, ел ертеңі – келешек ұрпақтың білім алудағы жетістікке жету жолында нәтижелі еңбек ете беретінімізге сенімдімін.
Алмагүл Нұрмұханбетова
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы